Мәдениет майталманына құрмет көрсетілді

Жезді кенті мәдени-сауық орталығының қызметкері, «Көңілашар» драма үйірмесі мен «Көркемсөз шеберлігі» үйірмесінің жетекші-тәлімгері Шахмаран ЫСҚАҚОВ 70 жасқа толды. Өткен аптаның соңында Жезді кентіндегі Мәдениет үйінде өнер майталманының осы мерейтойы «Өнерім – өмірім» тақырыбы телінген айшықты шарамен аталып өтті. Оған кенттегі мәдени-сауық орталығының қызметкерлері мұрындық болды.

«Сүйген істің – сүйініші көп» дейді халық даналығы. Шахмаран Ысқақовтың бүгінгідей елдің құрметіне бөленуі – сол көп жылғы абыройлы еңбегінің, өнер жолындағы өрелі істерінің жемісі. Ал, соны әділ бағалап, дәл осындай құрмет көрсетілуі ұжымның, оны басқарып отырған азаматтың көрегендігі десек болар. Бұл тұрғыда Жезді мәдени-сауық орталығының директоры Айтбек Бейсенбаевтың атына айтылар алғыс зор. Оған сәл кейінірек арнайы тоқталатын боламыз. Ал, әзірге…

«Сүйген істің – сүйініші көп» дейді халық даналығы. Шахмаран Ысқақовтың бүгінгідей елдің құрметіне бөленуі – сол көп жылғы абыройлы еңбегінің, өнер жолындағы өрелі істерінің жемісі. Ал, соны әділ бағалап, дәл осындай құрмет көрсетілуі ұжымның, оны басқарып отырған азаматтың көрегендігі десек болар. Бұл тұрғыда Жезді мәдени-сауық орталығының директоры Айтбек Бейсенбаевтың атына айтылар алғыс зор. Оған сәл кейінірек арнайы тоқталатын боламыз. Ал, әзірге…

– «Ақыл көпке жеткізер, өнер көкке жеткізер» деген тәмсіл бар. Шын мәнінде, өнерімен өрге жүзгеннің өресі биік болары хақ. Өйткені, мәдениеттің ең биік өлшемі – бар жақсылықтың бастауы екені сөзсіз. Сондықтан мәдениет саласының маманы, өнер адамы өркениетті өмірдің басты тұлғалары болып саналады. Міне, біздің Шахмаран аға да сол өнерімен биік белестерді бағындырып жүрген жан. Кентіміздегі Мәдени-сауық орталығы жанындағы «Көңілашар» драма үйірмесі мен «Көркемсөз шеберлігі» үйірмесінің жетекші-тәлімгері бола жүріп, өнерлі өрендер тәрбиелеуде үлкен істер атқарды. Шахмаран аға кентіміздің ғана емес, тұтас Ұлытау ауданының, тіпті, Ұлытау облысының намысын қорғайтын дарынды жастарды тәрбиелеп жүрген тұлға. Біз мұны мақтанышпен айта аламыз, – деген кент әкімі мерейтой иесіне жылы лебізін білдіре келіп, Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етті.

Келесі кезекте Шахаңның әріптесі һәм құрдасы, кешегі аңыз болған «Жезді жұлдыздары» ән-би ансамблін құрушы және белді мүшесі болған Сара Айсақызы сахнаға шығып, құрдасына ақжарма тілектерін әзілмен әспеттей жеткізді.

– Өнердің жолы – ауыр жол. Оған келген адам қайта шыға алмайды. Оның дәлелі – мына Шахмаран екеуіміз. Біз – бір жылдың төліміз. Екеуміз де биыл 70-тің айдынына желкенімізді жайып отырмыз. Бірақ, өнерден әлі қол үзіп кете алмай жүрміз. Кетпегеніміз де жөн шығар. Кетсек – күйреп қалармыз, – деп сөзінің соңын әзілге бұрған Сара әнші өз сөзін әсем әнмен жалғады. Жанды дауысты шыққан саф алтындай таза әуен сахнаны жаңғыртып, зал ішін кернеп кетті. Тума талант деген осындай-ақ болар. Мына дауысты сырттан естіген жан болса, оның иесінің 70-ке келгеніне, әсте, сенбес еді. Жұртшылық сүйсіне қол соқты.

