АҚТАҢКЕР

Қарт Ұлытау жамылса ақша қарды,

Еске салар көнекөз ақсақалды.

Тарихыңнан сусындап, мақтан етіп,

Өзіңде өсті қаншама асқақ, арлы!

 

Шежіре шертер көнеден сыршыл атың,

Әр ұлыңа тыстағы тұрсың жақын.

Баурайыңнан нәр алған кешегі ұлан –

70 жасқа толыпты Жүрсін ақын.

 

Жүрсін аға – поэзия ақтаңкері,

Кіндік қаны осы Арқа – тамған жері.

Пейілі аппақ еліңнің құттықтауын,

Өзің туған жеткізер ақпан желі.

 

Атың – асқақ, біз үшін дара тұлға,

Шарықтадың жыр-әлем қанатында.

Дархандықтың тұр, әне, дәлелі боп,

Өзің салған Алла үйі Қарақұмда.

 

Салған жымдай шиырлап айқыш құмға,

Із көрінер тарихта қай тұстан да.

Қайта əкеліп, көтердің мəртебесін,

Қазақтың төл өнері айтыстың да.

 

Түсінер сөз қадірін елміз бүгін,

Қара өлеңнің уызын емізді ұлың.

Қайта оралған қазаққа көп жылдан соң,

Осы айтыс – Жүрсінмен егіз ұғым.

 

Мақтанышпен жыр арнап, əн төгеміз,

Биік болсын Сіз шығар əр төбеңіз.

Елде отыр қалың жұрт өзің көрген,

Көтеріле берсін деп мəртебеңіз.

 

…Бұлдырайды шың басы мұнар құшып,

Бөктеріне ақ мамық тұман түсіп.

Ақын ұлын күтуде, күте берер,

Ұлытаудан кетпесе ұлар ұшып.

Еркін ОРАЛБАЙҰЛЫ.