Алғашқы редакторлар

Аудандық газеттің тарихына көз салғанда Жұмабай КЕТІКОВТІҢ есімі айбынданып алдыңыздан шығар еді. Ол осы басылымның алғашқы редакторы болған.

Аудандағы мыңдаған қалың қара бұқараны ұйымдастырып, оларды жаңа тұрмыс, жаңа жұртшылық, жаңа шаруашылық орнату жолына үндейтін – «Большевик туы» газеті болды. Ол елдегі кедей, жалшы, орташалар, әйелдер оқитын, оған күнбе-күнгі жұмыстары туралы үзбей жазып тұратын ауыл газеті, ауыл еңбекшілерінің жырын жырлап, мұң-тілегін шешетін, басын құрайтын үгітшісі, насихатшысы, ұйымдастырушысы бола алды. Сондықтан аудандық партия, комсомол ұйымдарының, олардың мүшелерінің, қосшы ұйымдарының «Большевик туы» газеті лениншіл газет ету, социалды тұрмысты орнату, оңшылдық-солшылдық, байшыл, ұлтшылдық пікірлерімен, олардың салт-санасымен күресуде шын тап құралы ету болды. Бүкіл еңбекшілер «Большевик туы» төңірегіне жиналды. Міне, осы жұмыста Жұмабай Кетіков жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істеді. 

Одан кейін газет аты «Сталин туы», кейін «Коммунизм туы» деп өзгерген болатын. Осы аралықтарда газетті Дихан Жұмабеков, Әбілқасен Әміралин сияқты ұйымдастырушылық қабілеттері қарымды азаматтар басқарды.

 «Коммунизм туы» өзінің алға қойған міндет-мақсатын абыроймен орындауға күш салады. Ауылдарды коллективтендіру, колхоз құрылысын нығайту жолында үгітші де, насихатшы да, ұйымдастырушы да бола білген. Газет өз әлінше дәуір жүгін арқалай білген. Ұлытау өңірін коллективтендіру, алғашқы бесжылдық жоспардың орындалу барысы жайлы үзбей жазып, ұлы іске өз үлесін қосады. 

Өкінішке орай, сол кездегі саясаттың салдарынан Ұлытау ауданы ұзақ ғұмыр кеше алмады. Өндірісті дамыту, ауыл шаруашылығын әртараптандыру саясатына сәйкес, біресе Қарсақбай, біресе Жезді ауданы болып ауысып тұрды. Газеттер де бір жабылып, бір ашылып жатты. Қарсақбай ауданы болғанда «Қызыл кенші», Жезді ауданы болғанда «Сталин жолы» деген атаулармен газеттер жаңадан шығып тұрды. 

Тек 1973 жылы Ұлытау дербес аудан болып ашылғанда аудандық партия комитетінің қаулысымен «Ұлытау өңірі» газеті өмірге келді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