Орайы келгенде айта кетейін, аталмыш айшықты шараға осы жолдардың авторы да арнайы барып, қатысып, әріптес жайлы әсерлі әңгіме айтты. «Әріптес» деп әспеттеп отырғанымның да өзіндік сыры бар.

Жалпы, Шахмаран Ысқақов кім? Шахаң – ең бірінші журналист. Сосын барып – режиссер һәм тәлімгер.

Журналист деп отырғаным, оның еңбек жолы осы саладан басталды. Сонау жетпісінші жылдардың басында Ұлытау Жезді ауданынан бөлініп шығып, жеке аудан болып шаңырақ көтерді. Аудандық партия комитетінің органы ретінде 1973 жылы «Ұлытау өңірі» газеті ашылды. Ал, 1974 жылы Шахаң осы газетке тілші болып келді. Ол осы басылымда бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары секілді қызмет сатыларымен өрледі. Жаңа ауданның тыныс-тіршілігі, қалыптасу кезеңі, еңбек адамының өмірі мен жетістіктері жайлы мақалалар мен очерктер жазды. Сол кездегі әлеуметтік саладағы, мәдениет пен медицинаға қатысты өзекті мәселелерді дер кезінде көтеріп, орайы келгенде оңдырмай сынады да…

Шахмаран Мұқанұлы – талантты режиссер. Редакцияда қызмет ете жүріп, аудан орталығындағы өнерлі жандардың басын біріктіріп, драма үйірмесін құрды. Кейін аудандық мәдениет үйіне режиссер қызметіне ауысып, «Ажар мен ажал», «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті», «Еңлік-Кебек» сияқты трагедия, драма, комедия жанрларын қамтитын бірнеше спектакльдер әзірледі. Оның бәрі көрермен көңілінен шықты. Кәсіби театрлардың қойылымынан кем түскен жоқ. Тіпті, Алматыдан арнайы комиссия келіп, «халық театры» атағын беруге құжаттарын алып кетті.

Бірақ, өмірдің жолы, оның ішінде, өнердің жолы бірыңғай даңғыл бола бермейді ғой. Әлдебір себептермен ол атақ берілмей қалды. Жоғары жақтағыларға көңілі қалды ма, Шахаң да режиссерлікті қойып, қайтадан жазу столына отырды.

«Өнерім – өмірім» атты салтанатты шарада Шахмаран Ысқақовтың өмір жолына арналған осындай әңгімелер де айтылды. Соның бірін сонау Сарлықтан арнайы келген Шахаңның шәкірті һәм әріптесі Аманкелді ауылдық клубының қызметкерлері Батырлан Ерғалиев пен Айжан Саханова жырдай етіп айтты.

«Өнер мен мәдениеттің дәмін көріп, рахатын сезіне алған адамға бұдан артық байлық керек емес» деген екен Антон Чехов. Әулие екен дейсің де. Мәдениеттің мәйегімен сусындаған Шахмаран Мұқанұлы бәрібір өнерден жырақ кете алмады. Өзі оқып, өскен Аманкелді атындағы ауылға барып, сондағы халық драма театрына режиссер болып қызметке кірісті. «Мәди», «Жаралы гүлдер», «Боран» спектакльдерін сахналап, ауыл мәдениетінің өше бастаған отын қайыра маздатты. Бұл қайта құру кезеңінің соңы мен тоқыраудың бастапқы тұсы еді.

– Ол кезде ауылдардың, оның ішінде ауыл мәдениетінің халі өте мүшкіл еді ғой. Міне, сол аласапыран уақытқа дөп келген Шахаң ауылдың өнерлі деген азаматтарын шақырып, «Әй, ұлдар, мына жабырқаған жұрттың көңілін көтеретін бірдеңе істейік те. Мерекелер бар. Тым болмаса концерт қойып, өлең айтайық» деп үгіттейтін. Концерт біткен соң «Әй, менің қырандарым, жарадыңдар. Қалықтадыңдар, қалықтаттыңдар елді. Рахмет!» деп арқамыздан қағып шығарып салатын. Түсінеміз. Еңбегіміз үшін қолында болса бергісі келіпақ тұр. Бірақ жоқшылық қолын байлап тастаған. Біз де ағаның бір ауыз «Рахметіне» арқаланып тарап жататын едік.

