Қайда кетті құдай-ау, бауырмалдық?
Біз жанды жатырқамайтын бауырмал, мейірімді, дархан даламыздай кеңпейіл, жанымыз жомарт, қайырымды, қиындыққа шыдамды халық едік қой. Кешегі адам төзгісіз жоқшылық, тарыншылық, қисапсыз қиын заманда бір-біріне қамқорлық жасап, көмектесіп, бір үзім нанын бөліп жеген, жесірін тентіретпеген, жетімін жылатпаған, әлсізін қолтықтап құлатпаған халық едік қой. Қыста екі-үш үй бір бөлмеге қыстап, бір отқа жылынып, бір қазанға ас пісіріп, бір дастарханнан тамақ ішіп, бір үйдің адамдарындай, барды бөлісіп, қанағатқа қарын тойғызып жүре беретін едік. Өздері жарты құрсақ болып жүріп, тамағының дәмдісін, сүбелісін өздері жемей қонаққа сақтайтын. Ал ауыл ақсақалдары «Сыбағамыз», «Омыртқамыз» бар деп әр үйге шақырмай-ақ баратын. Үй иелері қуана қарсы алып, барын дастарханға қойып, жаны қалмай күтетін. Ақсақалдар отырған жерінде өнегелі, үлгі әңгімелерді, тарихи оқиғаларды, діни шариғаттар айтып отыратын. Естіп отырған жастар тәрбие мектебінен сабақ алғандай көп нәрсені үйреніп, естеріне сақтап, өміріне үлгі ететін, Қарттардың барған үйіне жастар да баратын. Ол тек үлкендердің әңгімесін тындау үшін баратын еді. Сол қарттар нағыз қазыналы қарттар, ақылшы ақсақалдары, тәрбие мектебінің ұлағатты ұстаздары болатын. Ал қазіргі қарттарымыздың бас қосқан жерде айтатын әңгімелерін тыңдағың келмейді. Кешегі қазыналы қарттарымызды сағынышпен еске аламыз. Сол бір азапқа толы, ауыр заманда адамдар бір анадан туғандай бауырмал, қайырымды, бір-біріне жандары ашып тұратын. Бірінің қолы темей жатса оның жұмысын келесі біреу тындыра салатын. Бұрынғы кезде өздері бір жаққа баратын болса, үйінің шаруасын көршісіне тапсырып, алаңсыз кете беретін. Ал көршісі оның сиырын сауып, сүтін тартып, қаймағын былғап, майын алып, оны тұздап, қарынға салып қоятын. Барлық шаруасын өз шаруасындай тындыратын еді. Үйдің есігі күні түні ашық тұрады, құлып тиек дегендер салынбайды. Қонақ қай уақытта келсе де есікті қақпай кіріп келеді. Біреудің мүлкін ұрлау, біреуге қиянат жасау деген болмайтын. Әлде қалай біреу келеңсіздік жасаса ақсақалдар оның сазайын беріп, сабасына түсіретін. Сол бір тарыншылық заман адамдардың кең пейілін тарылта алмаған еді.
Ал, бүгінде Аллаға шүкір, бәрі бар, халықтың жағдайы жақсы. Жоқ үйде шетелдің қымбат бір машинасы, барында екеу-үшеуі бар. Үйдін ас үйіне дейін телевизор қойылған, компъютер, адам бассайын, тіпті балаларға дейін қымбат ұялы телефон бар. Тойды, құдайы асты семіз жылқы сойып, қаладан қымбат дәмханаларда асаба жалдап өткізеді. Баланың туғанынан бастап, бір жасқа келгені, мектепке барғаны, мектеп бітіргені, өзінің жиырма бес, отыз, қырық, елу жасқа келгенін дүріретіп тойханаларда тойлайды. Мұның бәрі баршылық, тоқшылықтың белгісі.
Ал осы тоқшылық, байлық адамды бұзады екен. Бұл адамды қанағатсыздыққа, ашкөздікке, тойымсыздыққа, қатыгез, қайырымсыздыққа, дүниеқоңыздыққа, қараулыққа, дүниеден басқаны көрмейтін көзі де, көкірегі де көрсоқырлыққа соқтықтырады екен. Мұндай жандар ұлттық құндылықтарымыздан мақұрым болғаны. Оның байлығы сарайында, жинаған қаржысы сандығында шіриді. Сөйтіп өзінеде бұйырмай іріп-шіріп құриды.
