Алғашқы қоңырау соғылды
Бейсенбі күні ауданның барлық мектептерінде Алғашқы қоңырау салтанаты өтіп, шəкірттер «Білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік жəне отаншылдық» тақырыбындағы Білім күнінің сабағына қатысты.
№1 Ұлытау орта мектебінде Білім күніне арналған «Сыңғырла, күміс қоңырау» атты салтанатты жиын өтті. Оған мектеп оқушылары, ата-аналар мен ауыл жұртшылығы қатысты.
Салтанатты шара Мемлекеттік туды əкеліп, Əнұранның орындалуымен ашылды. Туды енгізу құрметіне 11 сынып оқушылары Асылхан Ерназар, Ақбота Есенқабыл жəне Əліби Əлімбет ие болды.
Бұдан соң аудан əкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек пен облыстық кəсіпкерлік жəне өнеркəсіп басқармасының басшысы Ғазиз Төлеуов жұртшылықты Білім күнімен құттықтап, жаңа оқу жылында сəттілік тіледі.
Салтанатты жиында сондай-ақ, 11-сынып оқушылары 1-сыныпқа қадам басқан ізбасарларына «Əліппе» кітабын табыс етті.
Шара алғашқы қоңырау соғумен түйінделді. Бұл құрметке 11-сынып оқушылары Нұрзат Мұрат, Ақниет Талғат, Маржан Шабаз жəне 1-сынып оқушылары Жантөре Қыдырəлі, Еркеназ Боранбай, Рысбек Райымбек ие болды.
Бұл күні мектеп ауласында əуелете əн шырқалып, бишілер мың бұрала биледі.
* * *
Білім күнінде Жезді кентіндегі М.Төрегелдин атындағы таукен жəне балқыту ісі музейінде «Мен мектепке барамын» тақырыбымен айшықты шара өтті. Ол музейде жұмыс істейтін мамандардың балаларына арналды.
Орайы келгенде айта кетейік, биыл аталмыш музейде жұмыс істейтін ата-аналардың 5 баласы 1-сыныпқа барды. Ұжым өз əріптестерін қолдау жəне балаларға сəт сапар тілеу мақсатында осындай іс-шара ұйымдастырды.
Бүлдіршіндерді рухани қолдау жəне олардың талабын ұштау мақсатында өткен шарада ұйымдастырушылар «Алғырлар» мен «Тапқырлар» тобы арасында қызықты сайыс өткізді. Балалар ертегі кейіпкерлерімен бірге берілген тапсырмаларды орындап, ұпай жинауға тырысты. Олардың зеректігі мен тапқырлығы іс-шараға қатысушыларды тəнті етті.
Шара соңында бүлдіршіндерге естелік сыйлықтар табысталды. Балаларға арналған сый-сияпат қоржынында «Қара шаңырақ» ұлттық тəрбие беру мектебінің жетекшісі, этнограф Тұрар Сəттарқызының қолтаңбасы қойылған қазақ тіліндегі бояуға арналған альбомдар бар.
* * *
Алғабас ауылындағы №14 жалпы білім беретін мектепте «Білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік жəне отаншылдық» тақырыбында салтанатты жиын өтті.
Оқушылар сап түзеп, Мемлекеттік ту əкелінген соң Əнұран орындалды. Бұдан кейін мектеп директоры Б.Алтынбеков оқушылар мен мектеп ұжымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, өткен жылғы жетістіктер мен алдағы міндеттерге тоқталды. Ал, оқу ісінің орынбасары Қ.Біраяқов жаңа оқу жылындағы мектептің мақсат-міндеттері туралы баяндады.
Шақырылған қонақтар атынан селолық ФАП меңгерушісі Г.Қазыбаева сөз сөйлеп, оқушылар мен ұстаздарды құттықтап, сəттілік тіледі.
Салтанатты шарада 1-сынып оқушысы Аруна Жеңісбай мен 11-сынып оқушысы Нұрсұлтан Хамит алғашқы қоңырау соғу құрметіне ие болды.
Мерекелік жиын сыныптарда «Білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік жəне отаншылдық» тақырыбындағы ашық сынып сағатымен жалғасты.
* * *
Шежірелі Шеңбер ауылындағы білім ордасында оқушылар мен ауыл жұртшылығының қатысуымен Білім күніне арналған салтанатты жиын өтіп, алғашқы қоңырау соғылды.
Білім мерекесіне аудан орталығындағы «Өркен» бөбекжайының директоры, аудандық мəслихаттың депутаты Эльмира Ершұманова мен Шеңбер ауылдық округі əкімі аппаратының бас маманы Бақытжан Жаңабаева қатысып, мерекелік құттықтау тілектерін жолдады.
Мектеп директоры Еркебұлан Абылаев ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, өткен оқу жылының жетістіктеріне талдау жасады. Ол өз сөзінде биыл мектеп бітірген 5 түлектің бесеуі де грант иегері атанғанын айрықша атап өтті.
Салтанатты жиында сондай-ақ, дəстүрлі «Мектепке жол» акциясы аясында оқушыларға қаржылай, заттай демеушілік көрсетілді. Бұл акция жыл бойы жүргізілмек.
Жиын соңында 11-сынып оқушылары мен 1-сынып бүлдіршіндері жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауын соқты. Шара қонақтары мен ата-аналар бірыңғай тақырыптық сынып сағаттарына қатысты.
Топтаманы əзірлеген Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.