Майталман токарь
2007 жылы Қарсақбай металлургиялық зауытының құю-механикалық учаскесіне токарь болып орналасқан Жангелді ƏЛИАКПАРОВ осынау жауапты мамандықтың иесі боламын деп ойлаған да жоқ еді. Ал қазір өз өмірін токарь станогынсыз елестете алмайтын сияқты.
Өндірістен, оның ішінде токарьлық мамандықтан еш хабары жоқ Жангелді зауыттың механикалық цехына келгенде өзін адам аяғы баспаған аралда қалғандай сезінген. Дес бергенде бұған Серік Аманқұлов сынды өз ісінің білгірі тəлімгер болды.
– Марқұм Секең нағыз шебердің шебері еді ғой. Ол кісінің үйреткенін анау-мынау училище оқытушылары үйрете алмас еді. Бір жыл мені токарьлық кəсіптің қыр-сырына үйретті. Қазір соның рахатын көріп жүрмін, – дейді Жангелді өзінің ұстазы жайлы ағынан жарылып.
Бір қызығы, Жангелді токарьлық мамандықты жұмыс істеп жүріп оқып, бітіріпті. Негізгі білік жұмыс үстінде жинақталса керек. Оның үстіне цехтағы станоктардың бəрі кешегі ағылшын алпауыттарының көзін көрген дүниелер. Бір ғажабы, осы күнге дейін тоқтаусыз жұмыс істеп келеді.
– Колледжге оқуға барғанымда менің қандай станокта жұмыс істеп, үйренгенімді естіген мұғалімдер шын таң қалған еді. Жалпы, жұмыс істеу процесі ұқсас болғанымен, көне станоктың өзіндік ерекшеліктері бар. Заманауи станоктарда біздің станокта бар мүмкіндіктер жоқ. Мұның өзі біздің жонған бұйымдарымыздың сызбамен дəлме-дəл шығуына кепіл. Сондықтан болар, біздің құю-механикалық учаскесінің бұйымдарында брак болған емес, – деп те марқайып қояды Жангелді.
Жиырма жылға жуық бір салада еңбек етіп, мол тəжірибе жинақтаған жігіт еңбекте де табыссыз емес. Металлургтердің төл мерекесінде есімі жыл сайын озаттар қатарында аталып келеді. Бірнеше мəрте түрлі марапаттарға да ие болды. Бұл əрине, өз ісінің майталманы атанған Жангелді Əлиакпаровтың еселі еңбегінің жемісі.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ
Суретте: токарь Жангелді Əлиакпаров (сол жақта) əріптес ағасы Оразай Жанəділовпен бірге.