Алпыс үш жас — таланттының тал түсі  

Ұлтымыздың ұлан-байтақ даласы, жұртымыздың құтты мешітханасы, халқымыздың қазыналы қара шаңырағы, қасиетті де киелі Ұлытаудан талай ұлы тұлғалар шыққан. Солардың ізін басып, ісін жалғастырып, талантымен танылып, халықтың сый-құрметіне бөленіп жүрген азаматтарымыздың бірі – Ізтай Белгібайұлы.

Ізтай Сарыарқаның сауырында, ұлт ұясы – Ұлытаудың бауырында, Аманкелді атындағы ауылында 1962 жылы қараша айында дүниеге келген. Ол Жезді орта мектебінде оқып, он жылдық білім алып шығады. Ізтайдың таланты сол мектепте оқып жүрген кезден-ақ көріне бастады. Оның талантының ұшталып, қанатының қатаюына мектеп мұғалімдері де үлкен еңбек сіңірді.

Ізтай сол мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ журналист болуды армандаған. Газет-журналдарды, кітаптарды көп оқитын. Аудандық «Ұлытау өңірі» газетіне мақалалар жіберіп тұратын.

Ол кезде аудандық газетте жоғары білімді қызметкерлер жоқ болатын. Бірақ әдеби қызметкерлердің журналистік жоғары білімі болмаса да, талантты жастар еді. Солардың қатарына 1980 жылы Ізтай Белгібайұлы келіп қосылды. «Тұлпар тұлғасымен емес, бәйгеден озып келген шабысымен көрінеді» дегендей, Ізтай талантымен, адамгершілік қасиетімен, іскерлігімен көпшіліктің көзіне түсті.

Ол өзінің ұлтымыздың асыл қасиеттерін бойына сіңірген, жанды жатырқамайтын, ақжарқын ашық мінезімен, тамаша талантымен халыққа танылды. Оның шабыты жыл сайын арта түсті. Ол тек аудандық газетке ғана емес, облыстық «Сарыарқа», қалалық «Мысты өңір», Сәтбаев қаласынан шығатын «Шарайна» газеттерінде көлемді мақалалары үзбей жарияланып тұрды.

Сөйтіп, ол Сарыарқа газетіне тілші болып біршама уақыт жұмыс істеп, «Шарайна» газетіне қызметке ауысып, онда жауапты хатшы, одан кейін сол газеттің бас редакторы қызметтерін атқарды.

Ізтай қайда істесе де өзінің ұшқан ұясы – «Ұлытау өңірі» газетінен бір сәтте қол үзген емес. Күні бүгінге дейін «Ұлытау» газетінің әр санында көлемді материалдары жарияланып тұрады. Бүгінде Ізтай аймаққа белгілі дарынды, белді де беделді журналист болды.

Оның баспасөз саласында жемісті еңбек етіп келе жатқанына қырық бес жыл болыпты. Ол міне, 63 жасқа келіп отыр. Ауылдастары біздің Ізтай деп мақтан етеді.

Азаматқа 63 жас деген қарттық емес, ол – таланттыға тал түс.

Өміріңе сенің қанықпын,
Демеген істен жалықтым.
Еңбегің сіңген еліңе,
Адал ұлысың халықтың.

Талантыңмен тамаша,
Өзіңді елге таныттың.
Тарасын елге есімің,
Ұрпақтың тербеп бесігін.

Қосағыңмен қоса ағарып,
Жүздің де аш есігін.
Құдай берген өзіңе,
Ортаймасын ырыс–несібе.

Туып-өстің Сарыарқа сауырында,
Қасиетті қарт Ұлытау бауырында.
Аманкелді атаңның ауылында,
Азаматқа 63 – қарттық емес.

Сен сияқты талантты тау ұлына,
Сенің әлі халқыңа берерің көп,
Қасиетті халқыңа, қауымыңа.

Иә, сенен ел әлі де талай тамаша туындылар күтеді. Алла өміріңді ұзақ етіп, елің күткен туындыларды беруге жазсын.

Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы,
Қазақстанның Құрметті журналисі.