ҚАЛА АЖАРЫ АУЛАДАН БАЙҚАЛАДЫ
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жезқазған қаласында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын қадағалады. Өңір басшысы аралау жұмыстарын Пушкин көшесі 17 үйдің ауласынан бастады. Аталған орын бүгінде ойын алаңын қажет етіп-ақ тұр. Ауланы қараған облыс әкімі қала әкімдігіне ойын алаңы болуы тиіс орынды дайындап, мәселені шешуді тапсырды.
Одан бөлек Гоголь, Асылбеков көшелерінің аулаларында жаңадан салынған ойын алаңдары да облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Жауапты мердігер ұйым — «Жезқазғанавтотранссигнал» ЖШС қалада жалпы саны төрт ойын алаңын салып бітірген, тағы үшеуінің негізін орнатуда.
Жалпы биыл Жезқазған қаласы бойынша 70 ойын алаңы қолданысқа берілуі тиіс. Бұл ретте облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы қалада мерзімінен кешіктіріліп тапсырылатын ойын алаңдары жайында тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар облыс әкімі Алашахан 28 мекенжайы тұрғындарының шағымына құлақ қойды. Аталған үйдің ауласы қоқысқа толып, балалардың ойнауы мен тұрғындардың демалуына кедергі тудырып отыр. Жезқазғандықтардың айтуынша, есік алдындағы көлемді шұңқыр адам өміріне өте қауіпті. Аталған мәселелермен танысқан өңір басшысы аула қоқыстан тазартылып, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуі керек екенін, ойлы жерге түсу үшін арбаға арналған пандустар орнатуды тапсырды.