АЛАШАХАН КЕСЕНЕСІНІҢ ҚҰПИЯСЫ
Алашахан мазары «Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей-қорығына қарасты сəулетті ескерткіштердің бірі болып табылады. Мазар Ұлытау облысына қарасты Сатбаев қаласынан солтүстік-шығысына қарай 60 шақырым қашықтықта Сарыкеңгір өзеніне жақын биік жотаның үстінде орналасқан. Бұл күмбезді сонау оғыз-қыпшақтардың дəуіріндегі сəулет өнерінің қатарына қосуға болады. Ол шамамен X-XIII ғасырлар аралығын қамтиды. Десек те, ғалымдардың пікірі екіге жарылатынын аңғаруға болады.
Себебі, кейбірі оны XV ғасырға жатқызады. Зерттеушілер арасындағы пікірталасқа күмбездің уақыт көрсеткішіне шыдас бермей тозған жерлері мен қалған ескерткіштерге ұқсамайтын сəулетті ерекшелігі, алдыңғы қаспетінің сəндік тақта кірпіштерінің өрнегі шығыстық стилде өрнектелгені дəлел. Негізі Алашахан күмбезінің баяғы қалпын Қарахан əулеті заманында болған сəулет үлгілерінің Салжұқ деп аталатын өнер түрімен байланыстыруға болады. Алашахан мазарына ұқсас салынған күмбездер Түркіменстан елінде көптеп кeздeсeді. Сол секілді, еліміздегі Aйшa бибi, Қожa Ахмeт Яссауидің ескерткіштерімен де салыстыруға келеді.
Бұл мазар аңыз бойынша, Алашаханның құрметіне салынған екен. Алашахан есімі қазақтың үш жүзінің пайда болуымен тікелей байланысты.Шоқан Уəлихановтың жазбасында, Түркістанның бір ханы (Қызыл Арслан) баласы ала болып туылғандықтан, оны ұнатпай, «Алаша» деген ат беріп, Сыр бойынан Арқа жеріне апартып тастайды. Ержеткен Алашаның қасына жігіттер жиналып, елде беделі асады. Алаша білімпаз, кемеңгер кісі болғандықтан, алашаға салып, хан көтереді. Алаша хан, бір жағынан, алты Алаштың ортақ ата-тегі, екінші жағынан, исі қазақтың ата-бабасының тұлғаланған атауы. Кейбір ғалымдардың пікірінше бұл мазарда Хақназар хан жерленген болуы керек.
Күмбезге кіреберіс сол жақ бұрышта баспалдақта тар қуыс бар. Сол арқылы жоғары көтеріліп барып, күмбездік айналма екінші қабатқа (барабан галереясы), одан портал аркасының желке тұсынан кесене үстіне шығуға болады. Жарық кесенеге қабырғада орнатылған терезелер арқылы түседі. Портал мен күмбездің шыны сырлы қаптама жұқа өрнектерінен еш нəрсе қалмаған. Алашахан күмбезінің əр түсті жəне əр көлемді кірпіштерді қиюластыра қалау арқылы геометриялық бейне жасап, күмбездің барлық беттерін масаты кілемнің түріне ұқсатып өрнектеуі Ұлытау өңіріндегі кейінгі бой көтерген Айранбай, Дүзен, Ерден мазарларына үлгі болған. Алашахан күмбезі порталды-күмбезді сəулет өнері үлгісіне жатады. Аумағы 9,73х11,9 метр. Биіктігі 10 метр. Кесененің төңірегі қалың қорым, əр ғасырға тəн бейіттер орналасқан. Құрылыс үстінен биіктігі екі жарым метрге жуық барабан күмбез мойындығы салынып, одан күмбез шығарылған. Барабан сатыланып кішірейе түсетін төрт белдеуден тұрады. Көп қырлы жəне цилиндр тəрізді етіп жасалынған бұл белдеудің диаметрі 743,673,643 см. Кіреберіс қақпа-портал аркасы мен екі жақ ұстанды мұнаралық бөліктерінің биіктігі қандай болғандығы белгісіз. Олардың күмбез барабандары басталатын тұстан жоғары жағы жойылып кеткен. Алашахан мазарының глазурленген кірпіштері, ағаш бөлшектері түпнұсқалары музейіміздің «Ұлытау əлемі» залдарына көрмеге қойылды. Қазіргі уақытта Алашахан күмбезі республикалық дəрежедегі маңызы зор сəулетті ескерткіш ретінде мемлекет қорғауында.
Қымбат МАҒЗҰМОВА,
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей-қорығының экскурсия жетекшісі.