Аймақ басшысы ауылдарды аралады
Өткен аптада Ұлытау облысының əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ ауданымызға жұмыс сапарымен келіп қайтты. Өңір басшысы өз сапары барысында ауданның бірқатар ауылдарын аралап, егін егу барысымен танысты.
Маңызды нысандарды аралады
Облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы өзінің жұмыс сапарын Қаракеңгір селолық округінен бастады. Аймақ басшысы əуелі «Ұлытау-Бозтұмсық-Малшыбай-Сəтбаев» бағытындағы күрежолды орташа жөндеу жұмыстарымен танысты.
Орайы келгенде айта кетейік, биыл аталмыш бағыттағы күрежолды жөндеу үшін бюджеттен 925 млн. теңге бөлініп, жұмыс уақыты 2023-2024 жылдар аралығы деп келісім-шарты жасалды. Қазіргі таңда Бозтұмсық-Алғабас жолының 15 шақырымын жөндеу жұмыстары басталған. «Ұлытау-Бозтұмсық-Малшыбай-Сəтбаев» бағытындағы 40-55 шақырым жолды орташа жөндеу, қайта қаптау əдісімен жүргізіледі. Яғни жолға қалыңдығы 7 сантиметр суық асфальт бетон қоспасынан жасалған асфальт жабыны төселеді жəне жол жиектері нығайтылады. Бұл жұмыстар жұмыс кестесіне сəйкес мамыр айының 5-нен басталып, қыркүйектің 30-да аяқтау жоспарланған. Қазіргі таңда, мердігер тарапынан қажетті инертті материалдарды дайындау жəне автогрейдермен топырақтың үстіңгі қабатын кесу, тегістеу жұмыстары жүргізілуде.
Берік Əбдіғалиұлы келесі кезекте Қаракеңгір елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысымен танысты. Фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысын салуға облыстық бюджеттен – 128 млн. 090 мың теңге бөлінген. Құрылыс жұмысы 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап жүргізілуде. Биыл құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, қолданысқа беру жоспарлануда.
Облыс əкімі ФАП-тың құрылысын белгіленген уақытта сапалы аяқтауды, нысанды техникалық тексерістен өткізуді, жаңа ФАП-қа жас мамандарды тарту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
Бұдан соң өңір басшысы ауыл тұрғындарымен кездесті. Жиында өңір басшысы қаракеңгірліктердің ауылшаруашылығын дамытуға қатысты, əлеуметтік көмектер мен қайтарымсыз грант қаражаттары, бөлінетін субсидиялар жайындағы сауалдарына жауап берді.
Кездесуден кейін облыс əкімі тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Жол мəселесі шешімін табады
Облыс əкімінің жұмыс сапары Аманкелді селолық округінде жалғасты. Жұмыс сапары барысында Берік Əбдіғалиұлы алдымен Сарлық-Ұлытау бағытындағы жолдың асфальтталуы қажет 10 шақырымның жайымен танысты.
Биыл аталған жерге облыс бюджетінен 232 млн. теңге бөлінді. Конкурс жарияланып, мердігер анықталған соң жөндеу жұмыстары басталмақ. Аяқталу мерзімі 2024 жылға жоспарланып отыр.
Өңір басшысының аралау жұмысы барысында 2021 жылы күрделі жөндеуден өткен №3 Аманкелді орта мектебінің ғимараты да назардан тыс қалмады. Аталған жұмыс аясында 158 858 227 теңгеге білім ошағының жылу жүйесі, ғимарат шатыры, есіктері, терезелері ауыстырылған болатын. Сонымен қатар, ток жүйесі де жаңадан тартылып, қоршауы айырбасталған.
Жұмыстың барысымен танысқан аймақ басшысы мектепті күтіп-ұстауға қатысты бірқатар тапсырмалар берді берді.
Бұл ауылда да облыс əкімі тұрғындарымен жүздесіп, жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Қабылдау барысында тұрғын үй жəне кəсіпкерлікті дамытуға қаражат алу сауалдарымен келген аманкелділіктердің мəселесін шешу үшін Ұлытау ауданының əкімдігіне тиісті тапсырмалар берді.
Облыста тұқым себу басталды
Қысы қытымыр, көктемі кеш келетін Ұлытау өңірінде көктемгі дала жұмыстары өзге аймақтарға қарағанда кештеу басталады. Биыл да мамыр айының ортасында өңірде жаппай тұқым себу науқаны басталды.
Облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы көктемгі дала жұмыстарының басталуына сəйкес, облыстағы егінмен айналысатын шаруа қожалықтарын аралап, егістіктердің жайымен, тұқым себу науқанының барысымен танысты. Өңір басшысы алдымен Ұлытау селосынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан «Молдашев М» жеке шаруа қожалығында болды.
Аталған қожалық биыл 500 гектар жерге бидай егуді жоспарлапты. Жұмыс сапалы, əрі дер уақытында жүргізілуде. Тұқым да, техника да сақадай-сай əзірленгендіктен науқан ойдағыдай өтуде.
Облыс əкімі бұдан соң Ұлытау ауданы бойынша егін өсірумен айналысатын ең іргелі шаруашылық – «Бекетай баба» шаруа қожалығына атбасын тіреді. Қаракеңгір селолық округіне қарасты Барақ көлінің бойында орналасқан шаруа қожалығы биыл жалпы аумағы – 5500 гектар жерге дəнді-дақылдар себуді жоспарлап отыр. Оның 5000 гектары – бидай, 500 гектары – арпа.
Қазір шаруа қожалығында науқан қызу жүріп жатыр. Егер ауа райы қолайлы болып тұрса тұқым себу уақытылы аяқталады, дейді диқандар.
Орайы келгенде айта кетейік, Ұлытау ауданы облысымыздағы астық өсірумен айналысатын бірден бір өңір. Биыл аудан диқандары 20 мың гектардан астам жерге дəнді дақылдар егуді жоспарлапты.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