Сол жылдары Шахаң маған «ауыл клубына жұмысқа кел» деп шақырды. «Жағдай осылай бола берер деймісің. Түзелер. Ал мәдениетсіз ел – тұл. Кешегі осы ауылдың сахнасының сәні болған аға-апаларымыздың аруағы тебіренбесін. Мәдениетін көтерейік» деді. Мен құп алдым. Міне, содан бері осы салада тер төгіп жүрмін, – деп ағынан жарылған Батырлан ағасына Алғыс хат ұсынып, иығына оқалы шапан жауып, басына құндыз жиекті бөрік кигізді. Әрине, әуелеген дауыспен әуезді әндер де шырқап, тамаша термеден тарту жасады.

Мана, әңгіменің басында «мұндай істі ұйымдастыра білу де көрегендік» дегенді айтып едім. Енді соған оралайын. Жалпы осы істі ұйымдастырған Жезді кенті мәдени-сауық орталығының директоры Айтбек Бейсенбаевтың атына кеш барысында толассыз алғыс айтылды. Ол да жөн. «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» демей ме атам қазақ. Азаматы 70 жасқа толып жатқанда кабинетте құттықтай салмай, ел алдына шығарып, арқа-жарқа атап өтудің өзі үлкен іс. Абыройлы шаруа.

Жалғыз бұл емес, Шахаңның осы Жездіге қоныс аударуына да осы Айтбек Сапарұлының ықпалы аз болмаған сыңайлы. Оны әріптес ағасын құттықтау барысында ұжым басшысы ақтарыла айтты.

– Өңір мәдениетінің дамуына үлес қосып келе жатқан Шахмаран Ысқақов туралы айтылар әңгіме көп. Оның тәрбиелеген шәкірттері әр жылдарда әртүрлі байқауларда топ жарып, биік белестерден көрініп келеді. Өнер әлемінде өзіндік талантымен дараланған жан Жезді кенті көлеміндегі қай шараны болсын жоғары дәрежеде ұйымдастырып отырады. Әнебір жылдары кенттегі өнерлі жастардың басын біріктіріп, Ауған қасіретін, теріс ағымдардың жетегіне ерген жастардың ауыр халін бейнелейтін қойылымдар әзірлеп, жезділіктердің қошеметіне бөленді. Оның аудан мәдениетін дамытудағы еңбегі зор. Адам жанын елжіретер түрлі сахналық қойылымдардағы актерлік шеберлігі де жоғары. Үнемі көрермен ықыласына бөленіп келеді.

Осылардың бәрін көргенде мен Шахаңды Жездіге шақыруда қателеспегенімді ұқтым. Ілгеріректе, Ұлытауда өнер байқауы болды. Сол жерде мен Шахмаран ағамен алғаш жүздескен едім. Оған дейін ағаның өнердегі жетістіктерін естіп жүретінмін. «Осындай бір дарыны мен қарымы бар адам бізде де болса ғой» деп ойлаушы едім. Сол жолы Шахаңа «Жездіге келіңіз. Барлық жағдайды жасаймын, үй де болады» дедім. Шахаң «ойланайын» деп қалды. Кейін, ұсынысымды қабыл алғанын айтып хабар жіберіпті. Мекеменің машинасымен екі-үш рейс жасап, Шахаңды ойынан айнып қалмай тұрғанда көшіріп алдым. Енді міне, соның жемісін ел болып көріп жүрміз. Кентіміздің дарынды ұл-қыздары еліміздің әр түпкіріндегі байқауларға қатысып топ жарып жүр. Бұл біздің мерейіміз, – деп сөзін түйіндеген Айтбек Бейсенбаев ағасына сый-сияпатын жасады.

Бұл күні Шахмаран Мұқанұлының атына айтылған ақжарма тілектерде толас болған жоқ. Шахаңның алыс-жақыннан келген қарындастары мен келіндері де сөз алып, кешті ұйымдастырушыларғы алғыстарын жеткізді. Ән мен жырдан шашу шашылды. «Өмірім – өнерім» кешін мәдени-сауық орталығының әдіскері Алма Сарықызы жүргізіп, шараны өзінің әуезді әнімен түйіндеді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