Аманжол МЫРЗАБЕКОВ, Ұлытау ауданының әкімі: «Əкімнің жұмысы – халықтың көз алдында»

Əдетте, қай өңірдің тұрғындары болса да, əкім ауысқан соң «Жаңадан келген əкім жұмысын неден бастар екен, қай мəселеге ерекше назар аударар екен?» деп өзара əңгімені қоздататыны бар. Ұлытау ауданын басқару тізгінін қолына ауылдың төл перзенті алған кезде де халықтың көкейінде сондай сұрақ болған шығар…

Оқырман қауым ауданның жаңа əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВПЕН арадағы əңгімеден сол сауалдар мен өзге де өзекті мəселелерге қатысты жауаптарды табады.

– Аманжол Батырбекұлы, Сіз бен біздің сұхбатымыз елдегі маңызды саяси науқан – Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының өтуімен тұспа-тұс келіп отыр екен. Елдің белсенділігі жоғары болғаны жайлы ақпаратты ресми жарияланымдардан оқыдық. Өз пайымдауыңызда аудан бойынша сайлау қандай деңгейде өтті?

– Халықтың белсенділігі жоғары болды. Жас та, жасамыс та сайлау учаскелеріне зор ынтамен барып, өз таңдауларын жасады. Несін жасырайық, тұрғындар бұған дейінгі сайлауларда дəл мұндай ықылас таныта қоймап еді…

Сайлау қорытындысында біздің аудан облыс бойынша алдыңғы қатардан көрінді. Дауыс беруге қатысу мəселесінде де, лайықты үміткерді таңдау жағынан да. Сайлаушы ретінде тіркелген аудан халқының 84,55 пайызы дауыс беру учаскелерінен табылып, олардың 97,29 пайызы Қасым-Жомарт Тоқаевты жақтап дауыс берді. Мұны елдің Қасым-Жомарт Кемелұлына деген ерекше құрметі, қолға алған реформаларын қолдауы деп түсіндік. Күні кеше ғана Мемлекет басшысы бұрынғы Жезқазған облысын қайта құрып, оны Ұлытау облысы деп атады. Оның үстіне, Ұлттық Құрылтайдың алғашқы отырысын Ұлт ұясында өткізді. Ұлытау облысын əлеуметтік-экономикалық дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын да еш қысқартусыз бекітті. Оның мерзімінде əрі сапалы орындалуын бақылауда ұстайтынын мəлімдеді. Міне, осыны бағалаған өңір жұртшылығы Мемлекет басшысына селкеусіз сенім артып отыр.

 – Кешенді жоспар жайлы айтып қалдыңыз ғой. Мұның, əрине, Сізге де үлкен міндеттер жүктері анық. Осы ретте аудан аумағында атқарылатын тармақтарына тоқталып өтсеңіз…

– Облыстың əлеуметтікэкономикалық дамуына айтарлықтай серпін беретін кешенді жоспардың қабылдануы – зор қуаныш. Ол арқылы өңірдің тынысы ашылып, өрісі кеңи түседі. Оның Ұлытау ауданына тигізер игі əсері өте мол. Тиісінше, алдағы жылы ауданда біршама жұмыс атқарылады. Аудан орталығында 300 орынға арналған орта білім беретін мектеп құрылысы, 100 орынды балабақша, аудандық орталықтандырылған аурухана, жаңа жүзу бассейні, əлеуметтік осал топтарға арналған 10 тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұдан тысқары, 4 фельдшерлік-акушерлік пункт салынады. Бүгінгі күні Сарысу мен Қаракеңгір ауылдарында құрылыс жұмыстары басталып та кетті. Аудандағы бірнеше ауылдардың автокөлік жолдары жөнделеді. Атап айтар болсақ, Сарысу ауылында 20 шақырым жолды асфальттау, Борсеңгірде 20 шақырым көтерме жолды, Ұлытау-Аманкелді ауылы аралығындағы 10 шақырым жолды уақыт талабына сай жаңғырту жоспарда бар. Қаракеңгір-Алғабас бағытындағы 15 шақырым жолы мен Қарсақбай-Байқоңыр бағытындағы көлік жолы асфальтталады. Сондай-ақ, аудан орталығындағы, кент жəне ауыл ішіндегі көше жолдарына асфальт төселмекші.

