Алаяқтық азаймай тұр

Бүгінгі күні əлемде, сонымен қатар біздің елімізде кең таралған қылмыстардың бірі – ол алаяқтық. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 1-бөлігінде алаяқтық қылмысының түсінігі келесідей берілген. Алаяқтық – бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену.

Қарапайым сөзбен айтқанда, алаяқтық-алдау жəне сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау болып табылады. Аталған бап 4 бөліктен тұрады, соған байланысты алаяқтық үшін жаза түрлері де күшейтілген. Егерде кінəлі адам алаяқтық жасаған болса, яғни ҚК-тің 190-бабының 1-бөлігінде көрсетілген əрекеттерді жасаса ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алаяқтықтың адамдар тобында алдын ала сөз байласуымен, адам өз қызмет бабын пайдалана отырып, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен, мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық үшін аталған баптың 2-бөлігіне сай 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Алаяқтықтың ауыр түрлері осы баптың 3-4-бөліктерінде көрсетілген. Егер алаяқтың ірі мөлшерде, яғни 1 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аса жасалса, алаяқтықты мемлекеттiк функцияларды орындауға уəкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаса, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса, екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалса немесе алаяқтық бірнеше рет жасалған жағдайда, аталған баптың 3-бөлігінде 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Қылмыстық топ жасаған немесе аса iрi мөлшерде, яғни айлық есептік көрсеткіштің 4000 есе мөлшерінен асатын алаяқтық жасалса, ол үшін сол баптың 4-бөлігінде 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Барлық жағдайда да қосымша жаза ретінде кінəлінің мүлкін тəркілеу жазасы қолданылады. Елімізде ең кең таралып жатқан алаяқтық қылмысы – ол интернет арқылы жасалатын алаяқтық. Күнделікті өмірде əр азамат интернет ресурстарын кеңінен пайдаланады. Осының нəтижесінде интернеттегі алаяқтық деп аталатын қылмыстардың саны өсіп келеді. Интернет-алаяқтық қылмыскері компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап-арбап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді түрлі қылмыстық ісəрекеттер жасайды. Мемлекет тарапынан аталмыш қылмыс түрімен күресу мақсатында түрлі ізін кесу жолдары ойластырылуда. Алайда алаяқтық қылмыстарының саны азаяр емес. Сол себепті əр азамат өзін алаяқтық қылмысының құрбанына айналдырмас үшін мұқият болып, өзі туралы деректерді бөтен адамдарға жариялаудан бас тартуы, сонымен қатар əлеуметтік желіде сатып алу, сату қызметтерін пайдалануда сақ болуы тиіс. Көбіне алаяқтар əлеуметтік желілерге жалған хабарландырулар орналастыруы мүмкін немесе өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, бөтен біреудің атынан онлайн-несие рəсімдеуі мүмкін. Осы орайда алаяқтық қылмыстарынан сақтанудың бірден-бір жолы əр адамның құқықтық сауаттылығын арттыруы деп ойлаймын.

Қайрат ЖƏКЕНОВ,
Ұлытау ауданының полиция бөлімі, Ұлытау ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы.