Абзал НҮКЕНОВ: «БАҚ – Ұлттық дамудың ортақ жолын ел ішінде жүргізетін маңызды құрал»
Бұқаралық ақпарат саласы зымыраған заманның жаңа талаптарына бейімделуде. Бүгінгіде ақпараттың таралу жылдамдығы нөлге тең, тарату көздері де кез-келген интернетке қосылған смартфоны бар адам болуы мүмкін. Сәйкесінше, оқырмандардың талғамы да өзгеше, көп ақпараттың тереңіне көбінде үңілуге үлгермей жататынымыз да жоқ емес.
Дәстүрлі баспалардың бұл жағдайда өміршеңдігі бүгінгінің сұранысына икемденуіне байланысты.
Бірінші кезекте, бұл – тұтынушыларға жаңалықты жедел әрі сапалы жеткізу мәселесі. Кәсіби бұқаралық ақпарат құралдарының басқа кездейсоқ дереккөздерден ұтатын тұсы да дәл осы сапалылығында.
Екіншіден, айналадағы жағдайды, өзекті мәселелерді жан-жақты талдап, оқырмандарға ой салу. Бұл жерде ақпарат құралдарының идеологиялық құндылығы мәселесі жатыр. БАҚ-тың Ұлттық дамудың ортақ жолын ел ішінде жүргізетін маңызды құрал екенін естен шығармауымыз керек.
Осы тұста келесі бір өткір мәселе – кадрлық сұрақ. Заманауи әдістерді қолдана жаңалықтарды өтімді жеткізіп, сапалы сараптау жасайтын, ел мұраты мен асыл аманатты жүрегі мен санасына қондырған маман табу оңай емес, әрине. Сонымен қатар, «сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, облысымыздағы кем-кетікті жіліктейтін батыл журналист-мамандар да қажет-ақ.
Бұл сұрақтар Қарағанды облысы ақпарат құралдарымен кездесулерімізде де жиі қозғалып, өзімізге міндет еткен мәселелердің қатарында.
Осы орайда, өңіріміздегі оншақты теледидар мен ондаған газет-сайттарымыздың қазіргі аяқ-алысы үміт ұялатады. Мәселен, соңғы кездері saryarqanews.kz, ulytaynews.kz сияқты бірқатар ақпарат құралдары интернетте жаңадан бой көрсете бастады, теледидарларда сананы селк еткізер талқылаулар да шығып жатады. Оңды болсын!
Әрине, бұл салада атқаратын шаруа шаш-етектен. Ақпараттарымыздың азат ел мүддесіне қызмет етуі де өз алдына бір төбе мәселе. Олай болса, ақпарат кеңістігіндегі жемісті істеріміз көп болғай!
(«Фейсбук» парақшасынан).