АӘК алушыларға әлеуметтік көмек тағайындау автоматты түрде ұзартылды
2021 жылғы I тоқсанда барлық атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушыларға мемлекеттік инстанцияға жүгінбей, АӘК тағайындауға өтініш автоматты түрде ұзартылды. Бұл шара 106 мың отбасының 525 мыңға жуық адамына қатысты болды.
Көмек көрсетуге алғаш рет өтініш білдірген азаматтар электрондық үкімет порталы арқылы өтініш бере алады. 2021 жылдың басынан бастап алғаш рет АӘК-ке 54,4 мың отбасы немесе 297,9 мың адам жүгінді.
АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% -ынан төмен азаматтарға тағайындалады.
Бұдан басқа, АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірлерінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен (бұдан әрі — әлеуметтік топтама) қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде.
Болжам бойынша 2021 жылдың І тоқсанында 215 мыңға жуық балаға әлеуметтік топтама берілетін болады.
Ағымдағы жылы кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы aleumet.egov.kz әлеуметтік қызметтер порталына толығымен ауыстыру жоспарланып отыр.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша