Қайраткер, ғалым һәм ұйымдастырушы
Камал Сейтжанұлы Смайыловтың ұлттық мәдениетке қосқан үлесі орасан зор, жан-жақты талантты әрі өзіндік ұстанымы арқасында ол журналист, жазушы-публицист, сыншы, кинотанушы, «Қазақфильм» киностудиясы директоры, мемлекеттік шен иесі, Кинематография мен телерадио таралым комитеттері министр-төрағасы ретінде қоғамда мемлекеттік әрі қоғамдық өмірге белсене араласты. Өнердің қай саласында еңбек етпесін ол өшпес із қалдырғаны айғақ. Ол – белгілі мемлекет қайраткері, қарымды публицист, жампоз журналист, парасатты көреген ой иесі.
Камал Смайылов 1949 жылы орта мектепті өте жақсы бітіріп шығады. Арманы – Алматыға барып, Қазақ университетінің студенті атану болады. Сол мақсатпен университеттің филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түседі. Үздік студент ретінде Сталиндік стипендиямен оқиды.
Еңбек жолын университетті бітірісімен, 1954 жылы «Лениншіл жас» («Жас алаш») газетінің Қарағанды облысындағы тілшісі болып бастайды. Одан кейін өзі мұрындық болып ашқан «Білім және еңбек» («Зерде»), «Мәдениет және тұрмыс» («Парасат») және «Қазақстан коммунисі» («Ақиқат») журналдарында бас редакторлық қызметтер атқарады. Соңғы үш журналды егемендік алған жылдары басқарып, затына сай аттарын да ауыстырған да өзі болатын. Камал Смайыловтың мемлекет қайраткері ретінде танылған қырлары жан-жақты деуге болады. Ол 1976-1986 жылдары Үкімет құрамындағы Мемлекеттік кинематография, телевизия мен радио хабарларын тарату жөніндегі комитеттерді басқарды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің бөлім меңгерушісі, Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінің хатшысы ретінде жауапты қызметтер атқарды.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 10-12-ші шақырылымдары бойынша үш мәрте Жоғары Кеңес депутаты, егемен Қазақстан Парламентінің алғашқы депутаттарының бірі болып сайланды.
1991 жылдан 2003 жылға дейін Қазақстан Журналистер одағының төрағасы болды. КСРО Кинематографистер, Журналистер және Қазақстан Жазушылар одақтарының мүшесі болды.
Камал Смайылов Кеңес үкіметі жылдары «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендеріне, түрлі Мақтау грамоталарына лайық болса, азат еліміздің тұсында алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын ерекше бағалады…
Дарынды тұлғаға баспасөзде, тележурналистикада, кино өнерінде, жалпы мәдениет саласында қызмет етіп жүрген көптеген ізбасарлары қарыздар десек, артық айтқандық емес. Камал аға ең алдымен жалындаған жастық шағында «Лениншіл жас» газетінің бетінен өткір де, тұнық ойларын жеткізе білді. Жастардың көкейіндегісін ашық жазып, ашық айта білген көсемсөз шебері атанды. Сол кезден бастап, достық әрі әріптестік байланысын күні кеше көзі жұмылғанша сақтаған адам. Ғаламат достары болды. Олар – Сапар Байжанов, Кәкімжан Қазыбаев және Шерхан Мұртаза. Көзі ашық зиялы орта «Егеменді Қазақстан» газетінің бетінде жарияланып отырған «Елім саған айтам, Елбасы сен тыңда» деп Шерхан досымен жазысқан хатты қалай күтетін еді… Ол хаттардағы айтылар ойлар, өзекжарды пиғылдар, елге деген қамқорлықты кім сезбеді?! Камал аға қайтыс болғанда Шерағаңның: «Енді мен жалғыз қалдым.. Кім енді менімен сыр бөлісіп, армандар, тілектер айтысып, кім енді маған хат жазар? Әттең, дүние-ай… Екеуміз жұп жазбай Алатауға, Ұлытауға барып-қайтып жүретін заман-ай… Сен Камал, осы заманның Баубек Бұлқышев ағаңдай батыры, қара сөздің ақыны едің. Сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан, «Лениншіл жастағы» қызметтен бері жұп жазбай, жұп жазсақ та, көз жазбай қатар келе жатқан бір жылдың төлдері едік» деп егілгені естеріңізде болар…
Камал Сейтжанұлының қажыр-қайраты, еңбексүйгіштігі, сан қырлы таланты мен жоғары парасаттылығы кімге болса да үлгі болатын. Тынымсыз еңбектің арқасында 14 кітап жазып қалдырды. Олар сол алғашқы «Мамандықтың бәрі жақсы» жазылымынан бастап, «ХХІ-ші ғасырға саяхат», «Фильм осылай туады», «Ғасыр қырқасында», «Өмірдің өзімен өлшесек», «Он бірінші» және «Қазақ киносы» сияқты әр алуан жанрда жазылған дүниелер…
