Айыртаудың қадірлі ардагері
Әр отбасында ақылшы атанып отырған аға буын өкілдерінің қоғамдағы алар орны ерекше. Ардагер деп ардақ тұтып жүрген ел ағалары қашанда елдің тыныштығы мен бірлік-берекесін тілейді. Азаматқа ел ағасы деген атақ жайдан-жай беріле салмайды. Оның халқына жасаған адал еңбегіне, адамгершілік қасиеттеріне, қиналғанда адастырмас ақылына қарап, халық бағалайды. Сондай жанның бірі, Ұлытау ауылына қарасты Айыртау елді мекенінің тұрғыны Ақбатыр ҚАЛИЕВ.
Мақалаға арқау болған кейіпкеріміздің өмірдастаны қасиетті өңірден тамыр тартады. 1955 жылы жоғарғыда аталған өлкеде дүниеге келген. 1974 жылы №1 Ұлытау орта мектебін бітіріп, Кеңес армиясының қатарында болған. Әскери борышын өтеген соң, туған жерін көркейтуге, әлеуметтік-экономикалық дамуын өркендету мақсатында ауылға келіп, еңбек етеді. Айыртау бөлімшесінде аға бақташы болып, кеңшардың алға қойған ет, сүт жоспарын орындауға жалындаған жас елеулі үлес қосады.
Өзінен кейінгі буынға өнеге бола жүріп, еңбегімен елге танылды. Зайыбы Бейсенкүл Досмағанбетова фермада сауыншы болады. Сол кезде-ақ, еңбегі ел алдында еленіп, облыстық кеңестің депутаттығына төрт мәрте сайланады. Халық қалаулысы ретінде елдегі түйткілді мәселелерді шешуге белсене араласады. Ел аманатын орындауға ықпал еткен белсенді депутат тез арада көпшіліктің алғысына да бөленіп үлгереді. Қазіргі Айыртау мен республикалық дәрежедегі күрежол торабына дейінгі 4 шақырым көтерме жол сол кездегі депутат Бейсенкүл Сағатқызының ықпалымен салынған. Осы көтерме жолдың игілігін көріп отырған айыртаулықтар күні бүгінге дейін Бейсенкүл апаға ризашылықтарын білдіруде.
Бертін келе Кеңес Одағы тарап, жекешелендіру болған тұста, Ақбатыр аға жеке шаруашылық құрды. Бүгінде сол шаруашылықты дамытып, аудан экономикасына өз үлесін қосып келе жатқан іргелі шаруашылықтың көшбасшысы Ақбатыр Қалиұлы.
Меніңше, адам бойына іскерлік, қабілет туа бітетін сияқты. Олай дейтінім, Ақбатыр Қалиұлы кез-келген істің ыңғайын оңай таба білетін адам. Соның жолында игі істерді дәлелдей алды. Зайыбы Бейсенкүл «Күміс алқа» иегері. Ақбатыр аға екеуі ұл-қыздар тәрбиелеп-өсіріп, оларды еңбекке баулыды. Қазір баласының үлкені Нұрбол жеке шаруашылығын ұстап отырған ел таныған азамат. Кіші ұлы Нұрбек Сәтбаев қаласында ішкі істер бөлімінде полиция қызметкері. Қыз балалары тұрмыста бір-бір үйдің отанасы.
Бүгінде Ақбатыр әулеті адал еңбегімен елге өнеге болған жандар. Айыртау елді мекенінің ұйтқысы, бетке ұстар отбасының бірі. Дәл қазір балалары ата-ана өнегесімен кәсіпті нәсіп етіп, тай қазанын тасытып отыр. Ырзығын қарапайым еңбектен тапқан еңбек адамдарының өмірі көпке үлгі десек артық айтқандық емес. Ауылдастарына сыйлы, ағайынға қадірлі қазір.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.