Аида Балаева еріктілерді Халықаралық волонтерлер күнімен құттықтады
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Халықаралық волонтерлер күніне орай құттықтау жолдады.

Министрдің айтуынша, бүгінде волонтерлік еліміздегі қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналып, мәдениет, білім, экология, медицина және әлеуметтік қолдау салаларының дамуына елеулі үлес қосып келеді.
«Кейінгі жылдары Қазақстанда волонтерлікті мемлекеттік қолдаудың біртұтас жүйесі қалыптасты, ол әрқашан мемлекеттік саясаттың назарында. Дәл бүгін БҰҰ-ның Нью-Йорк қаласындағы Штаб-пәтерінде Орнықты даму жолындағы Халықаралық волонтерлер жылы ресми бастауын алады», деді Аида Балаева.
Министр атап өткендей, бұл жылды жариялау туралы ұсыныс Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан.
«Мемлекет сіздердің белсенділігіңізді, азаматтық ұстанымыңыз бен жасампаз істеріңізді жоғары бағалайды. Біз волонтерлік бастамаларды одан әрі қолдаймыз және даму үшін мүмкіндіктерді арттырамыз. Барлық волонтерлерге еліміздің дамуына қосқан үлесі, табандылығы, мейірімділігі мен өз ісіне адалдығы үшін шын жүректен алғыс айтамын. Сіздердің игі істеріңіз әрқашан құрмет пен қолдау тауып, адамдарға қуаныш пен шаттық әкелсін.
Сіздерге зор денсаулық, амандық, күш-қуат және қоғамға қызмет ету жолында табыс тілеймін!», делінген құттықтауда.