Жезді кентіндегі орталық аурухана жаңғыртылу үстінде. Аяқталу мерзімі – 2023 жыл. Биыл ішкі жəне шатырды жөндеу жұмыстары толығымен аяқталады. Жыл соңына дейін сыртқы əрлеу жұмыстары барынша жасалады, ал қалған жұмыстар мен аурухана маңайын абаттандыру – алдағы жылдың еншісінде.

Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы бұқаралық спортты дамыту мақсатында Қарсақбай кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Дəл осындай нысан Жезді кентінде салынуда. Оның құрылыс жұмыстары келесі жылы тиянақталады.

Алдағы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасына орай, Əулиетау баурайында «Рəміздер алаңы» бой көтереді. Бұл жұмыс – облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлының тұрақты бақылауында. Сонымен қатар, туризм саласын дамыту мақсатында облыс əкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы арасындағы меморандумға сəйкес, іргелі компания Əулиетауға көтерілетін баспалдақ орнатып, «Күмісбұлақ», «Тасбұлақ», «Ембұлақ» секілді халық жиі баратын орындарға абаттандыру жұмыстарын жүргізеді.

– Аманжол Батырбекұлы, Ұлт ұясы атанған ауданға əкім болып тағайындалғаныңызға ай жарымдай ғана уақыт өтті. Осы аралықта қандай күрделі мəселелермен бетпе-бет келдіңіз?

– Иə, аудан əкімі қызметіне кіріскеніме аз ғана уақыт болды. Сол себепті, түйткілді мəселелердің түйінін толық тарқаттым деп айта алмаймын. Дегенмен, бастамамыз көңілге қонымды сияқты.

Негізі, біздің ауданның жер көлемі үлкен болғанымен, халқының саны аз. Ауданға қарасты ауылдық округтердің тыныс-тіршілігі қалыптасып, елдің еңсесі көтеріле түскені белгілі. Десек те, шешімін күткен мəселелер де аз емес. Соның бірі де бірегейі – электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету мəселесі. Одан кейінгі күрделі жайт – ауызсу жайы. Үшінші мəселе – жол. Əкім болып қызметке кіріскен күннен бастап, осы мəселелерді шешудің жолдарын қарастырып, оңтайлы мүмкіндіктерді жіберіп алмауға талпыныс жасап жатырмын.

– Өзекті мəселенің бірі де бірегейі ретінде электр қуатымен қамтамасыз етуді атадыңыз ғой. Соны тереңірек тарқатып айтыңызшы…

– Бұл мəселе ауданда қаншама жылдан бері шешімін таппай келеді. Сонау кеңес дəуірінен мұраға қалған бағандар мен желілер толықтай жаңғыртуды қажет етеді. Биылдан бастап, өңірдегі ток желілерін ЖРЭК мекемесі өз иелігіне алуы тиіс еді. Бірақ, құжаттарды рəсімдеу созылып кетті. Оның үстіне өңірдің жаңадан облыс болып құрылуы да көп жұмыстарды кешеуілдетіп отыр. Əйтсе де, бұл мəселе өз шешімін табуы тиіс. Өткен айдың соңында облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы аудан халқымен кездесуінде аталмыш мəселенің толық шешілетінін жеткізді. Оны сол жиынға арнайы шақырумен келіп қатысқан ЖРЭК мекемесінің өкілі де растады. Олар мұны сөзбен ғана емес, нақты істерімен де дəлелдеуде. Мəселен, осы айдың басында табиғаттың тосын мінезінен аудан аумағындағы 11 электр бағаны қисайып, кейбірі құлап қалды. Аманкелді, Шеңбер, Терісаққан ауылдарының халқы жарықтан ада болды. Міне, сол апаттың салдары қысқа мерзімде реттеліп, электр қуатының кешіктірілмей берілуіне ЖРЭК мекемесі жіберген арнайы 3 бригаданың тиімді жұмысы дəнекерлік етті. Келешекте аталмыш компания ауданның ток желілерін өз иелігіне алса, ел электр қуатын пайдалануда қиындық көрмеуі тиіс.

