Елімнің жүрегі – Елорда
Енді санаулы күндерден кейін еліміздің жүрегі – елорда күні аталып өтпек. Биыл 24-рет аталып өтетін бұл мейрам Қазақстанда мемлекеттік мереке саналады. Осынау торқалы той қарсаңында біз мерекенің шығу тарихы мен Елорданың құрылуы, қалыптасуы жайлы қысқаша əңгімелегенді жөн көріп отырмыз.
АСТАНА ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ?
1991 жылы Қазақстан тəуелсіздігін алғаннан кейін, ел астанасын оңтүстіктен орталыққа қарай көшіру мəселесі көтерілді. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен елдің жаңа астанасын орналастыруға оңтайлы қаланы анықтау мақсатында республиканың бүкіл аумағы мұқият зерттелді. Талдау қорытындылары барлық нұсқаның ішінен ең қолайлысы Ақмола қаласы екенін көрсетті. Бұл туралы Елбасы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында былай деп еске алады:
«Ақмола Қазақстанның географиялық орталығы деуге болатын, Қазақстан экономикасының өрлеуінде жетекші де өскелең нүктелері болып отырған маңызды шаруашылық өңірлерге жақын орналасқан. Қала ірі көліктік арналардың қиылысында, тоғыз жолдың торабында тұр. Бұдан басқа, қала Қазақстан үшін көптеген шет елге шығудың мейлінше төте жолы – трансеуроазия арналарына таяу қоныстанған».
Иə, Қазақстанның заманға лайық жаңа астанасын салу идеясы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі екені баршаға аян. Қазақстанның Жоғарғы кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде Назарбаевтың ұсынысымен елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдайды. Араға үш жыл салып, 1997 жылы 20 қазанда Елбасы астананы ауыстыру туралы жарлыққа қол қояды. Осы құжатқа сай Ақмола Қазақстанның астанасы құқығын 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап иеленді. Деректерге сүйенсек, елорданы ауыстыру туралы шешім қабылданған кезде, Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) халқының саны 290 мыңдай ғана болған екен.
Жаңа астананың ресми тұсаукесер тойы 1998 жылдың 10 маусымына белгіленді. Бұл күн 2006 жылға дейін астананың туған күні ретінде мерекеленіп келді. Кейінірек парламент депутаттары заңға тиісті түзетулер енгізіліп, мемлекеттік мейрамның датасы 6 шілдеге ауыстырылды.
АСТАНА АТАУЫ ҚАНША РЕТ ӨЗГЕРДІ
Алғаш қала 1832 жылы Есіл өзенінің жағасындағы Қараөткел шатқалында Ақмола бекінісі негізделгенде пайда болды. 1863 жылы Ақмола ресми түрде округтік қала ретінде жарияланып, 1960 жылы еліміздің солтүстік облыстары кіретін тың өлкесінің орталығы болды. 1961 жылға дейін ол Акмолинск, 1961 жылдан 1992 жылға дейін Целиноград, ал 1992 жылдан бастап 1998 жылға дейін Ақмола аталып келді.
1998 жылы 6 мамырда президент жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді. Сол жылдары елорда атауына қатысты түрлі ұсыныстар айтылған еді.
«Бір жолы түнде, дəлірек айтсам, сағат түнгі екіде Астана деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені. Астана дегеніміз астана! Қазақша əдемі естіледі. Қысқа да нұсқа, əуезді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық жəне айқындық реңк бар. Астана! Біздің жалпы көңіл ауанымызды жəне астананы көшіруден күтерімізді бейнелейтін өте ауқымды əрі қысқа ұран сияқты. Бірақ бұл атауды қазақша пайдаланудың жаңылтпаш сияқты өзіндік ерекшелігі болғалы тұр. Мысалы, астанамыз Астана! Бірақ, əлемдік тəжірибеде мұндай да мысалдар жетіп артылады. Мысалы, Бразилияның астанасы Бразилиа. Міне, осылай! Сөйтіп, түн ортасында келген ой – Қазақстан астанасының жаңа атауы Астана көкейге біржолата ұялады», — деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев «Еуразия жүрегінде» атты кітабында.
Дəл сол күні Астана қаласында Сарыарқа жəне Алматы аудандарын құру туралы жарлық шықты.
2019 жылдың көктемінде елорда атауы тағы өзгерді. Қазақстанның екінші президенті 2019 жылы 20 наурызда ұлықтау рəсімінде ел астанасын республиканың тұңғыш президентінің құрметіне Нұр-Сұлтан деп атауды ұсынды. Тоқаевтың бұл ұсынысын парламент пен қалалық мəслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Осылайша 23 наурызда мемлекет басшысы тиісті жарлыққа қол қойды.
Елорданың жаңа атауы – Нұр-Сұлтан дефис арқылы жазылатын болды. Қаланың атауы қазақ тілінен алынған, «нұрдың сұлтаны» деген мағына береді.
АСТАНА КҮНІ ҚАЛАЙ ТОЙЛАНАДЫ?
Астана күні бүгінде жалпыхалықтық мейрамға айналды. Бұл мерекені еліміздің əр өңірі ерекше атап өтеді. Мерекелік концерттер, көрмелер, халықтық серуендер ұйымдастырылады. Бұған қоса, 6 шілде күні қазақстандықтарға бір күн демалыс беріледі.
Нұр-Сұлтанда мейрам қарсаңында басталатын шаралар айдың соңына дейін жалғасады. Мереке күндері алыс-жақын өңірлерден қонақтар ағылады.
Бұл күндері түрлі концерттер, спорттық сайыстар, халықтық серуендер, фестивальдер өтеді, жас жұбайлар некесін қидырады. Мереке соңы дəстүрлі отшашумен аяқталады
Ізбасар ОЙБАС.