Абдалы УӘЛИНОВ, Ұлытау ауданының құрылыс бөлімі басшысы: «Құрылысшы жұмысы – үлкен жауапкершілік»
Тамыз айының екінші жексенбісі Құрылысшылар күні. Бүгінде құрылыс индустриясы – экономиканың негізгі іргетасы. Қарап отырсақ, құрылыс басқа салалардан ерекше сала. Ауданның экономикалық күш-қуаты, оның әлеуметтік тұрғыдан ілгері басуы құрылыс саласының дамуына байланысты. Осы орайда, ауданның құрылыс саласындағы жұмыстарды білу мақсатында Ұлытау ауданының құрылыс бөлімі басшысы Абдалы Уәлиновпен сұхбаттасқан едік…
– Абдалы Қабенұлы! Әңгіме басын тұрғын үй құрылысынан бастасақ. Жезді кентінде және аудан орталығында жаңа үйлер бой көтере бастады. Осы үйлердің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын ба? Осының нақты жауабын айта кетсеңіз…
– Алдымен, Жезді кентіндегі тұрғын үйлер туралы айтайын. Көктемгі су тасқыны салдарынан Жезді кентінде үш үй жарамсыз деп табылған.
Осы себептерге байланысты үйін су басып, зардап шеккен тұрғындарға жаңадан үй салып беру қарастырылған. Бұл мәселе жөнінде облыстық бюджеттен қаржы бөлінген болатын. Ағымдағы жылдың мамыр айында аудандық құрылыс бөлімі, «KazMySKuryIys» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім-шарт жасасқан еді. Бүгінгі күні Жезді кентінде үш үйдің қабырғалары тұрғызылып, төбелері толықтай жабылды. Ішкі қабырғаларына сылақ жұмыстары жасалынып жатыр. Құрылыстың аяқталу мерзімін тамыз айының ортасына белгілегенбіз. Жақын күндері тұрғындарға пәтер кілттері табысталады.
Ал екіншісі аудан орталығындағы Абай көшесі бойынан салынып жатқан үш қабатты 30 пәтерлі тұрғын үй ғой. Бұл үйдің құрылысы 2023 жылы басталған. Құрылыс нысанын салушы «Самға» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жобалаушысы — «АДЕМА» ЖШС. Жалпы пәтердің саны отыз. Оның астыңғы бірінші қабаты коммерциялық үй-жайға арналған. Әр пәтер бөлмелері әр түрлі көлемде. Бүгінгі күні нысанның үшінші қабаты толығымен қаланып бітті. Енді шатыры салынса, одан кейін ішкі қабырғаларына әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Нысанды аяқтау мерзімін үстіміздегі жылдың қазан айына деп жоспарлап отырмыз.
– Жалпы, ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды дамуда. Әсіресе, халықтың жылдар бойы күткен аурухана ғимараты салынып жатыр. Бұл нысанның қолданысқа берілуін қай уақытқа жоспарлап отырсыздар?
– Аурухана құрылысы 2023 жылы басталды ғой. Қазіргі уақытта ғимараттың екінші қабаты тұрғызылды. Енді шатыры бар. Ғимаратқа электр желілері, ауызсу мен кәріз жүйесі тартылған. Жылу қазандықтары орнатылып тұр. Осы мерзімде ішкі қабырғаларына әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысан құрылысы ағымдағы жылдың қараша айында аяқталуға тиіс.
– Әбеке, Жезді кентінде 160 орынға арналған дене шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысы басталғанына да біраз уақыт болды. Құрылыстың әлі аяқталар түрі жоқ. Бұл туралы не дейсіз?
– Жезді кентіндегі дене шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталмай тұрғаны рас. Нысан бойынша мердігер «Қарағанды Строй Конструкция» ЖШС жеңімпаз болып танылған. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт негізінде 2020 жылдың шілде айында келісім шартқа отырған.
Қазір ғимараттың қаңқасы тұрғызылып, қасбеті панельмен қапталды. Бірінші және екінші қабаттардың бөлме бөлімдеріне кірпіш қалау жұмыстары жасалынып, жабыны жабылды. Сонымен қатар, ішкі қара сылақ пен әрлеу жұмыстары толығымен жүргізілді. Екінші қабаттағы еденнің бетондау жұмыстары аяқталды. Блок — модульдық қазандық орнатылып, сыртқы жылу трассасы тартылды. Электр желілері де тартылып аяқталды. Таза су – кәріз жүйесі де талапқа сай жасалды. Ғимараттың металконструкциялары сырланып бітті. Есік,- терезелері де орнатылды.
