Аманжол МЫРЗАБЕКОВ, Ұлытау аудандық мәслихатының хатшысы: «ЕҢ БАСТЫСЫ – ЕЛ СЕНІМІН АҚТАУ»
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауы биылғы жылдың басты саяси оқиғасының бірі болғаны аян. Мәжілістің де, әр деңгейлі мәслихаттардың да құрамы жаңғырып, жасарып, жасақталды. Нәтижесінде көптеген өңірлерде мәслихат хатшылары да өзгерді. Осылайша, жаңаша кейіптегі депутаттар корпусы ел сенімін ақтау жолындағы міндеттеріне кірісіп те кетті. Орайы келген сәтте біз Ұлытау аудандық мәслихатының жаңадан сайланған хатшысы Аманжол МЫРЗАБЕКОВКЕ жолығып, биылғы сайлаудың өзіне тән ерекшеліктері, депутаттар корпусының құрамы, алдағы жұмыс жоспарлары жайлы әңгімелескен едік.
– Аманжол Батырбекұлы, ең әуелі Сізді аудандық мәслихаттың хатшысы лауазымына сайлануыңызбен құттықтап қойсақ…
– Рахмет! Мұны мен елдің, оның ішінде, депутат мандатын иеленген әріптестерімнің өзіме деген үлкен сенімі деп түсінемін. Сондықтан білімім мен білігімді, барлық күш-жігерімді жұрттың қамы, халықтың мүддесі мақсатына жұмсайтын боламын.
– Мемлекет басшысы өзінің сайлау қарсаңындағы үндеуінде бұл жолы Мәжіліс те, мәслихат та көппартиялы болатынын, депутаттар қатарында жастар мен әйелдерге 30 проценттік квота берілетінін айтқан еді. Аудандық мәслихат депутаттары осы үлгіде жасақталғанынан хабарымыз бар. Десек те, депутаттардың жаңғырған құрамы жайлы айтып өтсеңіз…
– Иә, бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан мүлдем басқаша реңде болды. Және ол жоғары бәсекелестік жағдайында өтуімен ерекшеленді. Партияішілік іріктеуге жол ашылды. Үміткерлерге өздерінің қарым-қабілеттерін танытуға, көрсетуге мол мүмкіндік берілді. Бұл, әрине, қоғамның ілгері басуының, халықтың ертеңгі күнге сенімінің нығаюының нақты бір көрінісі іспетті болды. Ең бастысы, Мемлекет басшысының сайлау алдындағы үндеуінде қойылған талаптар мүлтіксіз орындалды деп тұжырымдауға толыққанды негіз бар. Мәселен, аудандық мәслихат депутаты болып сайланғандардың жасы ең үлкені 63-те болса, ең жасы – 25- те. Жаңа құрамдағы 10 депутаттың 4-уі әйел және 1 жас депутатымыз бар. Сонымен қатар, 10 депутаттың 2-уі «Ақ жол» және «Ауыл» партиясынан болса, 8 депутат «Nur Otan» партиясынан өтіп отыр.
– Бұрын аудандық мәслихатта 12 депутат болатын, биыл олардың қатары екі мандатқа кеміп отыр. Неліктен?
– Заңды сұрақ. Бұл өзге де сайлаушыларды ойландырары анық. Өткен шақырылымдарда Ұлытау ауданында 12 депутат болатын, биылғы шақырылымда 2 мандатқа қысқарды. Яғни, депутаттар саны – 10 адам. Ал, оның себебі мынада жатыр. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2020 жылғы 11 қыркүйектегі № 21/323 қаулысына сәйкес, тиісті аудандық және қалалық мәслихаттар депутаттарының санына белгілі бір шектеулер енгізілді. Сол құжатта халық саны он бес мың адамға дейінгі әкімшілік-аумақтық бірліктерде он депутат сайланатыны туралы айтылған. Сонымен қатар әкімшілік-аумақтық бірлік халқының саны статистика саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыратын және іске асыратын уәкілетті органның 2020 жылғы 1 маусымдағы деректеріне сәйкес есепке алынды.
Міне, осы себептен біздің депутаттарымыздың қатары екі адамға азайып отыр.
– Бұған дейінгі шақырылымдардың депутаттары белгілі бір округтерден сайланатын, жұмыс барысында сол округтегі сайлаушыларының алдында есеп беретін. Сайлаушылар да өз депутаттарына өтініш-шағымдарын айтатын. Бұл жұмыс енді қалай жүргізілетін болды?
– Иә, бұл да орынды сұрақ. VII шақырылымдағы депутаттар партиялық тізім бойынша сайланды. Соған орай, олардың жұмыс ауқымы да кеңейді. Өзіңіз айтқандай, бұрынғы шақырылымдардың депутаттары белгілі бір округ, учаске шеңберінде ғана жұмыс істесе, бұл жолғы қалаулылар ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жағдайына қатысты кез келген мәселені көтеретін болады. Тиісінше, кез келген тұрғын мәслихаттың өзі таңдаған, мәселенің түйінін осы тарқата алады-ау деп сенген депутатына келіп, өтініш-шағымын айта алады. Ал, депутаттар өз кезегінде алдын ала бекітілген кесте бойынша сайлаушылар алдында есеп беріп, елді атқарып жатқан жұмыс ауқымымен таныстырып отырады. Бұл кесте аудандық мәслихаттың ресми сайтында жарияланған.
Мұның сыртында депутаттар қойылатын талап күшейді. Олар «мандат иегерімін, енді мені бес жыл бойы ешкім қозғай алмайды» деген ойдан аулақ болуы керек. Егер мәслихат жұмысына толыққанды қосылмаса, сессияларға уақытылы қатыспаса, сайлаушылардың сұраныстарын талап деңгейінде қанағаттандыра алмаса, депутаттық мандатымен мерзімінен бұрын қоштасуы бек мүмкін.
