Қайтарымы қапысыз кездесу
Ұлытау аудандық мәслихатының мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Мырзабеков, «Атамекен» ҰКП Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасы төрағасының міндетін атқарушы, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлмира Қаженова, аудандық мәслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейітов және аудан прокуроры Рахымжан Рахатовтың қатысуымен аудан аумағындағы кәсіпкерліктің қазіргі хал-ахуалы, оны одан әрі дамыту жолдары жан-жақты қарастырылған кеңес өтті.
«Атамекен» ҰҚП Ұлытау аудандық филиалының директоры Аманбек Сүлейменов жүргізген жиын Аманжол Батырбекұлының кіріспе сөзімен ашылды. Аудан әкімі Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларына сәйкес аталған бағытта атқарылған және қолға алынуы жоспарда тұрған жұмыстарға қысқаша шолу жасап, сол мақсатта барлық тараптарды тізе қоса әрекет етуге шақырды. Аудан әкімдігі кез-келген ұтымды бастамаға қолдау көрсетуге әзір екенін мәлімдеді.
Басқосу барысында кәсіпкерлерге және өз ісін бастауға ықыласты тұлғаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылық қолдаулардың түрлері мен оларға тапсырыс беру тәсілдері егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Күн тәртібіндегі мәселеге қатысты Ұлытау облысы кәсіпкерлер палатасы төрағасының міндетін атқарушы Гүлмира Қаженова, аудандық мәслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейітов, Ұлытау ауданының прокуроры Рахымжан Рахатов, «Даму» АҚ Ұлытау облысындағы өкілі Жазира Арыстанова, «Агронесие» АҚ өкілі Медет Мырзалинов, Ұлытау аудандық ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлназ Омарова ой-пікірлерін ортаға салып, өздерінің қызмет бағыттары бойынша түсініктемелер берді.
Жиынға қатысқан кәсіпкерлер түйіні тарқатылуы тиісті өзекті мәселелер туралы сөз қозғап, ортақ мүдделі істі ілгері бастырудың басты шарттылықтары екшелді.
Жиын түйінінде аудан әкімі аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Гүлнар Ауғановаға басқосу барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныс-пікірлерді тұрақты бақылауға алуды және оларды ретке келтіруге қатысты нақты қадамдар жасауды тапсырды.
Аманжол Батырбекұлы ауданда кәсіпкерлік саласының дамуына қосқан үлесі үшін кәсіпкерлер Н.Әйімбетов пен С.Есмағамбетоваға аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырып, еңбектеріне толайым табыс тіледі.
Ұлытау ауданы әкімінің баспасөз қызметі.