Ақинақ – сақ сарбазының қаруы
Ғалымдардың пікірінше, Ұлытау-Жезқазған төңірегі біздің заманымызға дейінгі II мыңжылдықтың екінші жартысында қола өндірудің ошағына айналған. Жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан сақтардың тайпалық одағы темір өндіріп, алтын, күміс қорытуды да жетік меңгерген және оны күнделікті тұрмыс-тіршілікте ғана емес, соғыс құралдарын жасауда да мақсатты түрде пайдалана білді.
Сондай cақ дәуірінде қолданылған көне әрі құнды мұраның бірі – бас жағы қос жануар бейнесінде (ақбөкен тәрізді) қоладан құйылған ақинақ, яғни, қысқа қанжар «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығында сақтаулы тұр…
Қанжар сабының ұшы дөңес немесе таяқша түрінде, сабы көбелек қанатына ұқсас, көбіне жүрекше формалы болып келеді. Оның орташа ұзындығы 40-70 сантиметрге дейін болады. Қыны ағаштан жасалып, терімен қапталып, қызыл түске боялған. Белге тағу үшін скиф ақинақтарында қынының ауыз тұсында бір құлағы, ал сақ, сармат тайпаларының ақинақтарында аузы мен түбінде бірдей қос-қостан құлағы болады. Ақинақ белдіктің оң жақ қапталына тағылып, қынының құлақтарындағы қайысбау арқылы байланған.
Кейін бұл қару одан әрі дамытылып, ұзынша келген, екіжүзді семсерлер пайда болған.
Ал, бастары қысқа кесу қарулары – қанжар мен пышақ көшпелі жауынгер үшін соғыста көмекші қаруларға, тұрмыста күнделікті қолданатын құрал түріне айналды.
Гүлден ӘЙТЕНОВА,
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының қызметкері.