Алғашқы қазақ газеттері
XIX ғасырдың II жартысында патша өкіметі өзінің отаршылдық саясатын жүргізуде татар тілмаштарының «көмегінен» бас тартып, қазақтың ұлттық буржуазиясына арқа сүйей бастады. Патша әкімшілігінің бұйрық-жарлықтарын жергілікті әкімдерге өз тілінде жеткізу, отаршылдық саясатты күшейте түсу, өкілеттік құжаттарды жергілікті халықтардың ана тілінде жариялап, сөзсіз орындаттыру, патша өкіметінің ресми көзқарастарын халық арасына кең тарату мақсаты қазақ тілінде шығатын газетті қажет етті. Сөйтіп алғашқы газеттер жергілікті әкімдердің қазақ елін басқару ісін жеңілдету ниетімен шығарыла бастады. Осылайша, 1870-1882 жылдар аралығында «Түркістан уәләятының газеті», 1882-1902 жылдар арасында «Дала уәләятының газеті», 1895 жылдан бастап «Торғай газеті» шығып тұрды.
«Түркістан уәләятының газеті»
Қазақ тіліндегі алғашқы газет Түркістан генерал-губернаторының орталығы Ташкент қаласында 1870 жылы жарық көрді. Газеттің алғашқы нөмері «Түркістан уәләятының газеті» деген атпен «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша ретінде 1870 жылдың 28 апрелінде шықты. Газеттің бірінші нөмерінде басылған мәлімнамада «Түркістан генерал-губернаторының бұйрығы бойынша үшбу айдан басталып Түркістан газеті шығады. Осы газеттерде бәрі жұртқа мәлім болмақ үшін генерал-губернатордың әртүрлі бұйрығы жазылар және жаңа хабарлар, сауда тақырыпты жазылар және Ташкентте уа өзге шахарларда болған әртүрлі сөздер уа хабарлар жазылар. Бұл газет орысшадан басқа сартша, қазақтарға керектісі қазақша болып жазылар» делінген.
Газеттің айына 4 нөмірі (екеуі қазақша, екеуі өзбекше) шығып тұрды. Газет алғашқы хабарламада «Түркістан ведомстыларына» қосымша делінгенмен, көп ұзамай-ақ өз алдына жеке газет ретінде шығып тұрған.
Газеттің негізгі бағдарламасы – үкіметтің бұйрық жарлықтарын, сот орындарының үкімдерін, сауда хабарларын, Россия және басқа мемлекеттердің өмірінде кездесетін оқиғаларды, шаруашылық хабарларын жазып тұру болды.
Сонымен қатар мұнда қазақ халқының тарихы, мәдениеті, әдебиетіне қатысты материалдар да жарияланды. Материалдар мазмұнына қарай негізгі екі топқа бөлінеді: ресми және ресми емес. Ресми материалдарға үкімет бұйрықтарын, кейбір саяси экономикалық мәселелер, ресми емес бөлімге жай корреспонденциялар, тарихи мақалалар мен көркем әдебиет үлгілері жатты. Газет материалдары публицистикалық, ғылыми, көркем әдебиет және ресми іс қағаздар стилінде жазылады.
«Дала уәләятының газеті»
Қазақ тіліндегі екінші газет дала генерал-губернаторының органы ретінде оның әкімшілік орталығы Омбы қаласында шыға бастады. Газет алғашында Ақмола облыстық ведомстволарына жалғама ретінде (орысша «Особое прибавление к Акмолинским областным ведомостям» деген атпен), кейін 1894 жылдан бастап Ақмола, Семей, Жетісу облыстарының ведомстволарына жалғама ретінде «Дала уәләятының газеті» деген атпен (орысшасы – «Киргизская степная газета») жұмасына бір рет өз алдына бөлек шығып тұрған.
Газет «Ақмола облыстық ведомстволарының баспаханасында басылып, Қазақстанның барлық түкпір-түкпірінде дерлік тараған. «Газеттің редакторы ретінде әр уақыт И.Козлов, К. Михайлов, Г.Абаза деген кісілер қол қойып отырған, қазақшасын үзбей басқарған, яғни «старший переводчик» қызметін атқарған Ешмухамед Абылайханов болды.
Бұл газет шығарудағы патша үкіметінің алдына қойған мақсаты генерал-губернатор Таубенің 1893 жылғы 11 декабрьде бекітіп берген газет бағдарламасында көрсетіледі. Ол бағдарлама бойынша газет «жоғарғы ұлықтардың қазақ даласына қатысты бұйрық-жарлықтарымен қазақтарды таныстырып тұруға, сондай-ақ олардың арасына елдің табиғаты, тұрмысы, шаруашылық жайы (мал шаруашылығы, егіншілік, айырбас сауда, т.б) және мәдени өмірі (әдет-ғұрып, өсиет, ертек, әңгіме, халықты сауаттандыру, т.б.) туралы хабарларды таратуға» тиісті болды. Шын мәніндегі көздегені – қазақ халқын ағарту емес, үкімет жарлықтарын қазақ тілінде тарату арқылы оны сөзсіз орындаттыруды қамтамасыз ету, жергілікті халықты басқаруды жеңілдету, қазақтың артта қалған патриалхалды шаруашылығын біраз ілгері көтеріп, оны патша үкіметінің шикізат жөніндегі қажетін өтейтін дәрежеге жеткізу, сондай-ақ, қазақтың өз тілін дамыта отырып, сол кездің өзінде «патша үкіметін орыстандыру саясатына зиянын тигізе бастаған» шағатай, түрік, татар тілдерінің ықпалына қарсы күресу болды. Сөйтіп, өзінің отаршылдық саясатын одан әрі күшейте беру саясатын ұстанды.
Газет кейде жоғарыда бекітілген бағдарламадан шығып кетіп, қараңғы халықтың көзін ашатын материалдарды да басып отырған. Газеттің кейін жабылуына да осы жағдай себеп болған сияқты.
«Торғай газеті»
Орынбор қаласында облыстық басқарманың баспасөз орталығы құрылып, оның ресми органы шыға бастады. Ал, 1895 жылдан бастап бұған қосымша «Тургайская газета» деген атпен ресми емес бөлімі шығарылып, ол 15 жылдай өмір сүрді. «Торғай газетінде» Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсариннің өмірімен, қызметімен таныстыратын материалдар жарияланды.
«Торғай газеті» көпшілікке пайдалы материалдарды араб әріптерімен қазақ тілінде жиіжиі жариялап отырды. Мәселен, эпидемияға байланысты материалдар, қоғамдық құбылыстарды сынайтын фельетондар, халық ауыз әдебиетінің үлгілері туралы материалдар жарық көрді.
Орынборда шығатын баспасөз органдарына жетекшілік еткен Торғай облыстық басқармасының газет столының төрағасы Ә.Балғынбаев болды (1902-1906 жылдар). Ол тек әкімшілік жұмыспен ғана айналыспай өзі де жиіжиі мақалалар жазып тұрды. Қазақ тіліндегі материалдарды орыс газеттеріне аударып беріп отырды. Ә.Балғынбаевтың әлденеше нөмірге жарияланған «Қырғыз (қазақ) тұрмысының очерктері» қосалқы тақырыпшасымен «Бесіктен молаға дейін» (От колыбели до могилы) фельетоны көшпелі қазақ халқының денсаулық сақтау ісінің кемшіліктерін өткір сынаумен бірге, олардың тұрмысы мен әдет-ғұрпының тозығы жеткен көлеңкелі жағын әшкереледі.