Камал Смайылов – жалынды жастар көсемі, көрнекті мәдениет ұйымдастырушысы, көшелі өнертанушы ғалым ретінде талай жаңа бастама, жаңаша үрдіс, жаңа әлем ашып жүретін тұлға болатын. Қаншама таланттың жұлдызын жандырып, небір таланттарға тарыққанда демеуші, қамыққанға қамқоршы бола білді. Ол туралы белгілі қайраткер, тамаша журналист Ғаділбек Шалахметов: «Өз басым Камал ағаны өмірдегі, өнердегі ұлағатты ұстазым деп білемін. Ол кісінің тынбай ізденетін қасиеті, жұмыс десе уақытымен санаспай, жанын салатыны, кез-келген мәселені мәнісіне қанығу үшін көп оқып, көп тоқитыны бізді үнемі қызықтыратын. Екі тілде бірдей жүйткітежазып, қай ортада да жанашыр ой-пікірлерімен емін-еркін бөлісіп жататыны да оның азаматтық белсенділігінің дәлелі еді» деген еді. Сол айтқандай, Камал Сейтжанұлы Телерадио комитетінің басшылығында жүргенде талай таланттың көзін ашып қана қоймай, «Тамаша», «Қымызхана», «Алматы достарын шақырады», «Алтыбақан» және «Айтыс» сынды рухани бағдарламаларды дүниеге әкелуге мұрындық болды. «Шалқар» радиосының хабар жеткізу ауқымының мүмкіндігі кеңейіп, әрі «Алатау» телеарнасы пайда болды. Сол кездің өзінде қазақ тілінде жүргізілетін хабарлар мен бағдарламалар үлесі 60 пайыз болатын.
Камал Смайыловты киногерлер де ерекше құрметтейді. Тарлан киногер, КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық иегері Асанәлі Әшімов: «Камал Смайылов есімі қазақ киносының дәуірлеу кезеңімен тікелей байланысты. Мен ғана емес, бұл бағаны қазақ зиялысы баяғыда айтып қойған. Атақты «Қыз Жібек» фильмін түсіруге Кәмкеңнің сіңірген еңбегі ерекше. Менің асыл ағаммен достығым осы жылдардан басталды. Одан әрі актер болып қалыптасуымда Кәмкеңнің қамқор көңілі де, аялы алақаны да маған ыстық. Сонау бір жылдары «Атаманның ақыры» фильмін бір сериялы етіп шүнтитіп тастаған кезде Кәмкең Мәскеуге барып, үлкен білімділігі мен алғырлығын танытып, ақырында, ту сонау Мәскеуден телефон шалып: «Жігіттер, бәрі жақсы болды. Фильм екі сериялы болып шығады» деді емес пе? Бәріміз балаша мәз болып, қуанып жаттық. Сол дауысы құлағымда қалды… » деп сағынады.
Әрине, Камал Смайыловтың заманы оңай болған жоқ. Кешегі кеңестік дәуірде ұлттық өнер мен мәдениетті өркендетемін деп қисынын тауып, қатаң идеология тұсында да ол кісі туған еліне қажетті кино мамандарын даярлау ісіне де аянбай атсалысты. Таланттар шоғырының арасында белгілі режиссер Қанымбек Қасымбеков та бар еді. Киногерлер ортасында Кано атанып кеткен әріптесіміз: «Менің тұңғыш фильмім – «Шоқ пен Шер» Камал ағаның қолдауымен және қамқорлығының арқасында дүниеге келіп, дүйім жұртқа танылған еді. Содан бері қырық жылдай уақыт өтіпті. Қандай жаңа туынды бастамас бұрын, киностудияға табан басқанда Камал ағаның: «Кано, көп ойландың ба?» деген жанашыр бір ауыз сөзі еске түсіп, маған үнемі талант пен талғамның арасына таразы болғандай ойлантып тастайды» деген шынайы сезімін білдіреді.
Шындығында да Камал Сейтжанұлы Кинематография комитетіне басшылық еткен кезінде бүгінде қазақ киносының классикасына айналған фильмдер – «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Көксерек», «Шоқ пен Шер», «Мәншүк туралы жыр», «Ел басына күн туса», «Ана туралы аңыз», «Қараш-қараш оқиғасы», «Алдар көсе», «Қилы кезең» туындылары түсірілген болатын. Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев пен Сұлтан Қожықов сынды тарлан режиссерлердің шығармашылық шырқау биікте болған шақтары болатын. Белгілі ақын Олжас Сүлейменов: «Біз ол кезде жауапты жұмысқа кіріскен жас бөрілер едік. Режиссер Абдолла Қарсақбаев «Жұлдыздар сөнбейді» деген революция туралы кезекті фильмін қоюға кірісіп жатқан. Өндіріске кеткен. Түсіруі енді басталмақ. Сол арада біз сценарлық коллегия мүшелері – Әкім, Асқар, Қалихан бәріміз бірігіп, оқыс шешім қабылдадық. «Бізге революция жайында тағы бір фильмнің не керегі бар? Фильмді тоқтатамыз, сценарийді қайта жазамыз» дедік. Түсіріп жатқан фильмді тоқтату деген арындап келе жатқан поезды тоқтатудан оңай емес. Талқыладық, толғандық, Орталық Комитетке бардық, жаңа хатшыға түсіндіріп бақтық. Ол келісті. Бірақ, сонда өндірістік, қаржылық жауапкершілікті бір адам – киностудияның директоры алуы керек! Алмауына да болатын еді. Бірақ, біздер сияқты кеше ғана комсомолдан келген жас директор бәрін өз мойнына алды. Фильм тоқтады, мен сценарийді бірнеше күнде жазып шықтым. Сөйтіп, «Қилы кезең» деген тамаша фильм дүниеге келді» деп толғанады.
