Алпыс үште – ат үстінде
Желдіадырдан бастау алатын Терісаққан өзені биік төбені қақ жарып ағады да екіге айырылып, екі арнамен ағып келіп, қайта түйіседі. Екі бөлінген өзен суы қайыра қосылғанда біраз жерді қамтып, ортасы аралға айналады, яғни шеңбер жасайды. Қыста мал жайылатын шөбі шүйгін, құнарлы жері бар сол аралды ел – «Шеңбер» деп атаған. Сол Шеңбердің балалары кішкентайынан ауылда айнала ағатын өзеннің суына еркін шомылып, шортаны мен алабұғасын, ақбалығын аулап өседі…
Бүгінде «Пайғамбар жасы» дейтін 63 жасқа келіп отырған азамат Қайрат Сұлтанов та осы жолдан өтті. Жалаңаяқ су кешті, ауыл сыртындағы алыс көкжиектерге көз салып, арман мен қиял жетегіне ерді.
Ол қойшының отбасында өсті. Әкесі Әбіш Сұлтанов «Шеңбер» кеңшарына ғана емес, ауданға, тіпті облысқа танымал даңғайыр шопан еді. Сонау елуінші жылдардың басында ұстаған шопан таяғын тоқсаныншы жылдардың ортасында ғана балаларына тапсырды. Онда да шаруадан қол үзбей, жаңа заманмен келген шаруа қожалығына ақылшы, кеңесші болды. Шопандықты серік еткен күннен бастап, Арқа төсін ақтылы қойға толтыруға өзінің сүбелі үлесін қосқан, отардан отар өргізіп, әр жүз аналықтан 120-130-ға дейін қозы алған озат шопанның тәжірибесі сол тұстары балаларына да ауадай қажет еді. Ал, сол шаруашылықтың басында осы Қайрат тұрды.
Жастайынан атқа мініп, кең даланың самал желіне маңдайын төсеп, талай рет жүйріктермен құйғытқан Қайраттың шынында да шаруағы икемі мол еді. Жастайынан әке тәлімін алып, әке өнегесін көкейге тоқып өске ұланға шаруа қожалығын ұршықша иіріп әкету аса қиындық тудырмады да. Оның үстіне, сол заманда мектеп бітірген жастар үшін жазылмаған заң да болды. Ол – он жылдықты бітірген соң бір жыл ауылда қалып еңбек ету. Дәл сол жылы «шұбартаулықтардың» бастамасымен «Шеңбер» кеңшарының жастары да ауылда комсомол-жастар бригадасын құрды.
– 1978 жылы төрт ұл, екі қыз ауылда «Самал» комсомол-жастар шопандар бригадасын құрдық. Жетекшіміз Бәжік Мағзұмов деген кісі болды. Мен комсомол жетекшісімін. Қарауымызда екі отар қой бар. Сегіз жас сол екі отарды қысқа күйлі түсіріп, көктемде отардан отар өргізіп совхозға өткіздік.
Әрине, қазір айтуға оңай. Ал сол кезде жұмыс пен оның жауапкершілігі ерен болды. Бағымдағы малымыз қыста қырылып, көктемде тұралап жатса, абыройымыз айрандай төгілері анық. «Өлімнен – ұят күшті» демей ме дана қазақ. Намысқа тырыстық, – деп еске алады сол бір қызығы мен қиындығы алмағайып түсіп жатқан жылдарды еске алған Қайрат.
Көктемде малды өкіметке өткізген жастар «ух» деп бір тыныстап алды да әрқайсысы өз жүрек қалауымен жоғары оқу орындарына бақтарын сынауға аттанды. Қайрат Сұлтанов Қарағанды политехникалық институтының Жезқазған филиалына оқуға түсті. Бірақ, оны аяқтап шыға алмады. 1981 жылы Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтеуге шақырту алды. Ол кездегі заң солай болатын. Жасың жетті ме, әскерге барасың. Әскерге бармай қалу – елге күлкі болумен бірдей. Дес бергенде денсаулығы да ойдағыдай болған ол социалистік елдер қатарындағы Венгрияға аттанды. Сол елде екі жыл Отан алдындағы борышын ойдағыдай өтеп, туған жеріне оралды.
