Аграрлық мәселелер талқыланды
Ұлытау облысының әкімі Дастан РЫСПЕКОВТІҢ төрағалығымен өткен кезекті аппарат жиынында өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының, әсіресе мал шаруашылығының қазіргі ахуалы мен болашағы кеңінен талқыланды. Күн тәртібінде мал шаруашылығын дамыту,
ветеринариялық бақылауды күшейту және саланы цифрландыру секілді бірқатар маңызды мәселелер көтерілді.
Жиын барысында өткен жылмен салыстырғанда облыстың мал шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі айтарлықтай артқаны атап өтілді. Бұл көрсеткіш – агроөнеркәсіп кешеніндегі жүйелі жұмыстың нәтижесі. Өңір басшысы бұл бағыттағы табыстарды жеткілікті деп есептемей, алдағы уақытта да саланы одан әрі ілгерілетуді, оның ішінде заманауи технологияларды енгізу және өнімділікті арттыру бағытында нақты жұмыстар жүргізуді тапсырды.
«Отбасылық ферма» жобасы – ауыл
шаруашылығын дамытудың негізі. Аймақ басшысы аудан әкімдіктеріне осы жобасын ілгерілетуді күшейту қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл жоба ауыл тұрғындарының табысын арттырумен қатар, ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай ұсақ, бірақ тиімді шаруашылықтар ауылдық жерлерде жұмыспен қамтуды ұлғайтып, әлеуметтік тұрақтылыққа да оң әсер етпек.
Кеңесте инвестициялық жобалар –
жаңа серпін әкелетіне де кеңінен сөз болды. Осы орайда Жаңаарқа ауданындағы Айнабұлақ ауылында 1000 басқа арналған асыл тұқымды ірі қара мал шаруашылығы кешенін құру жоспары жарияланды. Бұл –
облыстың инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Облыс әкімі жер беру мәселесін заң аясында жеделдетіп шешуді тиісті органдарға тапсырды.
Сонымен қатар, ет өнімін өңдеуді дамыту мақсатында «Қазақмыс» корпорациясымен және «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, жаңа өңдеу кәсіпорнын ашу жөнінде ұсыныс дайындау қажеттігі айтылды. Бұл өңірлік экономика үшін маңызды қадам болмақ.
Облыс басшысы эпизоотиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстау қажеттігін баса айтты. Әсіресе санитарлық талаптарға сай келмейтін ветеринариялық нысандар бойынша нақты шаралар қабылдап, жұмыс сапасын арттыру міндеттелді. Сонымен қатар, облыстың ветеринария басқармасына қала және аудан әкімдіктерімен бірлесе
отырып, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстарын бір ай ішінде толық аяқтау тапсырылды.
Кеңесте 1 тамыз бен 30 қазан аралығында өтетін Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының маңыздылығы ерекше аталды. Облыс әкімі аталмыш санақтың сапалы әрі
уақтылы өтуін қамтамасыз ету үшін барлық деңгейдегі атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берді. Санақ нәтижелері алдағы жоспарлар мен мемлекеттік бағдарламаларды нақтылау үшін маңызды негіз болмақ.
Сонымен, Дастан Рыспековтің төрағалығымен өткен кеңесте ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған жүйелі шаралар белгіленіп, жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар жүктелді. Бұл өңір экономикасын әртараптандыруға және ауылдық жерлердің әлеуетін толық іске асыруға зор мүмкіндік береді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.