Мал індетіне қарсы шара қолданылды

Бұл жайлы Ұлытау облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде Ұлытау облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әбусағит ӘБДІКЕР мәлімдеді. Орайы келгенде айта кетейік, Ұлытау ауданының Мибұлақ ауылдық округіне қарасты шаруа қожалықтарында 60-тан астам сиыр малы қырылған. Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағандының ветеринарлық зертханалары әзірге екі түрлі қорытынды жасап отыр. Фермерлер әртүрлі қорытындылардың кесірінен малдарына тиісті ем тағайындалмағанына шағымдануда.

– Мал ауруы Мибұлақ ауылдық округінің Көктабан-1, Көктабан-2, Тезекбай және Мектеп қыстақтарындағы шаруа қожалықтарынан шықты. Індет тарағалы бір айдың көлемінде 64 бас ірі қара қырылды. Алғашқы дерек 18 маусымда тіркелген. Қазір өңірде мал ауруының алдын алу шаралары жүріп жатыр, – деді Әбусағит Әбдікер.

Малды ауылдан жеткен хабарға қарағанда, аурудың көрінісі барлық сиырларда бірдей. Күйсеуін тоқтатып, іші өтіп, қарны қабырғасына жабысып, арам өліп жатыр. Ал, сауын сиырлар суалып, бірнеше күннен соң арам серейіп қалады.

– Өкінішке орай, індет жайлы хабар бізге кеш келді. Әрине, біз жауапкершіліктен қашпаймыз. Десек те, мәселенің шиеленісуіне шаруалардың өздері кінәлі. Мал өлімінің алғашқы оқиғасы 18 маусымда тіркелгенімен, қожалық иесі ветеринарға шілде айының басында ғана хабарлаған. Осы уақытта ауру өршіп кеткен. Фермерлерге таң қаламыз. Олар 60 мал өлгенше үнсіз отыра берген. Эпидемия алғашқы оқиғадан кейін 18 күн өткен соң жарияланды. Оған дәрі бөлінді. Осы препаратпен 11 күн екпе жасап, емдеді. Ауру жануарлар ветеринар-дәрігерлердің бақылауында. Қазір карантин жарияланды. 30 күн жалғасады. Қажет болса, біз оны ұзартамыз. Осы ретте мына мәселеге ерекше тоқталуды жөн көріп отырмын. Құзырлы орындардың шешімімен өңірдегі «Көктабан» қыстағында ғана карантин жарияланып, шектеу қойылды. Біз осы шаруа қожалығына қатысты барлық іс-шараларды орындаймыз. Дезинфекция, вакцинация, емдеу – мемлекет есебінен. Материалдық база, дезинфекциялық құралдар, дезинфекция жүргізу – бәрі біздің есебімізден. Шектеу қойылған аймаққа арнайы эпизот отряд бара жатыр, – деді Әбусағит Түгелбайұлы.

Сөз басында айтылғандай, облыс және аудан ветеринарлары патологиялық-биологиялық сынамалар алып, Нұр-Сұлтан мен Қарағандыға жіберген. Екі тараптан екі түрлі диагноз келген. Бірі инфекциялық ауру – ринотрахит деп қойса, ал екіншісі – кенеден тейлериоз жұқтырған деген қорытынды шығарды. Ал бұл аурулар өтемақы төлеуге жатпайтын санаттан екен.

«Мал ашуы – жан ашуы» дейтін қазақпыз ғой. Ел ақ адал малы қынадай қырылып жатқанда мамандардың дәрменсіздік көрсеткніне ренжулі. Мұны басқарма басшысының міндетін атқарушы мойындап отыр. Кезінде жауапсыздық пен салғырттық салдарынан Жезқазғандағы ветеринариялық зертхана жекеменшікке өтіп кеткен. Сол себепті патологиялық-биологиялық сынамаларды Қарағанды, Нұр-Сұлтан қалаларына тасымалдауға мәжбүр болып отыр.

Брифингте журналистер, қоғам белсенділері мен блогерлер өңірдің бас ветеринарына өздерін толғандыратын сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

– Егіп-емдеу мәселесі, негізінен, шаруа қожалықтары иелері мен жекеменшік мал иелеріне тікелей қатысты. Әр адам өзінің меншік малын өзі ақша шығарып емдеуі, егуі қажет. Ал, мал басы көп шаруа қожалықтыры жеке ветеринар-дәрігер ұстаса да артықшылық етпейді. Бұл қазір тәжірибеде бар. Мысалы, өңірдегі іргелі шаруа қожалығының иесі А.Мулаховтың жеке ветеринар-дәрігері бар. Әрім меншігіндегі малын жылына екі рет ектіріп отырғаны жөн. Бұл – кез-келген інтеттің алдын алу шарасы.

«Ветеринар-мамандар – жоқтың қасы, жетіспейді. Оны жасырмаймыз. Бұл мамандыққа жастар барғылары келмейді. Еңбекақы көлемі – төмен. Ал, қазіргі жүрген мамандарды арнайы курстарда оқытып, біліктілігін арттырып отыру қажет-ақ. Дәрігерлер, мұғалімдер сияқты. Бірақ, ондай мүмкіндік бізде қарастырылмаған, – деді басқарма басшысы.

Әбусағит Түгелбайұлы зертханаға қатысты да байыпты жауап берді. Жекеге өтіп кеткен зертхананың сатылу заңдылығын тиісті құзырлы орындар анықтайтынын, ал, бүгінгі күні жаңа зертхана ашу үшін Жезқазған, Сәтбаев қалаларынан қолайлы ғимарат іздестіріліп жатқанын жеткізді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