Алғабастағы ахуал алаңдауға негіз болды

Атам қазақтың «…бәле жоқ деме бөрік астында» деген нақыл сөзінің мәні мен маңызы бүгінгідей індет іргеге келіп, кәдімгідей қатер төндіріп тұрған кезеңде бұрынғыдан да өзекті бола түскен секілді. Оның қай облысқа, қай өңірге болсын қатысы бары күмәнсіз. Сәуір айы басталғалы Алғабас ауылдық округінде орын алған эпидемиологиялық тұрғыдағы жағымсыз жағдай қауіпті кеселдің мемлекеттік құрылымдар тарапынан қойылған қатаң талаптарды ескермей, қамсыз жүрген жандарға қапыда «жабыса» салатынын, инфекция жұқтырғанын сезінген сырқат өзін-өзі дереу оқшауламаса, айналасындағы адамдарға зардап шектіретінін тағы бір мәрте айғақтап берді…

Елді елең еткізген оқиғадан соң іле-шала аудан әкімі Советбек Медебаевтың тікелей басшылығы және бақылауымен жүргізілген құзырлы мемлекеттік органдар мен денсаулық сақтау саласы мамандарының зерттеу-зерделеу, сараптамалық талдау жұмыстары нәтижесінде мәселенің мәнісі айқындалып шыға келді. Аталған ауылдағы бюджеттік мекеменің бір қызметкері 21 наурыз күні ұлымен бірге, азық-түлік алу мақсатымен Сәтбаев қаласына сапарлайды. Сонда жүргенде өзін жайсыз сезініп, жедел жәрдем көмегіне жүгінуге мәжбүр болады. Қолма-қол алынған ПТР тест оң нәтиже көрсетіп, дереу Жезқазғандағы инфекциялық ауруханаға жатқызылады. Ал оның ұлы жоспарлы шаруаларын тындырып, сол күні ауылға оралады. Іле-шала жүргізілген зертханалық тексеру қорытындысы ағзасында коронавирус инфекциясы бар әлгі кісінің отбасы мүшелері дерт жұқтырғанын көрсетеді. Содан кейін олармен тығыз қарым-қатынаста болған тағы бес адамның бойында кесел бары анықталады.

Облыстық жедел әрекет ету штабының тапсырмасына сәйкес, 3 сәуірде жоғарыда аталған сырқат жандармен тығыз қарым-қатынаста болуы мүмкін ауылдастары мен отбасы мүшелерінен, нақтылай түссек, 100 адамнан ПТР тест алынып, сарапталды. Нәтижесі он үш отбасындағы 25 кісінің инфекцияға шалдыққанын растап берді. Осылайша, ауырғандар саны 34-ке жетті. Олардың үйлеріне, жергілікті әкімдік, мектеп және клуб ғимараттарына дезинфекция жасалып, сырқаттар Сәтбаев қаласындағы инфекциялық ауруханаға жеткізілді. Бұлармен байланыста болған 21 адам анықталып, үй жағдайындағы оқшаулауға жіберілді. Кеше ПТР тест сараптамасы алынды, енді нәтижесі күтілуде.

Қазір Ұлытау ауданы – «қызыл аймақта». Осы орайда, 4 сәуір күні Ұлытау ауданы бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Алғабас ауылында шектеу шараларын күшейту туралы» №2-Қ қаулысы қабылданғанын айта кету керек. Қаулы талабына сәйкес, ауыл карантинге жабылып, сыртқы аумақтармен байланыстыратын көлік жолы бойына санитарлық бекет орналастырылды. Тиісінше, індеттің таралуына тосқауыл қою мақсатымен кешенді іс-шаралар қабылданып, қолданысқа енгізілді. Мектеп оқушылары онлайн оқу режиміне көшірілді.

Аудан басшысы жедел жиын өткізіп, жауапты мемлекеттік органдар басшыларының алдына нақты міндеттер мен талаптар қойды. Соның аясында шұғыл атқарылуы тиіс шаралар тізбегі белгіленді. Оның ішінде, ауыл дүкендерін қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету, жанармайдың жеткілікті болуы мәселесі де қамтылды. Тапсырмалардың тиянақты орындалуы – тікелей аудан әкімінің бақылауында.

– Мұндай сәтте қайырымдылық шараларына ұйытқы болушылар мен оларға қолдау көрсетушілер қатарының арта түсуі – біздің қоғамға тән құбылыс. Ағайынның мұңын сейілтіп, мұқтажын өтеу мақсатында «Кокшина Гүлжазира Кайратовна» ЖК бастамашы болып, Алғабас ауылындағы аз қамтамасыз етілген, көпбалалы он екі отбасына күнделікті сұранысқа ие азық-түлік өнімдері (ұн, макарон, қант, сүт және тағы басқалары) жеткізіліп берілді. Сауабы мол іске аудан орталығындағы «Малика», «Дана», «Сыбаға», «Назерке» және «Береке» дүкендерінің иелері ерікті негізде өз үлестерін қосты. Бүгінгі күні карантинге жабылған ауылда қандайда бір қажеттілікке қатысты туындап отырған сұраныс жоқ. Мобильді топтың қызметі індеттің таралуын тежеу бағытындағы түсіндіру, қадағалау жұмыстарына негізделген. Қабылданған пәрменді шаралар ауылдағы ахуалдың жақсаруына дәнекерлік етуі тиіс, – дейді аудан әкімінің орынбасары, коронавирус инфекциясының таралуына тосқауыл қою жөніндегі аудандық жедел әрекет ету штабы төрағасының орынбасары Бағдат Байжантаев.

P.S. Газет қатталып жатқанда редакцияға аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасынан Алғабас ауылында тағы да 4 адамның инфекция жұқтырғаны анықталғаны жайлы нақтыланған мәлімет келіп түсті.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