Қайырымдылық — қайырлы іс
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді қазақ. Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, жығылғанға жәрдемші болу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан, қанында бар қасиет.
Жуырда Ұлытау ауылының орталығында қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Игі шара қатерлі дертке шалдыққан Асқар балапанның еміне ақша жинау мақсатында ұйымдастырылды. Игілікті істің басы-қасында жүрген ұлытаулық жас аналар. Сынаққа түскен нұр-сұлтандық жас отбасыға сүйеніш болу үшін бірі тәттісін әкелді, ендібірі қолөнерін сатылымға шығарды.
«Ешбір ананы баламен сынамасын» деп тілейтін жандармыз. Жәлел Асқардың еміне жәрмеңке өтіп жатыр дегенді естіген жұртшылық орталыққа қарай ағылды. Әрқайсысының ойында – қайырымдылыққа тамшыдай болса да үлес қосу. Жәрмеңкеге ауыл тұрғындарымен бірге аудан әкімі Советбек Медебаев, аудандық мәслихат хатшысы Аманжол Мырзабеков, аудан әкімінің орынбасарлары Мақсұт Оспанов, Алмаз Қайырбек және бөлім басшылары да қатысты. Шара қорытындысында ұлытаулықтар Асқар батырдың еміне 200 000 теңге жинап берді.
Асқар – Сауғабаевтар отбасының тұңғышы. Небары бес жасында қатерлі дерттің құрығына ілініп, әр күні үшін күресіп келеді. Аурудың үдеуін тежеп, ота жасату үшін 88 580 000 теңге қажет. Бүгінде сол қаражаттың 81 766 458 теңгесі қайырымды жандардың арқасында жиналды.
Құрметті, ордалы оқырман!
Көп түкірсе, көл демей ме? Бүгін дертіне шипа іздеп, аурумен алысып жатқан нағыз батыр бала Асқардың ертең қатарымен құлын-тайдай тебісіп шауып кетуі үшін үлес қосайықшы. Төменде Асқардың ата-анасы Абзал мен Шалқыманың банктегі есеп-шоттарын қалдырып отырмыз.
- Kaspi Bank. Тел: 87014577657. Карта нөмірі: 4400 4301 9428 8707. Шалкыма Саугабаева (Асқардың анасы)
- Халық банк. Карта нөмірі: 4003 0327 7428 7447. Абзал Саугабаев (Аскардың әкесі).
Қасиетті Рамазан айында берген садақаларыңыз қабыл болсын!