– Ал, ауызсудың қазіргі жайы қалай? Соңғы кездері аудан орталығының тұрғындары ауызсу мəселесіне қатысты өкпереніштерін айтып жүр ғой…

– Аудан орталығында ауызсу мəселесіне қатысты үлкен жоба бар. Бұл жұмыстар негізі 2022-2023 жылдарға жоспарланған. Олар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Аудан орталығында да, ауылдық округтерде де ауызсу құбырларын ауыстыру, арнайы құдықтар орнату жұмыстары биыл ойдағыдай жүргізілді. Бұл бағытта биылға белгіленген жұмыстар толығымен орындалды. Келесі жылы жоспарланған жұмыс қайыра жалғасатын болады. Алайда, кейбір азаматтар «ауызсумен қамтамасыз ету жұмысы толық аяқталмады, орта жолда тоқтатып тастады» деп қисынсыз кінə артуда. Соған орай, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Халықпен кездесулерімде де осы мəселеге арнайы көңіл бөліп, барлық жайды елге байыппен түсіндіріп отырамын.

Елді елеңдеткен тағы бір жайт жоғарыда аталған апатты жағдайға байланысты орын алды.

Табиғи апаттың салдарынан аудан орталығында халықты токпен, ауызсумен қамтуда біршама кідірістерге жол берілді. Аудан орталығындағы Тəуелсіздік, Аманкелді, Иманжан көшелерінде бірнеше күн ауызсу болмады. Апатты жағдайды жолға қоюда ел болып жұмылып, азаматтардың бірлік танытуының арқасында мəселе шешімін тапты. Жалпы аудандағы ауызсу проблемасы келер жылы толығымен ретке келтіріледі деп күтілуде. Бұл жұмыстар – менің тұрақты бақылауымда.

Осы орайда мына бір мəселеге де ерекше тоқтала кеткен жөн. Өзіңізге мəлім, аудандық көпсалалы коммуналдық мекемесі бүгінгі күні жабылу үстінде. Оның орнына аудан əкімдігі жəне жеке кəсіпкер Марғұлан Молдашевтың қолдауымен «АрнаСу» мекемесі құрылды. Аталған мекеме алдағы уақытта ауызсу, кəріз жүйесінің жұмысын жүргізіп, аудан орталығында жаңадан салынған тұрғын үйлерге жылу берумен айналысады.

– Əкімнің жұртқа жағымдылығының басты шарты – олардың сұранысын қанағаттандырып, күнделікті тұрмысына қолайлы жағдай тудыруы, елге мейлінше жақын болуы. Сіз осынау талап биігінен көріне алып жүрсіз бе?

– Мен осы Ұлытауда туып, осы елдің көз алдында өскен азаматпын. Бұған дейінгі қызметтерімде де елдің көз алдында жүрдім. Келешекте де осы елге қызмет етемін деп ойлаймын. Ал, енді қалың қауымның сұранысын қанағаттандыру, халыққа жағдай жасау дегенге келсек, қолдан келер істен аянып қалмасым анық. Ауыл тұрғындары өз мəселесін «арқалап» əуелі аудан əкіміне келетіні – белгілі жайт. Əкім соған сай нəтиже көрсетсе ғана халықтың көзқарасы оң болары сөзсіз. Демек, əкім ауыл халқының қажеттілігі мен мəселесін теңдей ұстап, жүйелі жұмыс істеуі қажет. Сонда ғана, яғни, сөзің мен ісің қабысқанда абырой иесі атанасың…

Сан-салалы жұмыстарды былай қойғанда елдің əлеуметтік əлеуеті менің ойымда ұдайы жүреді. Көмек сұрап келген жандарға демеуші іздеп тапсам да, жəрдемдесуге күш саламын.

Бұл бағытта аудандағы шаруа қожалықтары иелеріне, қалталы азаматтарға айтар алғысым зор. «Мына кісіге ел болып көмектесіп, жағдайын түзеп жіберейік» деген бір ауыз сөзімді жерге тастап жатқаны жоқ. Бір ғана мысал, өткенде аудан орталығында тұратын бір азаматтың шарбағына қаңғыбас иттер түсіп, малдарын тамақтап, жусатып кетіпті. Шаруа қожалықтарының иелері мен кəсіпкер азаматтарға қоңырау шалып, көмектесейік деп едім, бірі қойын, бірі ешкісін алып келді. Қаржы ұсынғандар қатары да аз болмады. Сөйтіп, əлгі азаматтың шығынының орнын толтырып берді. Мүмкіндігі шектеулі, жалғызілікті, аз қамтамасыз етілген адамдарға да осылай көп болып қолдау көрсетіп жатады. «Елде болса, ерінге тиеді» демей ме атам қазақ. Сол елдіктің, бірліктің арқасында аудан халқы бақуатты күн кешіп жатыр.

