Алғабастың ахуалын бағамдады

Аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ  жұмыс бабындағы сапармен Алғабас ауылдық округіне барып, жалпы даму деңгейінің жай-күйін бағамдады. Әлеуметтік нысандарға бас сұғып, қызметші мамандарымен пікірлесті. Тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының мүмкіндіктерін тексерді. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарымен кездесіп, ой-пікірлерін таразылады.

Жергілікті емханаға алғашқы кезекте барған аудан әкімі медициналық мекеменің бүгінгі күн талабына сай қызмет атқару мүмкіндігіне айрықша назар аударды. Осыдан біршама уақыт бұрын ауыл тұрғындарының індет жұқтыруы қатты алаңдаушылықтың туындауына себеп болғанына назар аударып, санитарлық талаптардың мұқият сақтау және ем-дом жасау сапасын арттыра түсу жөнінде қатаң тапсырма берді.

Ауылдағы мәдениет ошағында болып, клуб мүмкіндігін тиімді пайдалану, салалық бағыттағы істі ілкімді ілгері бастыруға қатысты сөз қозғады.

Бұдан кейін былтырғы жылы пайдалануға берілген жаңа мектеп ғимаратын аралап, атқарылған іс ауқымына оң бағасын берді.

Ауыл тұрғындарымен өткізілген кездесуде аудан басшысы ауылдағы электр жарығының сапалы берілуі мен ауызсу мәселесіндегі түйткілді жайттардың түйінін тарқатуға қатысты жоспарлы шаралар жөнінде кең тұрғыда әңгімеледі. Жергілікті қауым өкілдері өз кезегінде көлік жолы, көшелерді жарықтандыру жайы мен тағы да басқа біршама өзекті сауалдарды алға тартып, оларды оңтайлы шешу туралы өтініш-тілектерін білдірді. Советбек Тұрсынұлы туындаған сауалдарға нақты жауаптар беріп, жоспарлы шаруалар дер кезінде жүргізілетінін мәлімдеді. Жиын түйінінде екпе салдыру індетті тежеудің ең тиімді жолы екенін қадап айтып, тұрғындарды вакцина алуға шақырды.

Сапары барысында аудан басшысы ауылдағы ауызсу жеткізу желісі мен су жинақтау мұнарасының жай-күйін тексерді. Соның нәтижесінде өзіне еріп жүрген аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Болатбек Есназаровқа нақты міндеттер жүктеді.

Жасұлан АЯШЕВ.