Адам құқығы мен бостандығы – негізгі құндылық

Əлемдік қоғамдастық адам құқықтары мен бостандықтарының кешенін сақтауға жəне қамтамасыз етуге ерекше назар аударады, оның негізгі құрамдас бөлігі азаптауды жəне басқа да қатыгез немесе адамгершілікке жатпайтын қарым-қатынасты қолданудан бас тарту болып табылады.

Жеке тұлғаның қол сұғылмаушылығының бір кепілі – БҰҰ-ның 10.12.1984 жылғы азаптауға жəне басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын емдеу мен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясы, оны əлемнің 150 мемлекеті ратификациялады.

Сонымен қатар, азаптау мен қатыгездікке тыйым салу бірқатар басқа халықаралық нормативтік құқықтық актілерді белгілейді: «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы» (5-бабы), «Азаматтық жəне саяси құқықтар туралы халықаралық пакт» (7-бабы).

Көрсетілген халықаралық талаптарға сəйкес мемлекеттің бірнеше маңызды міндеттемелері, соның ішінде азаптау актілерінен жəне қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас пен жазадан бас тарту жəне оларға жол бермеу міндеттемелері, сондай-ақ тиімді тергеулер жүргізу жəне осындай əрекеттері үшін кінəлілерді сот тəртібімен жауапқа тарту міндеттемелері туындайды, бұл жалпы адамзаттық жүйеде азаптауға тыйым салудың ерекше маңыздылығын көрсетеді.

ҚР ҚК 146-бабының диспозициясына сəйкес тергеушiнiң, анықтауды жүзеге асыратын адамның немесе өзге де лауазымды адамның не олардың айдап салуымен, не олар біле тұрып немесе олардың үнсіз келісімімен басқа адамның азапталушыдан немесе басқа адамнан мəлiметтер алу, мойындату, ол немесе басқа адам жасаған, жасады деп күдiк келтірілген əрекет үшiн оны жазалау, сондай-ақ оны немесе үшiншi тұлғаны қорқыту немесе мəжбүрлеу мақсатымен кез келген сипаттағы кемсiтуге негiзделген кез келген себеп бойынша қасақана тəн зардабын жəне (немесе) психикалық зардап шектiруi азаптау деп танылады.

Мемлекет басшысы 16.03.2022 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында азаптауға байланысты қылмыстарды тергеу жөніндегі функцияларды Бас прокуратураға жүктеді.

2023 жылдан бастап азаптауға байланысты қылмыстық істермен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары прокуратура қызметкерлеріне жүктелді. Бұл қадағалаушы орган өкілдеріне деген үлкен жауапкершілік. Егер бұрын азаптау туралы істерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, полицияның өз қауіпсіздігі басқармалары немесе басқа да қылмыстық қудалау органдары тергеген болса, қазір бұл істерді тек прокурорлар тергеп-тексереді. ҚР Бас прокуратурасымен «Прокуратура органдарында азаптау туралы істерді сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ұйымдастыру туралы» Нұсқаулық бекітілді.

Тəжірибе көрсеткендей, заңсыз əрекеттер камералармен қамтылмаған бейнебақылау орындарында немесе олар жұмыс істемейтін жерлерде жасалады. Бүгінгі таңда, барлық құқық қорғау жəне түзеу мекемелерінде үздіксіз бейнебақылауды енгізу жалғасуда.

Азаптаулардың себептері мен жағдайларын талдау негізінде «қылмыстық процесте жəне жазаны орындау кезінде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі Нұсқаулықты бекіту туралы» бірлескен бұйрық əзірленіп, қолданысқа енгізілді.

Бірлескен бұйрыққа барлық құқық қорғау органдарының басшылары қол қойды. Нұсқаулықта азаматтарды құқық қорғау органдарына жеткілікті деректер болған жағдайда ғана жеткізу туралы талаптар көзделген. Тергеушілерді қоспағанда, уəкілетті емес адамдардың қылмыстық құқық бұзушылық мəн-жайлары бойынша жеткізілген адамдармен қандай да бір келіссөздер, əңгімелер мен сауалнамалар жүргізуіне тыйым салынады. Жеткізілген жəне ұсталған азаматтар дереу тергеу іс-қимылдарын жүргізу үшін арнайы кабинеттерге ілесіп жүруге тиіс.

Ұстау туралы туысы немесе мүдделі тұлға дереу хабардар етіледі, хаттамада олардың байланыс деректері көрсетілуі тиіс.

Аумақтық құқық қорғау органдары басшыларының азаматтарды əкелудің, жеткізудің жəне ұстаудың заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ азаптауға жəне өзге де қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетін қорлайтын өтініштерге жол бермеуге дербес жауапкершілігі бекітілді.

Дəлелдемелерді жинау, жауап алу жəне қажетті сот сараптамаларын тағайындау бойынша шұғыл тергеу əрекеттерін жүргізу үшін прокурордың азаптау жасалған жерге дереу шығуы бойынша талаптар белгіленді.

Қəзіргі таңда, прокуратура органдары қойылған міндеттерді орындауға кіріскен, азаптау туралы хабарламаларға жүйелі түрде талдау жүргізуге бағытталған.

Ұлытау ауданының прокуратурасы.