Қай ел қалай тойлайды?
Бүкіл әлем тойлайтын дәстүрлі Жаңа жыл мерекесі кейбір елдерде демалыс күні ретінде рекордтық деңгейде. Оған себеп, мерекенің Рождество мейрамымен астасып жатқандығы. Айтар болсақ, Арменияда мерекелік демалыс кей жылдары 11 күн болады екен. Ал, Ресейде 10 күн демалады. Қазір көршілеріміз 31 желтоқсанды «қызыл күн» етіп белгілеуді ұсынуда.
Католик дініндегі елдерде желтоқсан айында Рождество каникулі басталады. Бірақ, демалыс күндері әр елде әртүрлі. Әсіресе, Испания мен Италияда бұл мерзім нағыз қысқы демалыс саналады.
Қытайда Жаңа жыл мерекесіне дайындық 15 күнге созылады. Бұл уақытта елде түрлі шаралар ұйымдастырылып, салт-дәстүрге қатысты театрландырылған көріністер қойылады. Бір ғажабы, сол шараларға қытайлар жаппай қатысады.
Еврейлердің Ханука мерекесі 8 күнге созылады. Шырақ жағып, Жаратушыға құлшылық жасайды. Бұл күндері ересектер жұмыс істейді, бірақ, балалар үшін бір апта демалыс беріледі.
P.S. Енді осылай ұзақ тойланатын мерекелер қатарына Қазақ еліндегі Жыл басы – Наурыз мейрамы қосылды. 14-23 наурыз аралығындағы Ұлыстың Ұлы күнінде ұлттық құндылықтарымыз айқын көрініс беріп, әдет-ғұрыптарымыздың «иісі» аңқып тұруы қажет.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