Адал еңбектің адамы

Азамат ісімен, еңбегімен көрікті. Адал еңбек адамды табандылыққа, жауапкершілікке жетелейді. Бүгінде қоғамда белгілі бір саланы меңгеріп, сол арқылы ел мақтанына айналып жүрген азаматтар аз емес. Сондай азаматтың бірі – Октябрь КЕНЖЕБАЕВ. Ол қоғамның маңызды бөлшегіне айналған озат жұмысшы.

Октябрь Мейрамбекұлы – 1967 жылы 13 қыркүйекте Ұлытау ауылында туған, осы өлкенің азаматы. Жасынан шаруаға бейім, еңбекқор болып өсті. Орта мектепті бітірісімен Талдықорған қаласындағы Автокөлік жолдары техникумына оқуға түсіп, 1986 жылы «Жол шебері» мамандығы бойынша диплом алады. 1986-1989 жылдары Қиыр Шығыста Отан алдындағы әскери борышын өтейді. Туған жеріне оралған соң, аудандық жол жөндеу мекемесіне жол шебері болып жұмысқа орналасады. Бұл – 1989 жыл болатын. Содан бері, жол саласында еңбек етіп келе жатқанына 36 жылға жуықтады. Қаншама жыл ауыр еңбектің бел ортасында жүріп еңбек етті. Бүгінде өз мамандығын әбден меңгерген ол жол жөндеу жұмысының қыр-сырын әріптестеріне үйретіп қана қоймай, жолды күтіп-баптап ұстауға байланысты ақыл-кеңес беруден де әсте жалыққан емес. Өте елгезек жан. Жұмысына мығым, ісіне жауапты.

Октябрь Мейрамбекұлы аудан аумағындағы республикалық маңызы бар автокөлік жолдарының қауіпсіз және үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету жолында орасан еңбек сіңірді. Бұл оның «Еңбектің наны тәтті» деген ұғымды терең ұғынған дығынан болар, төккен тері де далаға кетпеді. Бірнеше рет «Қазақ Авто Жол» ЖШС-нің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болды. «ҚАЖ сервис» ЖШС-нің 25 жылдық мерейтойына орай, «Жол саласының дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін» мерекелік медалімен марапатталған. Әлі де еңбегі бағаланып, басқа да марапаттармен айшықталып жатса, ол да артық емес. Өйткені, оның жол саласына сіңірген еңбегі зор.

Зайыбы Ажармен бірге төрт бала тәрбиелеп өсірген кейіпкеріміз отбасында үлгілі әке, еңбек ұжымында беделді жұмысшы. Бүгінгі күні «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек адамдарының беделін көтеру – күн тәртібінде тұрған басты мәселе. Алдағы күндері де жұмысшы мамандар жайлы айтыла да, жазыла да береді.

Октябрь Мейрамбекұлы қарапайым жұмысшы. Жол саласына сіңірген еңбегі айтарлықтай. Қашан көрсек те, үнемі жол үстінде тынымсыз тірліктің бел ортасында жүргені. Нағыз еңбек адамы. Дала жұмысына әбден төселген жан.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.