«Алтын Орда мұрасы» атты жылжымалы фото-көрмесі ұйымдастырылды

Жуырда ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігі «Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей-қорығының экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің қызметкерлері «Алтын Орда мұрасы» атты жылжымалы фото-көрмесін ұйымдастыру үшін Қаракеңгір елдімекеніне жол тартты.

Естеріңізге сала кетейік, «Алтын Орда мұрасы» жылжымалы фото-көрмесі «Алтын Орданың тарихи-мəдени мұрасы» атты Халықаралық ғылыми-тəжірибелік конференция шеңберінде көрермен назарына ұсынылған еді. Бұған дейін бұл фото-көрменің онлайн жəне оффлайн түрде де жүргізілгені белгілі. Бұл жолғы мақсат – №4 жалпы білім беретін мектеп оқушыларына Ұлытау аймағында орналасқан Алтын Орда дəуіріне тəн ескерткіштерді дəріптеу, туған жердің тарихына деген қызығушылықтарын одан əрі арттыру болып табылады.

Көрмені экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің басшысы Гүлсұлу Балдуова ашып берді. Ал, Қымбат Мағзұмова аталған мектеп оқушыларын фото-көрмемен таныстырды. Қымбат Талғатбекқызы Жошы хан мазары, Алаша хан мазары, Болған ана мазары, Құлан ана мазары, Алтыншоқы, Едіге тауы, Шотқара қалашығы, Ордабазар қалашығы, Талмас ата мазары, Келінтам мазары жəне Жошы хан мазарының құббасы туралы тың мағлұматтармен бөлісті. Сонымен қатар, Ұлытау өңірінде Алтын Орда дəуіріне тəн отыздан аса ескерткіштер шоғырланғанын жəне түпнұсқа өрнекті кірпіштері «Ұлытау» музей-қорығындағы «Ұлытау əлемі» экспедиция залына қойылғаны жөнінде айтып өтті.

Көрме соңында оқушылар толғандырған сұрақтарына жауап алып, қызықтырған деректер бойынша пікір алмасты. Мектеп ұстаздары алдағы уақытта оқушыларға тың ақпараттармен бөлісер осындай көрмелердің жиі өтуіне тілекші екендіктерін жеткізді. Көрмені 135 көрермен тамашалады.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