Әлде қалай жолың түсіп, отарлап қой, бір табын ірі қара, үйірлеп жылқы өсіріп отырған шіріген байдың үйіне бара қалсаң беттері отқа күйген тері тулақтай тырысып, біреуі қаза болғандай қабақтарынан қар жауып, сәлеміне үн бітіп қалғандай ернін жыбырлата салады. Мұны айтып еңірегенде, өзіңнің қоса жылағың келіп кетеді. Қалтаңда ақшаң болса «құдайы» деп бере салғың келеді. Оның зарын тыңдасаң ашаршылықтан азап шегіп отырған, мүсәпір адам сияқты. Ол үйге кіріңіздер – деп те айтпайды. Онда тұрақтай алмай аттанып кетесің. Келесі бір байдың үйіңе келсең оның да айтатыны осы ән бірінен-бірі жаттап алғандай. Бұлар кешегі байлығы жоқ, қарапайым, қатардағы азамат кезінде барғанда «үйге кіріңіздер, дәм ішіп кетіңіздер» деп жік-жапар болып машинаның алдында тұрып алып, еріксіз үйіне кіргізіп, дәм беретін ақжарқын азаматтар сияқты еді. Байыған кезде өзгеріп шыға келген осыларды көргенде баршылық, байлық адамды бұзады екен-ау деген ойға келесің. Кешегі тапшылық табан тіреп тапжыл тпай, кедейшілік кеңірдектен қысып, тынысыңды тарылтып, жетімсіздік желкеге мініп, тұқыратып тұрған кезде, қонақжайлылық әдетімізді жоғалтқан жоқ еді. Бір асым етімізді, дәмді тағамдарымызды өзіміз жемей, қонаққа сақтайтын, қонақ келсе «Қыдыр келді» деп, көп болып келсе «қырықтың бірі қыдыр» деп ықыласпен қарсы алып, барымызды алдына тосушы едік. Барымыз жетімсіз болса да, сауып отырған жалғыз сиырымыздың бұзауын сойып күтетін кеңпейіл қазақ едік қой. Біздің халқымыздың аты жанды жақтырмайтын бауырмал, қонақжайлылығымен, дархан дастарханы мен шыққан жоқ па еді. Сол бір тар заманда от тұтататын сіріңке де болмайтын. Бір үй «шақпақ таспен» от тұтатса, ауыл сол үйден келіп от алатын. Сол кезде от алуға келген әйелдің отыз ауыз сөзі бар деген мақал да шыққан. Бірінде жоқты, бірінде бар болса ала беретін тойға, қонаққа баратын болса, өзінде жоқ болса, көршісінің тәуір киімін киіп, атын мініп кете беретін. Ал көршісі оның бетін қайтарып, қолын қақпайтын. Адамдар сондай бауырмал, қайырымды болатын. Ал қазір мұның бірі де жоқ. Сол ата дәстүр, салттарымыздың бәрі өмірден өткен аталарымыз бен аналарымыздың жүрегінде бірге кетіп қалғандай. Болмаса көшкен жұртымызда ұмыт қалғандай. Бұрын күні-түні ашық тұратын үйдін есігі түгілі, қораның есігіне дейін қара құлып салатын болдық. Ал үйге екі жерден құлып салатын темір есік салдық. Біреу есік қақса, не орнатылған қоңырауды басса, есіктегі кішкентай тесіктен бір көзімізді қысып тұрып, бір көзімізбен сығалап қарап, кім екенін көрмей есік ашпаймыз. Есік түнде ғана емес, ұзақты күн бойы құлыптаулы тұрады. Әрине, бұл бір жағынан мәжбірлік деуге де болады. Бұрын мал-мүлікті ұрлау деген болиайтын. Біреудің бір заты жоғалса, оны тапқан адам иесіне әкеліп беретін, малы жоғалса көрген адам айдап әкеліп табыс ететін. Ал қазір мал-мүлікті ұрлау етек алып барады. Сондықтан «сақтықта қорлық жоқ» деген сақтық жасау да керек. Мұса пайғамбар «Аллаға тапсырдым» деп есегін бос жіберейін деп жатқанда, «Мұса, есегіңді тұса, сақтансаң сақтаймын» деп аян берген дейді.
