«Амал келді, жыл келді!»
Наурыз мейрамы Қаракеңгір ауылында осындай атаумен басталды. Әуелі ауыл жұртшылығы бірбірімен клуб үйінде қауышты. Арқа-жарқа амандасып, «Көрісу күні» дәстүрін атап өтті.
Клубта өткен шарада ауылдық округ әкімі Жалғас Төре ауылдастарын Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтады.
Шара барысында ауылдың ақсақалдары мен ақжаулықты аналары өздерінің ақжарма тілектерін жолдады. Сарқытбек Смағұлов елге бата берсе, клуб қызметкері Жақсыбек Бижігітов баянмен сүйемелдеп, ән шырқалды.
Келесі күні қаракеңгірліктер «Жайлау күнін» атап өтті. Бұл күні ауыл тұрғындары аулаларын тазаласа, мекеме, ұжымдар көшелердегі суағар арықтарды қардан аршып, көктемгі су тасқынының алдын алу шараларын жасады.
Гүлжахан ЗҰЛПЫҚАРОВА,
клуб әдіскері
ҚАРАКЕҢГІР ауылы.