Негізінде, жобаны қаржыландыру жұмыстары республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен жүргізілген. Сәтін салса, нысан құрылысын аяқтауды ағымдағы жылдың қараша айына белгілеп отырмыз.
– Адамның көңілі толатын, құптарлық іс. Аудан орталығындағы Нұртазин, «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы көшелерге жаңа өзгерістер енгізіліп жатқаны. Сырттай қарағанда, кімнің болса да көңілін сүйсінтеді. Осы жасалып жатқан жұмыстар туралы айта кетсеңіз…
– Иә, былтырдан бастап жаңадан салынған үйлерге заман талабына сай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен жылы Нұртазин көшесіндегі 10 коммуналдық тұрғын үйлердің жолдары асфальттанды. Жаяу жүргінші жолдары мен ауланы қоршау жұмыстары жүргізілді. Жарықтандыру, абаттандыру, телефонизация жұмыстары жасалынды. Кіші архитектуралық формалар орнатылды. Биыл дәл осындай жұмыстар «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы көшеге жасалынып жатыр. Бұл жұмыстардың аяқталу мерзімін үстіміздегі жылдың қазан айына белгілегенбіз.
– Ауданда кәріз жүйесі – ең өзекті мәселе болып тұр ғой. Бұған дейін де айтылып, жазылып келе жатса да «жыры» әлі бітер емес. Осыған не дейсіз? Осының жөн-жосығын өз аузыңыздан естісек…
– Ұлытау селосындағы кәріздік тазарту ғимаратының құрылысы бойынша аудандық құрылыс бөлімі 2020 жылы мердігер ұйым «Еңбек – Қарағанды» РМК-мен екі жақты келісім-шарт жасасқан. Негізінде, жұмыс толығымен аяқталған. Алайда, 2022 жылдың күз айында «кәріздік» тазарту ғимараты» нысанның екі насосы істен шыққан, сыртқы қоршаулары құлаған және қалдық жиналатын орыны істен шығуына байланысты құрылыс нысанын біз қабылдамадық. Одан кейін орын алған кемшіліктерді қалпына келтіру туралы мердігер ұйым «Еңбек – Қарағанды» РМК-ға үш мәрте қызметтік хат жолдадық. Енді ақаулары түгелдей орындалса, нысанды қабылдау жұмыстарын жүргіземіз. Осы кезде де толығымен эксплатацияға өткізу жұмыстары жүргізілетін болады. Дәл қазір мердігер ұйымның жұмыскерлері нысанда орын алған кемшіліктерді қалпына келтіруге жұмыстар жасап жатыр. Осы жұмыстар сапалы орындалса, содан кейін қабылдаймыз.
– Қай салада, қай нысанда болсын атқарылатын жұмыстар сапалылығымен құнды ғой. Осы тұрғыдан алғанда, құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуына мән бересіздер ме?
– Әрине, құрылыстың сапалы орындалуын әркез қадағалаймыз. Құрылыстың болашағы сәулетті нысандарымен ғана емес, сапалылығымен ерекшеленеді ғой. Сондықтан біз әрдәйім құрылыстың сапалы орындалуын талап етеміз. Салаға жауапты мемлекеттік мекеме ретінде өзіміз қойған талаптың үдесінен шығу үшін үнемі қадағалап, тынбай еңбек етеміз.
– Әңгімені түйіндер тұста, құрылысшыларды төл мерекесімен құттықтап қойсаңыз…
– Құрылысшы мамандығын игеру оңай емес. Құрылысшының жұмысы – үлкен жауапкершілік. Қашаннан құрылыс жұмыстарына ыждағаттылық, реттілік керек. Сондықтан құрылысшының атқарар еңбегі зор. Бүгінгі мерекеде құрылысшыларды, құрылыс саласының ардагерлерін мерекелерімен құттықтап, отбастарына амандық тілеймін.
– Сауалдарға жауап беруге уақыт бөлгеніңіз үшін үлкен рахмет! Еңбегіңізге жеміс тіледік!
Сұхбаттасқан
Қайрат ЖҰМАБАЙ.