Алғашқы нәтиже жарияланды
Өтіп бара жатқан жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазаны аралығында Ұлттық халық санағы жүргізілгені баршаға мәлім. Бұл Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде өткізілген үшінші санақ. Бұл санақтың бұрнағылардан өзгешелігі – шарада алғаш рет цифрлық технологиялар қолданылды.
Осыған орай, халықтың 42,5 проценті онлайн сауалнама арқылы санаққа қатысса, дәстүрлі, жаппай аралап шығу арқылы санақпен 57,5 процент адам қамтылған. Санақтың толық қорытындысы 2023 жылдың бірінші тоқсанында жарияланады деп күтілуде. Ал, желтоқсан айының басында Премьер-Министр Асқар Мамин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ұлттық халық санағының алғашқы нәтижесі жайлы баяндады. Үкімет басшысының мәліметі бойынша қазақстандықтардың жалпы саны – 19 169 550 адам. Отандастарымыздың 48,71 проценті – ерлер, 51,29 проценті әйелдер.
Қазақстан халқының орта жасы 31,94 жас деп көрсетілген. Жалпы халықтың 33,97 проценті – 17 жасқа дейінгі балалар, 19,72 проценті – 14-28 жас аралығындағы жастар. Еліміздегі қазақтардың үлесі – 70,18 процентке жеткен. Халықтың 59,05 проценті, яғни, 11 320 410 адам еңбекке жарамды деп танылған.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