Абай үні – заман тынысы

Ұлытау аудандық мəдениет үйінде Абай күніне орай, «Ұлы Дала – ұлы Абай» тақырыбында поэзия кеші өтті. Шараның мақсаты – Абай шығармаларын жас ұрпақтың жүрегіне терең бойлатып, Абайдың жұмбақ əлемінің тылсым сырларына үңілту. «Сөз патшасы – өлең» құдіретін өскелең буынның санасына сіңіру, ғұлама ақынның нақыл сөздерін, философиялық ой-толғауларын насихаттау.

Осы мақсатта ұйымдастырылған шараға аудандық мəдениет үйінің жанынан құрылған «Жазба ақындар жəне көркемсөзді мəнерлеп оқу» үйірмесінің 9-12 жас аралығындағы жеткіншектері қатысты.

Үйірме мүшелері Алдияр Совет, Адина Мақсұт, Нұрайым Ибраһим, Айғаным Данабек, Дария Сəдір, Мейіржан Шарифолла Абай шығармаларынан «Ғылым таппай мақтанба», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Əсемпаз болма əрнеге», «Жазғытұры», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Сабырсыз, арсыз, еріншек» өлеңдерін жатқа оқыса, Жұлдыз Сəдір, Айару Тату, Айым Сəдір жеке дауыста «Сегіз аяқ», «Айттым сəлем, қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай…» əндерін орындады. Сонымен қоса, кеш барысында мерейлі мереке құрметіне Нұржан Сүйінбаев «Мереке» күйін тартты. Əнші Əйгерім Əубəкірова «Көзімнің қарасы» əнін нақышына келтіре шырқады.

Шырайлы шара соңында оқушыларға ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар мен Алғыс хаттар табыс етілді.

Айнагүл ОМАРОВА,

аудандық мəдениет үйінің іс-шара ұйымдастырушысы.