Алматыда сайлау күні 54 инватакси қызмет етеді
Алматыда сайлау күні 54 инватакси қызмет етеді. Бұл туралы ел президентінің кезектен тыс сайлауына дайындық аясында ҚР Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің қатысуымен өткен көшпелі семинар-кеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ОСК сайтына сілтеме жасап.
Алматы қаласы аппараты басшысының орынбасары К. Сухамбековтың ақпараты бойынша сайлау күні қалада 600 учаске жұмыс істейді. Сайлаушылар тізіміне 1 млн 170 мыңнан астам азамат енгізілген. «1315» бірыңғай нөмірі бар қалалық Сall-орталығы іске қосылды. Алматы қаласы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдау сайтында сайлаушылар тізімінде өзін тексеруге мүмкіндік беретін сервис әзірленді. Ұқсас қызмет @almaty_sailau2022_bot Telegram bot арқылы іске қосылды. Бүгінгі таңда 70 мыңнан астам адам сайлаушылар тізімінде өздерін тексерді.
Алматы қаласында сайлау құқығы бар мүмкіндігі шектеулі 43 000-нан астам адам тұрады, дауыс беру кезінде ерекше жағдайлар 6 209 адамға қажет. Барлық сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімділік қамтамасыз етілген. Барлық сайлау учаскелері бірінші қабаттарда орналасқан, пандустар мен тактильді көрсеткіштер бар. Бұдан басқа, сайлау учаскелерінде жасырын дауыс беруге арналған арнайы кабиналар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бейімделген форматта мониторы бар компьютерлер көзделген. Сондай-ақ, дауыс беру күні 54 инватакси тартылады.