Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті — археолог, этнолог, музеолог мамандарын даярлаудың қара шаңырағы
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «жаңа үлгідегі жаңғырудың басты шарты – өз мәдениетімізді, өзіндік ұлттық кодты сақтау» деп атап көрсетті. Осы орайда, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің археология, этнология және музеология кафедрасы маңызды жұмыстар атқаруда.
Археология, этнология және музеология кафедрасы 1971 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің ректоры У.А.Жолдасбековтың ұсынысы бойынша ең алғаш Қазақстанда тарих факультетінде ашылды. Қазіргі таңда республикада және оның сыртқы аумақтарында жоғары маманданған кадрлар дайындау орталығы – археология, этнология және музеология кафедрасы болып табылады. Сол кезде кафедра меңгерушісі болып Қазақстанда танымал археолог А.М.Оразбаев шақырылды. Бұл маманданған кафедраның ашылуына Қазақстандағы этноархеология ғылымның интенсивті дамуы әсер етті. Әсіресе ХХ ғ. екінші жартысында маманданған археологтар мен этногрофтар тарих саласы үшін өте қажет болды. Осы кафедрада университеттегі тарих факультетінің археологиялық және этнографиялық мұражайына негіз болған археология және этнография кабинеті құрылды. Кафедраның құрылған күніннен бастап, оны Қазақстандағы әйгілі ғалымдар басқарды. 1971 жылдан бастап 1974 жылға дейін — т.ғ.к., доцент А. М. Оразбаев, 1974 жылдан бастап 1988 жылдар аралығында — т.ғ.д., профессор У.Х.Шалекенов және 1989 жылдан бастап 2011 жылдар аралығында — т.ғ.д., профессор А.Т.Төлеубаев, 2011 жылдан 2016 жылдар аралығында — т.ғ.д., профессор А.Б. Қалыш, 2016 жылдан 2020 дейін т.ғ.к. Ғ.Қ.Омаров, ал биылдан бастап Ph DР. С.Жұматаев басқарып отыр.
Кафедрада «Археология және этнология», «Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандықтары бойынша жоғары квалификациялы мамандар даярланады және бұл мәселе бүгінгі күннің өзекті талабы болып отыр. Мамандар бакалавр, магистратура, докторантура деңгейі және сырттай оқу бөлімі бойынша оқытылады.
Қазақстан Республикасындағы ұлтаралық қатынастарды үйлесімді түрде реттеу негізіндегі ұлттардың татулығы мен тұрақтылықтың тәжірибесін зерттеу және насихаттауда кафедра ғалымдарының зерттеп жүрген мәселелері және Елбасымыз Н.Назарбаевтың жоғарыда аталған мақаласымен тығыз байланысты. Сондай-ақ, Еуразия аймағындағы ұлан-байтақ Қазақстанның территориясы қола дәуірінен бастап, кейінгі ортағасырларға дейінгі уақытта этномәдени және этносаяси үдерістерге толы болды. Осы орайда, археологиялық және этнологиялық зерттеулер жүргізетін теориялық және практикалық білімі бар жоғары квалификацияланған мамандардың қажеттілігі ұдайы байқалады.
Мамандықтың білім беру бағдарламасы халықаралық стандарттар және нарықтың сұранысындағы өзгерістерге сай үнемі модернизациялануда. Археология және этнология саласы бойынша студенттердің кәсіби білімін бекіту мақсатында Жамбыл облысы Шу ауданында орналасқан «Ортағасырлық Ақтөбе» қалашағы-базасында 3 жыл қатарынан оқу және өндірістік тағлымдамадан өтеді. Мұндай база Орта елдерінің ЖОО деңгейінде кездеспейді. Кафедра студенттері, магистранттары және докторанттары ғылыми зерттеулерге белсенді түрде атсалысады. Олар Ресей, Италия, Голландия, Франция, Германия, Түркия, Жапония, Қытай және т.б. елдердің мамандарымен бірге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бірлескен археологиялық экспедицияларға қатысады.
Қорыта айтқанда, бүгінгі бәсекелестік заманда университетке қойылатын ең басты талаптардың бірі — бәсекеге қабілетті білікті мамандарды даярлау қоғамды рухани жаңғыртудағы өзекті мәселе болып табылады. Осындай білікті мамандарды дайындап жатқан еліміздің ең ірі жоғарғы оқу орны — Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің осы мақсатта атқарып отырған еңбегі зор екендігі айқын.
Құралай БАУДИЯРОВА,
Гүлжан МЕЙІРМАНОВА,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті,
археология, этнология және музеология кафедрасының аға оқытушылары,
тарих ғылымдарының кандидаттары.