Азамат туралы сөз

Кешегі кердең Кеңес заманында тізгіні өзінде сияқты көрінгенімен «бодандық бопсалаудан» сыңарезу болған, ұлдарының дарынын паш етіп, көрсете алмаған халық едік. Ұлттың дүлдүл жақсылары аз болмағаны анық, солардың есімдері мен еңбектерін бүкпесіз айту мүмкіндігі ел Тәуелсіздігін алғаннан кейін туды. Олардың өнегелі ғұмыры – ұрпаққа өшпес ғибрат. Шүкіршілік, жақсылардың ізін басқан жайсаң жігіттер арамызда бүгінгі күні де бой көрсетуде. Солардың бірі – қайраткер тұлға, білікті заңгер, өрелі журналист-зерттеуші Жұмағұл ШӨЖЕНОВ.

Осы азаматқа жолыққанда өз басым баяғының билері мен батырларын елестетемін, ол маған бағзы күндердегі бабалардың көзі сияқты көрінеді де тұрады.

Жұмағұл қаршадайынан елгезек, біреуге көмек көрсетуге пейілді болмыс иесі болды. Сол қасиеті есейе келе еселене түсті, енді халқына пайда келтіруді мұрат тұтты. Заңгерлік ғылымның тұтқасын ұстады, үнемі жетімсіз бен мұқтажға ара түсті. Жазу өнеріне машықтанып, тарихты зерделеуге зейін қойды. Саржан, Кенесары, Наурызбай бастаған ұлт-азаттық соғысының қаһарманы Ақжолтай Ағыбай батыр туралы «Ақжолтай Ағыбай батыр», «Ақжолтай Ағыбай батырдың биліктері» атты деректі кітаптар жазып, оқырман ықыласына бөленді. Ол – «Бегалы би», «Көпбай қажы», «Есберген болыс», «Боранқұл батыр», «Дарабоз күйші Әбікен Хасенов», «Ер Таңыбай» тарихи очерктерінің де авторы.

Ілкімді ізденіс нәтижесінде 2010 жылы «Арғын-Қаракесек-Кәрсөн-Аралбай» тарихи-шежіресін әзірлеп, жарыққа шығарды. 2013 жылы жарық көрген Қарағанды облысы, Шет ауданы энциклопедиясының редакция алқасы құрамында болды. 2010 жылы жұртшылыққа «Аңызға айналған ақиқат», ал 2019 жылы «Ақжолтайдың ақ жолы» тарихи еңбектерін ұсынды.

Қайраткерлігі қапысыз Жұмағұл ініміз кездескен кедергілерге қарамай, өзі тікелей  мұрындық болып, Ақжолтай Ағыбай батырдың ұлтқа сіңірген еңбегін дәріптеуге арналған біршама игі іс-шараларды орнықты атқарды. Атап айтқанда, 1998 жылы Балқаш қаласында «Ағыбай батыр» қайырымдылық қорының құрылуына ұйытқы болды. Осы қордың бастамасымен 2002 жылы Қарағанды облысында қазақтың соңғы ханы Кенесары бастаған ұлт-азаттық күресінің бас қолбасшысы, өзі көсем, өзі би Ақжолтай Ағыбай батырдың 200 жылдық мерейтойы аталып өтті. Той қалың бұқара мен батырдың ұрпақтары жинаған қаражатына ұйымдастырылып, өте жоғарғы деңгейде өтті.

Ал, 2007 жылы Балқаш қаласындағы Ақжолтай Ағыбай батырға арналған еңселі ескерткішті Елбасының өзі келіп ашты. Баһадүрдің кесене-күмбезі екі рет күрделі жөндеуден өтіп, іргесінен қонақ күтетін екі үй бой көтерді. Осы жауапты іс-шаралардың басы-қасында Жұмағұл ініміздің өзі жүрді.

Қаламы төселген азамат дуалы ауыз би-шешендер, сот-құқық саласындағы реформалар, сот жүйесіндегі өзекті мәселелер туралы мерзімді баспасөзде тұрақты түрде мақалалар жариялап тұрады. Екі мақаласы академик С.Зимановтың басқаруымен жарық көрген, өте құнды «Қазақтың ата заңдарының» ІX-X томдарына кірді. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Арқа өңірінде Кеңес үкіметімен күресіп өткен Боранқұл батыр есімді кісі болған. Сол үшін қуғынға ұшыраған оның атын айтуға қатаң тыйым салынған еді. Жұмагұлдың бойындағы туабітті асыл қасиеттер Арқа жұртының ардақтылары – Қаракесектің бір бұтағы Есберген Садырбаев пен Көпбай болыстан (өзі қазы), жаңағы Боранқұл батырдан дарыған болуы тиіс, өйткені ол – солардың тікелей ұрпағы..

Кейіпкерім мемлекеттік қызметте жүріп, сан рет қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Алдына мұң-мұқтажын айтып келген адамдардын «күңіреніп кеткенін» ешкім көрдік демейді. Өйткені Жұмағұл – ауылдың тар аясындагы адам емес, үлкен жүректің иесі, ұлтын сүйген ұл.

Жұмағұл Нығметұлы халқының ән-күйлерін жасынан тыңдап өсті. Ауылдас аталастары – Қыздарбек, Мақаш, Әбді, Сембек, Әбікен, Бегімсал, Дәулетбек күйлерінің ерекше сарыны, ағасы Сыдық Мұхамеджановтың әндері мен симфониялары бозбаланың жүрек тербеп, ерекше әлдилейтін еді. Өзі де ағаларына еліктеп, белгілі сазгер, досы әрі ауылдасы Наурызбай Бейсекеевпен бірге «Тасарал вальсі», «Ақ әже», «Астана – гүл қала», «Ағжаным», «Бақытты бол, жаным» және «Жан апа» әндер шығарды.

Балқаш көлінің жағасында туып-өсіп, текті ортада ержетіп, қасиетті Сарыарқада қызмет атқарған Жұмағұл бүгінгі күні кемел азамат.

Бұқар жырау атындагы қазақ-түрік лицейін және Шанхай университетін (Қытай) үздік бітіріп, қазір Елордада жауапты қызметтегі ұлы Данияр бес тілді меңгерген. Ал Нұр-Сұлтандағы Назарбаев зияткерлік мектебін үздік бітіріп, Шанхай университетінде білім алған, қазір Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқаратын қызы Ағжан да бірнеше тілде еркін сөйлеп, қазақ күйлерін шебер орындайды. Таяуда, Ағжан Жұмағұлқызы Президент Жарлығына сәйкес, «Халық алғысы» медалімен наградталды. Аллаға шүкір, немересі Дарын таудай жігіт болып, өсіп келеді.

Жұмағұл Шөженов Сәтбаев қалалық сотының судьясы, Балқаш қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы, Нұра аудандық сотының төрағасы қызметтерін абыройлы атқарды. Қазір Қарағанды қаласы Қазыбек  би аудандық сотының судьясы болып жемісті еңбек етуде.

Осынау шағын жазбамның кейіпкері Жұмағұл Шөженов өзі заңгер бола тұра, туған халқының этнографиясын, салт-дәстүрін, ғұрпын, тарихын, әдебиетін, саз-күй өнерін бойына сіңірген азамат. Тағы бір тағылымды қыры – туған ауылы Тасаралға, сондағы мектепке үзбей қамқорлық жасауы. Ол ауылдың іргесі қаланғанына 90 жыл және алтын ұя – білім ошағының құрылғанына 85 жыл толуына байланысты ұйымдастырылған мерейтойдың жоғары дәрежеде өтуіне де көп еңбек сіңірді.

Асылтекті азаматтың іскерлік қабілеті лайықты бағаланып, Президент Жарлығы негізінде «Қазақстан Контитуциясына 25 жыл» медалімен наградталды. Сот жүйесіндегі мінсіз еңбегі, сот төрелігін жүзеге асырудағы жоғары көрсеткіші, белсенді қоғамдық қызметі үшін «Үш би» Құрмет белгісімен марапатталды. Бұлардан тысқары, Халықаралық қазақ творчестволық «Бейбітшілік әлемі» бірлестігінің «Ұлт мақтанышы», ҚР Ардагерлер кеңесінің Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр  шапағаты»  медальдарының иегері.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, Қарағанды облыстық соты және Қарағанды облыстық кітапханасының ұйымдастырумен облыс орталығындағы «Достық» үйінде Жұмағұл Шөженовтің 60 жасқа толуына орай, тарихи-деректі «Ақжолтайдың ақ жолы» кітабының таныстырылымы мен шығармашылық кеші өтті.

Бабам қазақ «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп бекер айтпаған. Ал түптеп келгенде, бұл мақаланың мақсаты – елінің ертеңі үшін жүрегі сыздайтын азаматтың өнегесін кейінгі буынға үлгі ету.

 

Мұхамедқали БАЙМҰХАНОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

ҚР Мәдениет қайраткері.