Аналарға – айрықша құрмет

Аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ Халықаралық әйелдер күні мерекесінде аудан орталығында тұратын, ақжаулықты аналарды шаңырақтарына арнайы барып құттықтады. Сапар кезінде аудандық мәслихаттың хатшысы Аманжол МЫРЗАБЕКОВ аудан басшысымен бірге болды.

Аудан басшысы алғашқы кезекте білім беру саласының ардагері Далапраз ЖҮНІСОВАНЫҢ үйіне барды. Далапраз әжей – 1955-56 оқу жылынан бастап, №1 Ұлытау орта мектебінде 35 жыл бастауыш сынып мұғалімі болған ардақты ана. Бір салада еңбек етіп зейнетке шыққан. «Аға мұғалім», «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі» мәртебелі атақтарының иегері. Тәуелсіз еліміздің біршама марапаттарын алған, 9 бала тәрбиелеп өсіріп, омырауына «Алтын алқа» белгісін таққан, бүгінде немере-шөберелер ортасында отырған асыл әже.

Далапраз Жүнісова аудан басшыларына шынайы пейілмен аналық алғысын білдірді.

Бұдан кейін аудан басшылары ақ халатты абзал жандар қатарында болған Шайжамал ДОСАНОВАНЫҢ шаңырағына барды. Шайжамал Жарасбайқызы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын 1958 жылы бітіріп, аудандық ауруханаға педиатр болып қызметке орналасады. 1983 жылы осы қызметтен зейнеткерлікке шығады. Медицина саласы бойынша әр деңгейлі Алғыс хаттары баршылық. «Еңбек ардагері» және Ұлы Жеңіс мерейтойына арналған медальдарымен марапатталған. Әжей 6 бала өсіріп, 14 немере, 18 шөберенің қызығын көруде.

Мереке күні аудан әкімінің орынбасарлары да аудан орталығындағы ақжаулықты аналардың үйлерін аралап, оларға құрмет көрсетіп, мерекелік сый-сияпаттар жасады.