Қайырлы қаза болсын, Қазақ елі!

«Егер де халық өзін ұмытпаса, Бақұл бол, халқың сені ұмытпайды»
                                (Мұқағали Мақатаев)

Жаңа күн айтып жатыр жаңалығын.
Өлеңімнің өзегі – өрт, жанары – мұң.
Бабатауым жоғалтты бағалы Ұлын,
Ұлт ұясы – Ұлытауда қаралы күн.

Мойындаған кеше Əлем, Кеңес елі,
Жақсыларын жас кетті демес елі.
Төрегелді ағамыз төрде отырар,
Ұлтымыздың Тұлғасы, Төресі еді.

Құтқармас ешкімді ажал құрығы ана,
Қол жайдық, бетті бұрып құбылаға.
Ұлт ұясы – Ұлытауға көңіл айтып,
Ұлын жоқтап жатқандай Ұлы Дала.

Аңыз адам! Қалт айтпас халық тегі,
Жақсы ұстаздай оқытқан Əліппені.
Қаңсығын таңсық қылмай біреулердің,
Ұлтының дастарханын дəріптеді.

Ғажап ғалым! Ұлтымның ажары еді,
Бағы еді, байлығы еді, базары еді.
Баршаңызға қайғырып көңіл айтам,
Қайырлы қаза болсын, Қазақ елі!

Мұқаш СЕЙТҚАЗИНОВ,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.