Абыройлы асулар
Кейде қатарда жүрген азаматтардың қадірін жете бағалай алмай қалатынымыз бар. Ұлытау өңіріндегі денсаулық сақтау саласында ұзақ жыл қызмет атқарған Әбдіқадыр ОМАРОВ ірі қалалардағы емдеу орталықтарының бірінде немесе шетелдерде қызмет еткенде халықаралық деңгейде танылған ірі тұлға болар ма еді… Осы пікірді оны жақсы білетін, қарым-қабілетін пайымдай алатын замандастары жиі айтады.
Кіндік әке
Түн ортасы ауған шақ. Бебеу қаққан телефон Омаровтар отбасын шырт ұйқыдан оятты. Әбдіқадырдың телефон құлағын көтергені сол еді, арғы жақтағы адам бастырмалата жөнелді. Дауысын танып тұр. Аурухананың медбибісі Қарлығаш Әлиева. Бар ұққаны – Моряк Жаманов деген кісінің қызы Алтынай толғатып, босана алмай жатыр.
Әбдіқадыр тез жиналды да Қарлығаш айтқан үйді бетке алды. Терісаққан – енді ғана ашылып жатқан совхоздың шағын ғана орталығы. Әне-міне дегенше діттеген жерге де жетіп үлгерді. Үй іші абыр-сабыр. Түпкі бөлмедегі кереуетте жас келіншек толғақ қысып, қиналып жатыр екен. Келген бетте артық адамдарды бөлмеден шығарып жіберіп, Қарлығашты қасына алып Алтынайға таянды. Жағдай күрделі екен. Бала теріс келген. Оның үстіне кіндігіне оралып қалған сияқты. Мұндай жағдайда жедел ота жасамаса, баладан не анасынан айырылып қалу қаупі басым.
Дәрігер уақыт өткізіп тұрмады, дереу іске кірісті. Өмір мен өлім арасындағы арпалыс басталып кетті. «Қаттырақ күшен! Қарлығаш сен көмектес. Иә, сәт!» деген Әбдіқадыр шарананың аяғынан жайлап тарта бастады. Бұл қауіпті әрекет екенін іші сезеді. Байқамаса, баланың аяғын шығарып алып, кем болып қалуы да мүмкін. Кешіксе, баланың тұншығып өлу қаупі одан да басым…
Осылай арпалысып жүріп, ананы аман-есен босандырып, кіндігін кесті.
Бұл Әбдіқадыр Омаровтың Ұлытау ауданына дәрігер болып келген алғашқы жылдарының бірі еді. Содан бері ол талай ананы босандырып, кіндік әке атанды. Айтпақшы, әлгі теріс келген бала ержетіп, үйлі-баранды болған, бүгінде бір үйдің үлкені.
– Ол кезде ауылда акушер-гинеколог мамандар тапшы. Жоқ десем де болады. Дәрігер болған соң басы ауырып, балтыры сыздағанның бәрі сені шақырады. Барасың, жәрдемдесесің, емдейсің. Ол – сенің дәрігерлік парызың, – дейді Әбдіқадыр аға жымиып отырып.
Оташы
Түскі үзіліске шыққалы жиналып жатқаны сол еді, төрт адам бір жігітті көлденеңінен көтерген күйі ішке алып кірді. Жігіттің сол жақ аяғының бұлшық еті майқұйрықтан бастап, тізеге дейін тілініп кеткен. «Тілінген» деген – берісі. Ырсиып, арғы жағынан жіліншігі көрініп тұр. Алып келгендердің айтуынша, «К-700» тракторының төбесінен құлаған кезде әлдебір темір сойып түсіпті.
Әбдіқадыр қан-жоса болған жігітті кушеткаға етпетінен жатқызды да әуелі укол салып, ауыруын басты. Сосын арнайы сұйықтықпен жуып, жараны залалсыздандырды. Одан кейін, керекті дәрілерден қоспа жасап, тілінген жерге жақты. Сөйтті де, әуелі қалың етті бір бөлек тікті. Бұдан соң теріні қаусырып тігіп, дәрі жағып, орап тастады.
– Негізі бұл жұмысты кәнігі оташы жасауы керек. Бірақ, ол уақытта оташыны қайдан табайын. Аудан орталығына жеткенше қан көп кетіп, азаматтан айырылып қалуымыз мүмкін. Ауылдық жерде мұндай шешімдерге баруымызға тура келетін кездер аз болмайды. Алғабас ауылында жүргенімде де бір жігіттің қабағы тілініп, жалбырап қалды. Оны да өзімнің тігуіме тура келді. Ана тракторшы да, мына жігіт те кейін маған алғыстарын айтты. Тігілген жердегі тыртық білінер-білінбес қана. Асқыну, іріңдеу дегендер болған жоқ,- деп еске алады Әбекең сол бір қиын күндерін.
Оташының жұмысын атқару Әбдіқадыр үшін кәнігі кәсіптің біріне айналған. Әрине, оны жасайын деп жасамайды. Жағдай соған итермелейді.
Әлі есінде, соғыс және еңбек ардагері Рүстем Бұралхин деген кісінің кіші дәреті жүрмей, үш күн үйде жатып қалады. Уақытылы дәрігерге де хабарламаған. Жағдай шекке жеткенде ғана Әбдіқадырды шақырыпты. Ол ойланып жатпастан, дереу іске кірісіп, ақсақалға кататор қойып, үш литр дәретін шығарып алды. Содан кейін аудандық ауруханаға емделуге жеткізген еді.
P.S. Әңгімеміздің басында мен «Әбдіқадыр Омаров ірі қалалардағы емдеу орталықтарының бірінде немесе шетелдерде қызмет еткенде халықаралық деңгейде танылған ірі тұлға болар ма еді» дегенді айттым. Неге? Өйткені, оның еңбек жолындағы абыройлы асуларында соған лайық істер аз болған жоқ. Ол бесаспап дәрігер болды. Ауылдағы басы ауырып, балтыры сыздағандардан бастап, өмірі қыл ұшында тұрғандарға дер кезінде жәрдем жасап, аман алып қалып жүрді. Тісіне сүлік салдырамын деп аллергиядан алқымы көз алдында күп болып ісініп, тынысы тарылып бара жатқан адамның да бетін бері қаратты. Алайда оның еңбегі елеусіз қалып жатты. Жоқ. Таза елеусіз демейміз. Әбекең еңбек еткен Егінді, Терісаққан, Алғабас ауылдарындағы оның қолының шипасы тиген жандардың бәрі Әбдіқадырды көрген жерде құрақ ұшып жатады. «Мен үшін содан асқан бақыт жоқ»,- дейді Әбекеңнің өзі де.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.