АЛТЫНСЫЗ ОЛИМПИАДА немесе спорт саласын не күтіп тұр?
Иә, биыл еліміздің намысын қорғаған спортшылар Тәуелсіздік алғалы алғаш рет Олимпиада ойындарында алтын медаль ала алмады. Алтын дейміз-ау, тіпті, күмістің өзі арманға айналған жоқ па?! Әйтеуір, 8 спортшы әупірімдеп жүріп қолаға ілікті. Жабырқаған көңілге бұл да жұбаныш екен. Десек те, биылғы сәтсіздік спорт саласына реформа жасап, өзгерістер енгізу қажет екенін көрсетті. Мұны Президент ҚасымЖомарт ТОҚАЕВ та баса айтты. Толығырақ тарқатсақ…
КӨРСЕТКІШ – ТЫМ ТӨМЕН
Токио Олимпиадасына әлемнің 200-ден астам мемлекетінен келген спортшылар қатысты. Жалпы командалық есепте қазақстандық құрама 83-орынды қанағат тұтты. Көш басында – АҚШ, екінші орында – Қытай, үздік үштікте – жарысты ұйымдастырған Жапония.
Биылғы додада 33 спорт түрінен 339 медаль сарапқа салынған екен. Қазақстандықтар 27 спорт түрінен сынға түсті. Елімізде барлығы 97 жолдама болған еді. Алайда, қоржында небәрі 8 қола жүлде ғана бар. Бұл – тым төмен көрсеткіш.
Десек те, еліміздің құрамасы осы Олимпиада ойындары бойынша жасалған тағы бір ерекше рейтингте үздік үштікке кіріпті. Бірақ, ол мақтанарлық көрсеткіш емес. Қандай дейсіз ғой? Айтайық.
Спорт саласындағы ірі ақпарат құралдарының бірі саналатын ISPORT порталы Токио Олимпиадасы бойынша өз рейтингтерін жасаған екен. Онда Қазақстан жарысқа көп спортшы апарған, бірақ мүлдем алтын ала алмаған елдердің үштігіне кіріпті. Яғни, бірінші орында 187 спортшы апарған Аргентина, одан кейін 162 спортшы апарған Мексика елдері орналасса, үшінші сатыда 97 спортшысымен Қазақстан тұр. Ал Dailycoloradonews.com порталының мәліметінше, Ұлттық құрама алтынсыз, күміссіз, 8 қола жеңіп алған алғашқы мемлекет екен. Бұндай жағдай Олимпиада тарихында болмаған.
ПРЕЗИДЕНТ СЫН АЙТТЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Токио Олимпиадасындағы сәтсіздіктен сабақ алу керегін айтты. Сондай-ақ, спорт саласына шұғыл реформалар жасап, бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөлудің маңыздылығын атап өтті. Әсіресе, балалар спорты ерекше бақылауда болуы керек.
«Токиода өткен Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 93 спортшы қатысты. Жеңіске жету жолында бар күш-жігері мен шеберлігін көрсеткен атлеттерге алғысымды білдіремін. Олимпиаданың қола жүлдегерлерін құттықтаймын. Бұл – ұзақ уақыт бойы жүргізген табанды жаттығулардың жақсы нәтижесі. Алайда, 8 қола медаль алып, жалпы командалық есепте 83-орынға табан тіреген Ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қазақстанның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейді.
Ұлттық құраманың Олимпиададағы көрсеткіші спорт секілді аса маңызды салада шұғыл әрі тиімді реформалар жүргізу қажет екенін көрсетті. Бұқаралық және балалар спортын дамытуға көңіл бөліп, сол арқылы әлемдік аренада үлкен табыстарға қол жеткізуге ұмтылу қажет», – деген Президент Токио Олимпиадасынан сабақ алып, Парижде өтетін келесі ойындарда халық үмітін ақтайтындай нәтижеге қол жеткізуді тапсырды.
БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТҚА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ
Жуырда Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен арнайы кеңестің отырысы өтті. Онда бұқаралық және балалар спортын дамыту мәселесі талқыланып, жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар берілді. Яғни, Үкімет Президенттің бұқаралық және балалар спортын дамыту туралы тапсырмасын орындауды бастады.
Ол үшін ең алдымен спорт қолжетімді болуы керек. Үкімет биыл халықтың спортпен шұғылдану көрсеткішін кемінде 35%-ға жеткізуді мақсат тұтып отыр. «Ол үшін әкімдіктерге мемлекеттік спорттық тапсырыс көлемін ұлғайту, қосымша балалар, жасөспірімдер клубтарын, балалар-жеткіншектер спорт клубтарын ашу, мектеп және студенттер спорт лигаларының жұмысын қайта бастау есебінен балаларға арналған тегін спорт секцияларын кеңейту тапсырылды», – делінген арнайы кеңес қорытындысы туралы ресми хабарламада.
Сондай-ақ, еліміздің барлық аймақтарының әкімдері жыл соңына дейін спорт нысандарының материалдық-техникалық деңгейін көтеруге міндеттелді. Салынған құрылыс нысандары қаңырап, бос тұрмай, тиімді пайдаланылуы тиіс. Бұл мәселе де әкімдердің жіті бақылауында болады.
БОКСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА САПЫ ӨЗГЕРЕДІ
Олимпиада ойындарында басқа спорттан кенжелеп қалсақ та, бокстан міндетті түрде алтын мен күміс алатын едік. Биыл екеуі де бұйырмады. Үкілеп апарған спортшыларымыздың біразы іріктеуден өте алмай қалғаны – ащы да болса шындық. Енді келесі сайыста Ұлттық құраманың сапында біршама өзгерістер болмақ. Яғни, боксшылардың біразы командадан кетеді. Бұл туралы құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев мәлімдеді.
«Қазір елімізде бокстың резерві мықты. Олимпиадаға бара алмай қалған жігіттер бар. Олар 2024 жылы өтетін Париж ойындарында жарқырайтын болады. Токиодан кейін құрамадағы спортшылардың біразы кетеді. Жалпы алғанда буын алмасу процесі болады. Осы ретте жастардың тәжірибе жинақтап, келесі төрт жылдыққа жақсы дайындықпен баруына мүмкіндіктері бар. Құлдыраудан кейін әлі-ақ биікке көтерілеміз», — деді бас бапкер.
ТҮЙІН
Әрине, Токиодағы сәтсіздік еңсемізді түсіріп жібергені анық. Десек те, ондай-ондай болып тұрады. Қанша айтқанмен, спортта бап пен бақ қатар шабады емес пе? Биыл біздің спортшыларымызға осының екеуі де жетіспей қалды. Әйтсе де, осы сәтсіздіктер спортшылар мен бапкерлер үшін ащы сабақ болғаны анық. Алдымызда – Париж-2024 Олимпиадасы . Уақыт тым аз. Спортшыларымыз дәл осы додада ел үмітін ақтап, қоржынға алтын мен күміс саларына сенейік.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