АЭС құрылысы — маңызды мәселе
Күні кеше Елордамыз Астана қаласында Парламент сенаты мен мəжілістің бірлескен отырысында мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының халқына «Əділетті Қазақстан: заң мен тəртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын арнады. Аталмыш Жолдауда Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ елде атом электр станциясын салу мəселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтетіндігі туралы Жарлыққа қол қойғандығы баршамызға мəлім.
Бүгінгі күні мемлекетімізде Атом электр станциясын салу мəселесі басты назарда. АЭС құрылысы мемлекетіміздің экономикалық саяси тұрғысынан қолайлы болмақ. Осы орайда жалпыхалықтық референдумға қатысып, ойымызды білдіргеніміз абзал деп есептеймін. Əлемде атом электр станцияларын (АЭС) салу тəжірибесі көптеген елдер үшін энергияның сенімді əрі экологиялық таза көзі ретінде қарастырылады. Бүгінгі таңда əлем бойынша 64 ядролық реактордың құрылысы жалғасуда, олардың шамамен үштен бірі Азия елдерінде салынуда. Бұл жобалар негізінен Қытай, Оңтүстік Корея жəне Үндістан сияқты елдерде жүзеге асырылып жатыр. Атом энергетикасы үшін ең алдымен уран отыны қажет. Ал Қазақстанда бұл жағынан тапшылық жоқ, уран өндіру бойынша əлемде бірінші орында тұр. Атом электр станциясын салу жаңа жұмыс көздерінің пайда болуына оң əсерін тигізеді. Атом электр станциясының құрылысы еліміздің экономикалық дамуы, қоғамдағы əлеуметтік тұрақтылық пен халықтың əл-ауқатының артуы, экологиялық мəселелерді шешуде өзгерістер алып келеді. Себебі электр қуатын тұрақты тұтыну болашақта оның тапшылығын көру қаупін туындатуда. Энергия жалпы тіршіліктің көзі екенін ескерсек – оны өндірудің тиімді жолын табу маңызды. Ендігі кезекте АЭС құрылысының тағдыры халықтың қолында.
Ақерке ҮСЕНОВА,
«Жұмағат-Нұр»ШҚ иесі.