Алғашқы қоңырау сыңғыры

Ұлытау ауданының барлық мектептерінде алғашқы қоңырау соғылды. Биыл, аудан бойынша 175 бала 1-сыныпқа барды. Оның 47-сі №1 Ұлытау тірек мектебіне қабылданды.

Аталған білім ошағында мұғалімдер мен оқушылар Білім күнін қарсы алды. Әуелі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтеріліп, Әнұраны ойналды. Ту көтеру құрметіне 11-сынып оқушылары Жандос Ахметжан, Аида Еркеғұлова, Толғанай Бауыржанқызы ие болды.
«Мектебім – мейірім мекені» атты салтанатты жиынды жұртпен бірге тамашалаған аудан әкімінің орынбасары Аян Әбжамалов педагогтар мен оқушыларды оқу жылының басталуымен құттықтады.
– Аудан мектептерінде білім алушылардың жалпы саны — 1818 оқушыны құрап отыр. Бүгінгі салтанатта барлық оқушыларға сәттілік пен табыс тілеймін. Ұстаздар мен ата-аналарға ерекше алғыс айтамыз! – деді құттықтау сөзінде аудан әкімінің орынбасары.
Мектеп оқушылар атынан 11-сынып оқушысы Тоғжан Мейрамбек сөз сөйлеп, ұстаздары мен оқушыларды Білім күнімен құттықтап, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі. Келесі кезек «біріншісыныптықтарға» беріліп, балғындар жаттаған тақпақтарын жатқа айтып берді. Бұдан кейін 11-сынып оқушылары Серікболсын Рахымжан мен Дильназ Гаухар, 1 сынып оқушылары Ерсұлтан Өмірбек пен Медина Марат алғашқы қоңырауды соқты.
Мерекелік жиын соңы сыныптарда Білім күніне арналған «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбындағы ашық сабақтармен жалғасты. Оған ата-аналар қатысты.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.