Адам жанын түршіктірер деректер

Қазақстанда індеттің таралуы бәсеңдегенімен, әлемдегі ахуал әлі де алаңдатады. Соңғы статистикалық мәліметтерге жүгінсек, дүние жүзі бойынша дертке дауа таппай, келместің кемесіне мініп кеткендердің саны – 3 809 292 адамға жеткен. Соның 3 502-і Қазақстанда тіркелген. Әлемде қатерлі дертке қатысты күн сайын жантүршігерлік жаңалықтар жариялануда…

Коронавирус бес ай бойы кетпеген

Рио-де-Жанейро федералды университетіндегі (Бразилия) молекулалық вирусология зертханасы коронавирус жұқтырып, бес ай бойы дерттен айықпаған науқас туралы мәлімдеді.

Бұл – вирусты осыншама уақыт бойы жеңе алмаған алғашқы жайт. Бұған дейін Ұлыбритания тұрғыны COVID-19 жұқтырып, аурудан төрт айдан аса, яғни, 130 күн бойы емделген болатын.

Италия азаматы вирусты 3 рет жұқтырған

Гонконг университетінің зерттеушілері COVID-19- ды қайтадан жұқтыру дерегі анықталғанын растады. Мамандардың мәліметінше, 33 жастағы ІТ маманы сәуірде коронавирустан айыққан, алайда, қайталап тапсырған тест оң нәтиже көрсеткен. Бір айда дерттен жазылып шығып, кейіннен әлгі азаматтан індет үшінші рет анықталған. Бастапқыда дәрігерлер ер адам вирусты қайтадан жұқтырды ма, әлде, инфекция бұған дейін де оның организмінде болған ба – соны түсіне алмаған.

Алайда мамандардың сөзінше, вирус штамдары әртүрлі болған. «Көбі коронавирустан айыққан науқаста вирусты қайтадан жұқтыруға қарсы иммунитет қалыптасады деп есептейді. Бірақ кей науқастың бойында қалыптасатын антидененің мөлшері бірер айдан кейін төмендейтіні дәлелденіп отыр. Сондықтан вакцина салдырған жөн», – дейді ғалымдар.

Тағы бір ерекше симптом анықталды

Таяуда коронавирустың ерекше симптомы туралы ақпарат шықты. «The American Journal of Emergency Medicine» журналында жарияланған зерттеу бойынша коронавирустың ерекше симптомы үздіксіз ықылық ату болуы мүмкін.

Медициналық журналда коронавирус жұқтырған 62 жастағы чикаголық науқастың симптомы туралы жазылған. Ер адам сәуірде ауруханаға барып, төрт күн бойы ықылық кетпей жүргенін айтқан. Алайда онда коронавирустың әдеттегі белгілері, яғни, жөтел, дене қызуы, кеудедегі ауырсыну және ентігу болмаған. Сырқаттың сынақтары оң нәтиже көрсеткен, ал өкпесінің қарайғаны анықталған.

Мамандар бұл коронавирус жұқтырған науқастан осындай симптомдар байқалған алғашқы жағдай екенін атап өтті. Осыған байланысты дәрігерлер ықылыққа назар аударуға шақырды, себебі, бұл адамның COVID-19 жұқтыруы мүмкін екенін көрсетеді.

ҚЫТАЙ: ауруын жасырғанға – өлім жазасы

«Ауруын жасырған өледі» демекші, Қытай билігі коронавирус өршіп тұрған шақта вирус жұқтырғанын қасақана жасырған азаматтарды өлім жазасына кесу туралы шешім қабылдаған. Сондықтан Қытай халқы ауыра салысымен, бірден дәрігерлерге хабарлап отырған. Алайда ресми түрде өлім жазасына кесілгендер туралы дерек тіркелмеген. Дегенмен, әлем сарапшылары Қытай билігінің жасырын түрде дертке шалдыққандардан 50-ге тарта адамды өлтіруі мүмкін екенін мәлімдеді.

Қытайда коронавирустан да қауіпті вирус анықталды

Мамандардың айтуынша, хантавирус (мамандар жаңа вирус түріне осындай атау берген) коронавирустан әлдеқайда қауіпті болуы мүмкін. «Эволюция барысында вирустың жұқпалы деңгейі жоғарылауы немесе әлсіреуі мүмкін. Бірақ мен Синьфади нарығында анықталған SARSCoV-2 коронавирусы Уханьдағы жағдаймен салыстырғанда әлдеқайда жұқпалы деп санаймын», – дейді Ухань университеті медицина бөлімінің профессоры Ян Чжаньцю.

Ал білікті маман, Оңтүстік Кореяның Hallym халықаралық медицина университетінің түлегі және Hallym ауруханасының дәрігері Айымбек Ұлықпанның айтуынша, хантавирусты емдейтін дәрі-дәрмек жоқ. Бұл вирус жүректің тоқтауына алып келеді және науқастардың шамамен 36-40 пайызына өлім құштырады екен.

Үндістандағы коронавирус «тозағы»

Өткен сенбіде Үндістанда 400 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырғаны анықталды. Бұған дейін мұндай жағдай әлемнің ешбір мемлекетінде кездеспеген еді.

Осылайша, пандемия басталғаннан бері Үндістандағы сырқаттанғандар саны 22,2 миллионнан асып жығылды. Бұдан бөлек,сол сенбі күні елде 4 мыңға жуық адам қаза тапса, жалпы көз жұмғандар саны 215 мыңға жуықтады. Тіпті,Үндістанда коронавирус инфекциясынан зардап шеккен мыңдаған адамдардың көзі «қара саңырауқұлақшаның» дамуы салдарынан алынып тасталды.

Сондай-ақ, Буксар қаласы маңындағы Ганг өзенінен COVID19-дан қайтыс болған адамдардың кем дегенде отыз мәйіті табылды. Округ әкімшілігі көз жұмған адамдардың денесі көрші мемлекеттен сумен ағып келген болуы мүмкін деп мәлімдеді. Алайда жергілікті халық жағалауда орналасқан ауыл тұрғындары кремация (мәйітті өртеу) мен жерлеу рәсімінің қымбат болуына байланысты қайтыс болған адамдардың денелерін өзенге амалсыздан лақтырады деп санайды.

Ғаламтор желісіне үңілген Ақгүл ҚҰДАЙБЕРГЕН.