«Алтын сұңқар» сыйлығы — Ұлытаудың еншісінде

Бүгін Қарағандыда аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің қатысуымен облыс әкімінің бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасындағы «Алтын сұңқар» сыйлығын табыстау рәсімі өтті. «Ұлытау» газетінің бас редакторы Ахат Құрмансейітов аталмыш сыйлықтың «Ауыл тақырыбын үздік жариялау» номинациясы бойынша лауреат атанды.

 

Ахат Құрмансейітов еңбек жолын Ұлытау ауданында бастаған. Ұзақ жыл мемлекеттік қызметте — аудандық, қалалық деңгейдегі басшылық лауазымдарда болды. Әйтсе де, қаламнан бір сәт қол үзбей, қарымды журналист, ақын ретінде оқырман талғамынан шыға білді. Журналистік жолын  Жезқазған қалалық «Сарыарқа» газетінде бастаған. Кейін облыстық  «Орталық Қазақстан» газетіне ауысты. Облыстық басылымда Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары және Ұлытау, Жаңаарқа аудандары бойынша меншікті тілші, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары  лауазымдарында қызмет атқарды. 2020 жылдан Ұлытау аудандық «Ұлытау» газетінің Бас редакторы.

Ахат Құрмансейітовтың басшылыққа келуімен «Ұлытау» газеті қайта түлеп, жаңғыртылған мазмұнда  жарық көре бастағанын айта кеткен жөн. Аудандық газеттегі айтулы өзгерістер облыс басшыларының да назарынан тыс қалмады. Журналистер мерекесі қарсаңындағы жағымды жаңалық та сол еңбектің жемісі екені анық.

Нұрлыхан Қалқаманұлы.