Ақпарат айдынында – ulytaynews.kz
Абыз қарияның жасы дерліктей тарихы бар «Ұлытау» газеті бүгінгі күнге дейін оқырман сұранысының үдесінен шығып, Ұлт бесігіндегі бірегей ақпарат құралына айнала білді. Әрі қарай да солай болары анық. Дей тұрғанмен, қазір заман талабы – басқа. Тек, қағаз басылыммен ғана шектеліп қалу – тиімсіз. Сондықтан, газет редакциясы аудан әкімінің тікелей қолдауымен мерейтой қарсаңында өз оқырмандарына толымды тарту жасап, ulytaynews.kz ақпараттық порталын іске қосты.
Бір замандарда «Газеттің күні таяу, оның орнын интернет басады» деген пікір басымдық алған еді. Ғаламтордың ауқымы кеңейіп, әлеуметтік желі қоғамның қуатты күшіне айналған сәттен бастап, газет оқырманының саны күрт азайды. Аудандық басылымдарды былай қойғанда, республикалық деңгейдегі алыптардың да таралымы шектелді. Басылымдардың көпшілігі жабылып та қалды. Әйтсе де, мұнымен дәстүрлі БАҚ түбегейлі тұралап қалған жоқ. Қайта шыңдалып, бәсекеге қабілеттілігі арта түсті. Жаңа медианы игеруге деген қызығушылығы артты. Сөйтсек, интернет ел айтқандай газеттің «жауы» емес екен. Керісінше, дәстүрлі БАҚ-ты жаңа деңгейге көтеріп, әлеуетін арттыруға септесетін құрал болып шықты. Бұған дейін өз сайттарын ашып, ашық алаңға шыққан аға басылымдардың қызметі – мұның айқын дәлелі.
«Ұлытау» газеті бұрын аудан тұрғындарын ғана қамтып келді. Рас, туған жердің жаңалығына құлағын түріп, сыртта жүрсе де жаздырып алып оқитын ағайын да бар. Дегенмен, жердің шалғайлығы жағымды жаңалықтың оларға дер кезінде жетуіне айтарлықтай кедергі келтіріп келген еді.
Енді, газет өзінің ақпараттық порталы арқылы ғаламтор кеңістігін игеруге ден қояды. Тиісінше, тамыры тереңге тартқан киелі өңірдің жаңалықтары барша қауым үшін қолжетімді болады.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