– Әскерден кейін оқуды жалғастыруға аса зауқым соқпады. Совхоз директорына барып, №4 ферманың шөп бригадасына есепші болып орналастым. Осылайша менің елдегі еңбек жолым басталды. Ол тура 10 жылға созылды. Шөп бригадасында бір жыл еңбек еткен соң мені №1 бөлімшеге меңгеруші етіп ауыстырды. Мұнда негізінен сиыр малы болатын. Мың бас сиырды бағып, сүтін сауып, Ұлытауға әкеліп өткіземіз. Сол фермада мал бордақылау кешенін құрып, мал семіртіп, етке өткіздік. Осылайша тынымсыз тірлік жалғасып жатты, – дейді Қайрат әңгіме арнасын науқаны науқанға ұласып жататын ауыл шаруашылығына қарай бұрып…
Жалпы, Қайрат Әбішұлы мектепте оқып жүргенде-ақ белсенді болыпты. Ол үздік пионер, жалынды комсомол ретінде өз қатарының алдында жүрген. Сондай ұмтылыстың нәтижесі болар, ол өзіне тапсырылған кез келген жұмысты ұршықша үйіріп әкететін. Ферма меңгерушісі болу әркімнің, оның ішінде жас жігіттердің қолынан келе бермейтінін ескерсек, Қайрекеңнің алғырлығын еріксіз мойындайсыз. Ол осы жұмыста жүріп, Талаптағы совхоз-техникумның зооттехникалық бөлімінде оқып, диплом алды. Мал фермасын басқару үшін мұндай мамандық ауадай қажет еді. Ол соны түсінді. Жемісін де көрді. Кім біледі, совхоздар тарамағанда оның фермасы ауданда әлі де алдыңғылардың қатарында жүрер ме еді…
Жиырма бес жастағы жалынды жігіттің ауыл шаруашылығы саласында зоотехник болып еңбек жолын бастап, іске қызу кірісуі кеше ғана сияқты еді. Уақыт шіркін бір орнында тұрмайды ғой. Күн өткен сайын жұмыс істеудің тәсілі де, қоғамдық құрылым да өзгеріп жатады. Шағын ауыл – Шеңбердің де тіршілігі сол көштен қалған жоқ. Яғни, 1995 жылы егемен елдің жаңа жүйесі келіп, кешегі совхоздың жұмысшылары енді өз алдарына жеке шаруа қожалықтарын құра бастады. Сұлтановтар әулеті де мемлекеттен пайға техника, мал алып, өз алдарына бөлек кетті.
– Сол кезде біздің қарамағымызда 200-ден астам қой болды. Оның сыртында өзіміздің сиыр, торпақтарымыз бен бірер үйір қылқұйрығымыз бар еді. Соларды өсіріп, өнімін сатып, жаңаша тіршілік етуге кірістік. Рас, алғашқы жылдары жаңа жұмыс жүйесіне үйрене алмай жүрдік. Сүт, қымыз, ет сату деген мүлдем жат көрінді. Бұрын бірінен-бірі алмасып, ала беретін ел енді сол берген өніміне ақы сұрап тұрғанының өзі қиын еді-ау. Бірақ, күн көру керек. Оған да үйреніп кеттік, – дейді Қайрекең шаруа қожалығының алғашқы жылдары жайлы ағынан жарыла.
Қайрат қашанда жаңашылдыққа, жаңа істерге құштар. Ол кешегі бір өтпелі кезеңде ауылда енді ғана бой көтерген шаруа және фермерлер қозғалысын қолға алып, елдің санасына сіңісе алмай тұрған нарықтық жүйенің қыр-сырын үйренуге көп еңбек сіңірді. Оны жетік меңгеріп те алды.
…Бүгінде аудандық ветеринария станциясының ауылдағы веттехнигі ретінде Қайрат Әбішұлының атқарып отырған жұмыс ауқымы аса көлемді. Ол жеке тұрғындардың үйлері мен шаруа қожалықтарын жиі аралап, мал басын бірдейлендіру, малды егіп-емдеу сияқты жұмыстарды күн құрғатпай атқарады. Айтпақшы ол бұл мамандыққа Қарағанды облысының Абай ауданындағы ауыл шаруашылығы техникумының ветеринария бөлімінде оқып, машықтанды.
Әдетте алпыстан асқан адам үйге қарай бұрылыңқырап, бәйбішесінің қас-қабағына қарап, елеңдеп отырады ғой. Ал Қайрекең болса әлі сол бәз-баяғы қалпы, елдің қажетін өтеп, шапқылап жүре береді. Әрине, оның бұл еңбегі де ескерілмей қалған емес. Ең бастысы – ауылдастарының алғысы.
…Бала кезіңде өзің өскен ауылдың әр төбесінен биік бірдеңе бар екен деп ойламайсың. Сол төбелерге қарап бой түзейсің, алға ұмтыласың. Қайрат үшін де Шеңбердің әр түп жусанының исі бөлек, Терісаққан мен Қараторғайдың суынан қастерлі ештеңе жоқ. Әлі күнге дейін малды ауылдарды аралаған кезде сол жоталарға көз салып, жүрегінің лүпілдей соғатынын сезеді. Бұл – ауылының түтінінің түзу шығып жатқанын сезінген жүрек қуанышы. Қазір сол өзі туып-өскен ауылдың байырғы тұрғындары ел қатарлы тіршіліктерін жасап жатыр. Қайрат соған қуанады, мүмкіндігіне қарай, өз көмегін жасап та қояды.
Міне, Қайрат Әбішұлы алпыс үш деген киелі жасқа келіп отыр. Әлі де ат үстінде. Бүгінде ол – халыққа еңбегімен танылған еңсесі биік тұлға, елдік істердің жаршысы, жақсылықтардың жақтаушысы.
Ал, соңынан ерген іні-қарындастарын, тілегі бір бауырларын, тұтас ауылдастарын ат үстіндегі азаматтың тізгінді бекем ұстауы қуантады.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.