– Осы орайда мынадай бір сұрақ туындап отыр. Праймеризге қатысқан үміткерлердің өздерінің дербес сайлауалды бағдарламалары болды. Кейін олар сайлауға партияның сайлауалды тұғырнамасымен түсті. Депутаттар өздерінің жеке бағдарламаларын қалай жүзеге асырады?
– Бұл жерде ешқандай кедергі жоқ. Мейлі ол партияның тұғырнамасы болсын, мейлі ол депутаттың өзінің сайлауалды бағдарламасы болсын, елдің мүддесін көздеген, халыққа қызмет ететін бағыт болса, онысын жүзеге асыра алады.
Өзіңізге белгілі, жаңа шақырылымдағы Мәжіліс те, мәслихаттар да көппартиялы. Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, аудандық мәслихаттың құрамында «Ауыл» және «Ақ жол» партияларының өкілдері де бар. Олар да өздерінің сайлауалды бағдарламаларын өзгелермен тең құқылы жүргізетін болады.
– Өзге партиялар жайында айтып қалдыңыз ғой. Ендеше осы тұрғыда мына бір сауалды да қоя кеткен жөн секілді. Өзіңізге белгілі, Мемлекет басшысы сайлау қарсаңындағы үндеуінде тұрақты комиссиялардың төрағалары бір партияның өкілі болса, оның орынбасарлары өзге партиялардан болуы тиіс деп еді. Осы үрдіс бізде сақталып отыр ма?
– Әрине. VII шақырылған аудандық мәслихаттың бірінші сессиясында ұйымдастыру мәселелері қаралды. Онда аудандық мәслихаттың 3 тұрақты комиссиясы құрылып, төрағалары сайланды. Мәселен, бюджет пен қаржы, экономикалық реформа мен заңдылық және құқық тәртібі жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып, «Nur Otan» партиялық фракциясынан Мұрат Мәткенов сайланды. Баршаға мәлім, Мұрат Қадырұлы – Қарсақбай металлургия зауытының директоры, Ұлытау аудандық мәслихатының V, VI шақырылымдарының депутаты. Мәслихаттың жұмысын біркісідей білетін азамат. Елдің аманатын абыроймен атқарып келеді.
Ал, халықты әлеуметтік қорғау және әлеуметтік-мәдени саланы дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағалығына «Ұлытау аудандық «Ұлытау» газетінің редакциясы» ЖШС директоры – бас редактор Ахат Құрмансейітов сайланды. Ол да – «Nur Otan» фракциясынан.
Ахат Құрмансейітұлы – кешегі Кеңес заманында комсомол, партия қызметтерін абыроймен атқарған білікті тұлға. Жаңа қоғамдық дәуірде де аудандық, қалалық, облыстық деңгейдегі басшылық қызметтерде болып, мемлекеттік қызметте, баспасөз саласында мол тәжірибе жинақтаған. Өз ісіне жауапкершілігі зор ұстанымы негізінде ел сеніміне ие болған азаматқа жаңадан сайланған депутаттар корпусы үлкен сенім артып отыр.
Аудандық мәслихаттың ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, экология, құрылыс, байланыс, көлік және коммуналдық шаруашылық жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып, «Ауыл» партиясының өкілі, депутат Жарқынбек Бөлендин сайланды. Жарқынбек Теңізбайұлы өзінің еңбек жолын шопандар бригадасында бастап, кейін түрлі басшылық қызметтерде болған. Совхоз директоры, ауыл әкімі қызметтерін мінсіз атқарған. Бұдан бөлек,«ҚазМұнайГаз» компаниясының Қарағанды облысы бойынша филиалы директоры, “Бейнеу-Жезқазған” теміржол құрылысы учаскесінің басшысы, «Базис» компаниясы өкілдігінің директоры болды. Қазіргі уақытта «Бақдаулет» шаруа қожалығы иегері.
Өзіңіз аңғарғандай, мәслихат жұмысына өзге партия өкілі де тең құқылы тартылып отыр. Құрамы көппартиялы аудандық мәслихат, осылайша, “Бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол” шығарып, ұжымдаса жұмыс істейтін болады.
– Ал, онда әңгімеңізді сол бірлесе атқаратын жұмыстарыңызға қарай бұрып, мәслихаттың алдағы жұмыс жоспары жайлы қысқаша айтып өтсеңіз. Күн тәртібінде қандай өзекті мәселелер тұр?
– Жұмыс көп. Соның ішінде басты-бастыларына тоқтала кетейін. Ең негізгісі – аудандық мәслихаттың 2021 жылға бекітілген перспективалық жоспары. Онда мәслихаттың ІV тоқсанға бекітілген 3 тұрақты комиссиясының жұмыс жоспарлары қамтылған. Қысқаша шолып өтетін болсақ бюджеттің орындалысы туралы, әлеуметтік, денсаулық сақтау саласы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы және автомобиль жолдары, жастар саясаты және кәсіпкерлікті дамыту, сонымен қатар, құрылыс нысандары жұмыстарының жүргізілу барысын қадағалау жайы қарастырылған. Алдағы сәуір айынан бастап, депутаттармен бірге ауылдарды аралап, халықпен кездесуді жоспарлап отырмыз.
Қысқасы, әлеуметтік салаға қатысты кез келген мәселе жаңадан сайланған депутаттардың назарында үнемі жүретін болады. Біз үшін ең бастысы – ел сенімін ақтау.
– Әңгімеңізге рахмет! Ісіңізге сәттілік, қызметіңізге жеміс тілейміз.
Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.