Сонымен қоса, қазақ мультфильмінің басталып әрі өркендеген шағы еді. Әмен Хайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінен бастап түсірілген ол салада Ерсайын Әбдірахманов, Жәкен Дәненов, Ғани Қыстауов пен Қалдыбай Сейданов сынды талантты жастар да өз қолтаңбаларын жасай білген уақыт еді. Ол туралы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Әмен Хайдаров былай дейді: «Киностудияға 1966 жылы 33 жастағы директор келгенде сондай қуандым. Өзім соғыстан кейін ВГИК-тің көркемсурет факультетін бітірген едім. Мультфильмнің наброскалары бар. Жүрексінсем де Камал Сейтжанұлының қабылдауына кірдім де, осылай да осылай, «біз де мультфильм жасасақ, сәбилерімізге өз дүниемізді көрсетсек» дедім. Камал орнынан атып түрегеліп, орынбасары Роза Моисеевнаны шақырып алып, «мынаны өндіріске жібереміз, қаржы табыңыз» деді. Роза болса шырылдап жатыр «болмайды-болмайдының» астына алып. «Мен сізге айттым, Мәскеумен өзім келісемін, қорықпаңыз» деп оны шығарып салды. Сөйтіп, Камалдың арқасында Қазақ анимациясы дүниеге келді. Кейін жыл сайын 4-5 фильмді өндірістік жоспар бойынша жасап келдік қой. Міне, ол қандай адам болған. Кейін екеуміз Өнер академиясында да әріптес болдық. Сол 67-ші жылдан бастап, сыйластығымыз үзілген жоқ».
Камал Смайыловтың 60-70- шы жылдардағы өмірі қазақ киносымен тығыз байланысты екенін көзі ашық, көңілі қырағы азаматтардың бәрі біледі. Ол жылдары «Қазақфильм» киностудиясын (Шәкен Айманов есімін өзі бергізген) және Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетті басқарды. Өзі де өмір бойы киноны жақсы көріп, жанашырлық танытып жүрді. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Кино және ТВ» факультетін ашуға мұрындық болды. Камал Смайылов 1975 жылы сол ВГИК қабырғасында «Қазақ киносының қалыптасуы және өркендеуі» тақырыбында өнертану ғылымдарының кандидаты атағына диссертация қорғап, артынша «Фильм осылай туады» кітабын жазып шығарады.
«Камал Сейтжанұлы екі мәрте министр болды. Алдына кірген кісілердің тізесі дірілдейтін кабинеттерде де отырды. Кино мен телехабарлар тағдырын уысында ұстады. «Хрущев жылымығы» жабылып, тоқырау басталған жетпісінші жылдардың қара суық ызғары соға бастаған кезде әдебиет, кино қайтадан қыспаққа алынды. Бір фильм түсіру үшін сценарий авторы (солардың бірі өзім ғой!) Алматыдан Мәскеуге дейін жиырма екі тосқауылдан өтетін. Жиырма екі тосқауыл – жиырма екі қақпан құрып отыратын. Бірінен бірі қырағы болып көрінуге тырысатын. Сол қақаған заманда да Камал Сейтжанұлының жұмсақ мінезі жібіте білетін. Партия да оған қатты сенетін. Ол кісі араша түссе, дүдәмал мәселеге де көз жұма қарайтын. Демократия қудаланған заманда Камалдың табиғи демократтығы қаһарлы бастықтардың қабағын жылыта білетін» деп досы, әріптесі, Қазақстанның Халық жазушысы, кинодраматург Әкім Тарази есіне алады.
Ұлы Абайдың «Сүйер ұлың болса, сен де сүй, сүйінерге жарар ол» деген парасатты ойы дәл осы Камал Смайыловқа арналғандай. Камал Сейтжанұлының жарқын бейнесі қазақ өнерінің жанашыры әрі көшбасыларының бірі ретінде халықтың көкейінде мәңгі қалатыны сөзсіз.
Ғайнижамал ӘБІЛДИНА,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор