ҒАЛАМТОРДАҒЫ АЛАЯҚТЫҚ Олардан сақтану үшін не істеу керек?

Былтырғы жылмен салыстырғанда Ұлытау облысында ағымдағы жылы алаяқтық қылмыстардың көбейгендігі байқалады, қазіргі күні алаяқтық қылмыстардың біраз бөлігі ғаламтор арқылы жасалады. Ғылыми тілде мұны «Ақпараттық жүйені пайдаланып жасалатын алаяқтық» деп атайды.

Бүгінде халықтың көбі, əсіресе оң-солын танып үлгермеген жастар интернетке жіпсіз байланғанын ескерсек, алаяқтардың да сол ауылды торуылдайтыны түсінікті жайт.
Алаяқтық деген не, түрлері қандай, олардан қалай сақтанамыз деген сұрақтарға жауап іздейтін болсақ, келесідей түсінік беруге болады.
Алаяқтық дегеніміз – бағзы заманнан бері адамзат баласымен бірге жасап келе жатқан қылмыстардың түрі. Ол қоғамның жағдайына байланысты түрленіп, дамып, жаңа сипатта көрініс беріп жатады. Соған орай, алаяқтықтың бүгінгі таңдағы жаңа бір сипаты – ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты өмірге келген интернет-алаяқтық болып отыр жəне оның түрлері де күн өткен сайын кең таралып, көбейіп келеді.
Интернет-алаяқтық деп – ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемденуді айтамыз.
Ғаламторды торуылдайтын алаяқтар дəстүрлі алдау қағидаларын ұстанғанымен, олардың ерекше сипаттары да бар. Мəселен, олар интернетті пайдаланатындықтан, халықаралық деңгейде таралуымен ерекшеленеді.
Яғни, бір қалада немесе елде отырып, екінші қаладағы адамдарды алдап-арбай беретін шекара талғамау сипаты бар.
Осы орайда ақпараттық жүйелерді пайдаланып алаяқтық жасайтындарға алданып қалмау үшін не істеу керек деген сұрақ туындайды.
Интернет алаяқтықтың бір түрі интернет-дүкендер арқылы болады.
Əрине, интернетте керемет тауарлардың жарнамаланып жатқанын көргенде, қай-қайсымыз да оны сатып алуға құлшынамыз. Мұндай жағдайда, ең біріншіден, сол тауар алатын сайт қандай сайт, жалған емес пе, соны анықтауға тырысуымыз керек. Оның мекенжайы, телефондары бар ма, соған қараймыз. Егер болып жатса, оған хабарласып, сатушысымен сөйлесуіміз қажет. Осы сайтта бұл тауарды бұрын алған адамдардың пікірлері бар ма, олар не дейді, осыған да назар аударған артық болмайды. Осындай жан-жақты ақпараттарды анықтап алғаннан кейін ғана ақшаны төлеуімізге болады.
Ал, жалған интернет-дүкендерге алданып қалып жатқандардың көбі «дүкеннің» егжей-тегжейін қарап тексеріп жатпай-ақ, сайтта көрсетілген шотқа ақшаны жібере салады.
Осы жерде тағы айта кететін маңызды нəрсе – əрбір интернетке қосылған компьютерде, планшетте вирусқа қарсы бағдарламалар міндетті түрде болғаны дұрыс. Өйткені, ол сізге қажетсіз, күмəнді, сіздің бағдарламаларыңызға тікелей зиян келтіретін бөтен файлдарды тез анықтап, бəрін өзі-ақ жойып отырады немесе сізден сұрап отырады.
Одан кейін естеріңізге сала кетейік, банктер болсын, құқық қорғау орындары болсын, еш уақытта сізге телефонмен хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мəліметтерді сұрамайды.
Тіптен, қажет болған жағдайда, банк қызметкері сізге хабарласып, бар мəселені нақтылау үшін «біздің кез келген бөлімшемізге келіп кетіңіз» деп өтінуі мүмкін. Өйткені, телефон арқылы ондай мəселелер шешілмейді. Осыны ұмытпайық.
Жоғарыда аталғандар аудан тұрғындары үшін маңызды ақпарат жəне кəдеге жарайды деп сенеміз.

Ұлытау ауданының прокуратурасы.