Абаттандыру жұмыстары пысықталды

Ұлытау облысының əлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары шеңберінде Ұлытау ауданындағы Əулиетау тауының етегін жəне Күмісбұлақ пен Тасбұлақ бұлақтарының аумағын абаттандыру көзделген болатын. Осы ісшараларды іске асыру мақсатында нақтылы жұмыстар қолға алына бастады.

Жуырда Ұлытау облысы əкімінің орынбасары Дастан Рыспеков Экология жəне табиғи ресурстар министрлігінің, сондай-ақ «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өкілдерімен бірлесіп, аталған туристік нысандарды абаттандыру мəселесі бойынша көшпелі кеңес өткізді.
Орайы келгенде айта кетейік, қазіргі уақытта аталған нысандардың жаңа кейіптегі эскиздік жобалары əзірленген. Тек сол игі істерді жүзеге асыру күн тəртібінде тұр.

Көшпелі кеңесте Экология жəне табиғи ресурстар министрлігі, Ұлттық табиғи парк, əкімдік жəне «Қазақмыс» корпорациясы арасында осы бағыттағы өзара іс-қимыл тетіктері пысықталды. Көшпелі кеңесте мəлім болғанындай, жоғарыда аталған абаттандыру жұмыстарын келесі жылы жүргізу жоспарлануда. Бұл іс-шаралар жергілікті тұрғындар мен басқа өңірлерден келген туристер үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді, дейді мамандар.
Кездесудің қорытындысы бойынша облыс əкімдігінің тиісті құрылымдық бөлімшелері мен Ұлытау ауданының əкімдігіне қойылған міндеттерді сапалы іске асыру жəне жоғарыда көрсетілген туристік нысандарды абаттандыру жұмыстарын жеделдету бойынша қолдау көрсету жөнінде тапсырмалар берілді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.