Біздің халқымыз кеңпейіл, жомарттығымен қоса өте мәдениетті халық. Бұл аналарымыздың ақ сүтімен бойымызға сіңген асыл қасиет еді. Бұрынғы аналарымыз үлкен кісілердің ғана емес, ер адамдардың алдын кесіп өтпейтін, олар өтіп кеткенше қолдарын кеуделеріне қойып иіліп, сәлем етіп тұратын. Өмірі үлкен үйдің төріне шықпайтын. Төрден бірдеңе алу керек болса не қайнысын, не қайынсіңілісін жұмсайтын. Олар жоқ болса көршісін шақырып соған алдыратын, жас әйелдер түгілі қарт аналардың өзі бір тал шашын көрсетпей, кимешек киетін, жеңгелері қайнысының атын атамайтын «мырза жігіт», «сал жігіт», «үлкен үйдің ұлы», қайынсіңілілеріне «моншақтым», «еркетайым» деп әдемі аттар қоятын. Қайынағаларын «ағатайым, көке», әйелдерін «үлкен үйдің келіні, абысын» деп атайтын. Бұлардың бәрі ұлттық ғажайып мәдениет еді. Бұл жастарды бауырмалдыққа, мейірімділікке, адамгершілікке, сыйластыққа тәрбиелейтін ұлттық мектеп сияқты болатын. Аналарымыз тіпті күйеуінің де атын атамай «біздің үйдің отағасы, мырзаштың көкесі» деген сияқты жарасымды атпен атайтын. Үлкен кісілерді былай қойғанда кәмелетке толған ұл-қыздар намаз оқып, ораза ұстайтын.
Осындай ұлтымыздың құндылықтарын кешегі Қызыл империяның сайқал саясаты жойып жіберуді, небір кесірлі, кесапат шараларын қолданып, бірыңғай орыстандыру шараларын жүргізеді. Тілімізге, дінімізге, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызға қасарысып қарсы болды. Жастарға да, жасамыстарға да еліктеу сезімі пайда болды. Қызылдармен бірге адамның санасын улап, аздыратын арақ деген бәле келді. Бұл ер адамдар ғана емес, әйелдерге дейін жаулап алды. Арақ дастарханның басты асына айналды. Қазақтың қымызы, бас пен жамбас, жая дегендер арақтың қалтарысында қалды. Қыздарымыз ар-ұятты ұмытып, арқасына түскен қос бұрымды күзеп, ер адамша шаш қойып, жартылай жалаңаш жүретін болды. Егде әйелдердің өзі шаштарын қидырып, жалаңбас жүрді. Адамдар бір-бірімен орысша сөйлесетін, тіпті орыс тілінде сөйлесу әдеті отбасында қалыптасты. Бұл бір жағынан еліктеу болса, екінші жағынан қызылдардың саясаты мәжбүр етті. Өйткені, орыс тілін бімегендер ешқандай қызметке алынбайтын болды. Қазақтар балаларын орыс мектептерінде оқытуға мәжбүр болды. Сөйтіп тіліміз жойылып кетуге шақ қалды. Көптеген ұлттық ерекшеліктерімізді ұмыттырды. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық болмысымыз жұтылып кетудің аз-ақ алдында тұрды.
Иә, бұл апаттан еліміз егемендік алып, Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін құтылдық. Өткен 30 жыл ішінде, жоғалтқанымызды тауып, ұмытқанымызды еске түсіріп, ұлттық құндылықтарымызды қалыптастырып жатырмыз. Алайда, 70 жыл бойы санамызға сіңірген жағдайлардан толық арылу үшін әлі де көп жұмыстар атқаруымыз қажет. Аллаға шүкір, қазір халықтың жағдайы жақсаруда. Барлық жағдай бар, бірақ осы адамдардың пейілі неге тарылып барады? Барлыққа, байлыққа мастанып, арсыз аранның арбауына, қанағатсыздықтың қамауына, қайырымсыздықтың қармағына, тойымсыздықтың торына түсіп, сараңдық санамызды жаулап алған сияқты. Адалдық, қайырымдылық дегенді базарда тұрған сатушы аға-жеңгеміз, іні-қарындастарымыз, апа-жезделеріміз біреуге сатып жібергендей. Қылымсып тұрып қымқырып, жымиып тұрып жымқырып қалғысы келіп тұрады. Әйтеуір біреуден-біреудің алғысы келіп, аяғынан шалғысы келіп тұрады. Осыларды көргенде «Қайда кеткен құдай-ау, бауырмалдық?» — дейсің.
Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.