– Десек те, əлеуметтік желілерден ара-тұра болса да, елдің «бетін бұруды» көздейтін əңгімелерді көзіміз шалып қалады…

– Иə, өкінішке орай, ондай жағдайлар бар енді. Мұндайда дана қазақ «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деген ғой. Əлеуметтік желілерде кейде жекелеген азаматтар эмоцияға беріліп, көңілге қонымсыз сөздер жазып жатады. Блогерлерді жалдап, түймедейді түйедей етіп көрсеткісі келетіндер де бар. Бұл ретте ауылға келін болып түскен нəзікжандылардың ықпалы күштірек болып тұр.

Əрине, елдің пікірін, сынескертпелерін қашанда зерделеп отырамын. Оларды қашан болсын тыңдауға дайынмын. Алайда, айтылар сынның əділ əрі нақты болғаны жөн ғой. Кейде жұмыс істеліп жатса да, шыдамсыздық танытып, əлеуметтік желіні шулатып қоятындар бар. «Жергілікті билік түк тындырып отырған жоқ» деп қисынсыз кінə артып жатады. «Сабырлы болайық», ағайын» деймін мен елге. Өз басым болмашы жайтқа бола ұрыс-керіс туындату – қажетсіз іс деп есептеймін. Біз кез-келген түйткілді мəселені тек ұйымшылдық таныту арқылы ғана еңсере аламыз.

– Аманжол Батырбекұлы, əңгімені түйіндейтін тұсқа да келіп қалған сыңайлымыз. Соңғы сауалды қоймас бұрын ауыл шаруашылығының ахуалы жөнінде айта кетсеңіз дұрыс болар еді. Биылғы жиын-терім, қысқа мал азығын əзірлеу жайы көңілге қонымды ма?

– Ауданның негізгі саласы – ауыл шаруашылығы. Бүгінгі күні аудан бойынша 1 307 шаруа қожалығы жұмыс істейді. 8 асылтұқымды ірі қара малын, 1 асыл тұқымды қой, 1 асыл тұқымды жылқы өсіретін шаруа қожалықтары бар. Жыл санап, мал басы да көбеюде. Үстіміздегі жылдың 9 айында ірі қара – 57 095, қой-ешкі – 138 841, жылқы – 47 996 басқа жетіп отыр.

Егін шаруашылығы бойынша 26,0 мың гектар жерге дəнді-дақылдар егіліп, толықтай орылды. Əр гектерден 9 центнерден өнім түсті. Барлығы 23,4 мың тонна дəнді-дақыл бастырылды. Оның 18,4 мың тоннасы – бидай, 4,9 мың тоннасы – арпа. Мұның сыртында 12 гектар жерге көкөніс егіліп, 180 тонна өнім алынды. Сондай-ақ, 43 гектарға картоп егіліп, 645 тонна өнім жиналды.

Осы ретте, Ұлытау облысының кешенді даму жоспары аясында ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында облыс орталығында ет комбинаты, сүт өңдейтін цехтар ашылуына байланысты инвестициялық жобалар іске қосылмақшы. Бұл біздің аудан аграрлары үшін қуанышты жағдай. Бұған дейін мал өнімдерін өткізетін орын тек жəрмеңкелер мен базарлар ғана еді. Енді өңдеу кəсіпорындары іске қосылса, шаруа қожалықтарының шаруасы да оңға басары сөзсіз.

– Сонымен, соңғы сауал. Күздің соңғы айы да аяқталып келеді. Қыстың қаһары қазірдің өзінде сезілуде. Бұл – коммуналдық сала үшін үлкен сын. Аудан осы сынға қаншалықты əзірлікпен келіп отыр?

– Аудан бойынша 2022- 2023 жылғы қысқы жылу беру маусымында 37 автономды жылу жүйесі жұмыс жасайды. Оларда 79 жылу қазандығы бар. Жылу беру маусымы мерзімінде басталып, жүйелі жүргізілуде. Əлеуметтік-мəдени нысандардың жəне бюджеттік мекемелерге қажетті көмір – 8 165 тонна. Оны тасып-жеткізу жұмысы толықтай тиянақталды. Денсаулық сақтау, білім беру, мəдениет, спорт нысандары сапалы жылумен қамтылып отыр. Аудан орталығындағы Жамбыл жəне Тайжан көшелерінде орналасқан көпқабатты үйлерге де жылу уақытылы берілді.

Əңгімеңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.